Бұл ойын Ақсайдағы «Қарашығанақ» стадионында өтті. Жылдың осы мезгіліндегі өкпек желдің екпіні күшті болды. Алаң бұрышындағы жалау ілінген қадалар да иіліп, теңселіп тұрды. Бәрінен де айып соққысын орындағанда және қақпашылар допты ойынға қосқанда қиын болды. Тағы бір ойыншы келіп, аяғымен басып тұрмаса, доп бір орында тұрмайды.
Бірінші таймда қонақтар желге қарсы ойнап, алаң иелері жел бағытымен шабуылды үдетті. «Шахтердің» ойыншылары «Ақжайықтың» қақпасына жете алмады, десек те болады. 45 минутта саусақпен санап аларлықтай шабуыл ұйымдастырды. Көбінесе оралдықтардың орап «соққан» шабуылдарын тойтарумен болды.
Ал «Ақжайық» бірінші таймда бір-ақ гол соқты. Берік Шайыхов қонақтардың қорғаушысы тепкен допты алаңның ортасындағы шеңберге жақын тұстан іліп алды да, алға қарай құстай ұшты. Жан-жағынан қаумалаған төрт қорғаушыға ие бермей, допты шиіре тепті де, қақпашыны да қапы қалдырды. Гол!
Екінші таймда командалар қақпа ауыстырып, енді «Ақжайық» желге қарсы ойнады. «Шахтер» болса, алаң иелерін қыспаққа алып, шабуылды үдетті. Әрі бір гол соғып, таразы басын теңестірді. Александр Володько пәрменді соққысымен алаң иелерін сан соқтырып кетті.
Өкпек жел үздіксіз соғып тұрған ашық алаңда футбол ойнау оңай емес, екі команданың да ойыншылары титықтап қалды. Бұдан әріге шамалары жетпеді. «Ақжайық» өз алаңында өткен биылғы ел чемпионаты аясындағы ойында бірінші рет жете алмаса, «Шахтер» алтыншы рет ұтылмай, үшінші рет қатарынан тең түсті.
«Ақжайық» – «Шахтер» – 1:1 (1:0)
Голдар: Шайыхов, 26 (1:0). Володько, 55 (1:1).
Ескертулер: Ткачук, 28. Боровик, 77. Суботич, 84.
«Ақжайық»: Боровик, Шайыхов, Басов, Сапанов (к), Хайыров, Ткачук, Тапалов, Ерсәлімов, Худобяк, Антипов (Мане, 71), Эсеола (Покатилов, 88).
Қосалқы құрам: Ткачук, Сәкенов, Оралбай, Омаров, Болатов.
«Шахтёр»: Шацкий (к), Мужек, Ткачук, Күлбеков, Габышев, Володько, Стоянович, Мигунов, Шахметов (Наджарян, 84), Шафф (Өміртаев, 74), Суботич.
Қосалқы құрам: Дүйсен, Кояшевич, Вух, Тарасов, Пасичник, Пикалкин, Мангуткин.
Төрешілер: Измайлов, (Талдықорған), Айжігітов (Қызылорда), Филипчук (Шымкент).
28 сәуір, 2018. Ақсай, «Қарашығанақ». 800 көрермен.