Вернуться к списку статей

ҚФФ ел футболын дамытудың жаңа бағдарламасын таныстырды

Футбол
1K
ҚФФ ел футболын дамытудың жаңа бағдарламасын таныстырды
Қазақстан футбол федерациясының Кезекті ХVІІ конференциясы өтіп, көпшілікке ел футболын дамытуға бағытталған «Вперед, футбол! Алға, Qazaqstan» бағдарламасы таныстырылды.

Бүгін Қазақстан футболының бейресми мерекесі. Иә, дәл осы күні осыдан 16 жыл бұрын Қазақстан футбол федерациясы УЕФА мүшелігіне қабылданып, содан бері жыл сайын елімізде 25 сәуір – Қазақстан футболының күні ретінде аталып келеді.

УЕФА өкілдері, Қазақстан футболының атқамінерлері мен ардагерлері және аймақтық футбол өкілдері қатысқан Конференция барысында ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин көпшілікке ел футболын дамытуға бағытталған «Вперед, футбол! Алға, Qazaqstan» бағдарламасын таныстырды.

Әлбетте, бағдарлама әлі ашық түрде еш жерге жарияланған жоқ. Сондықтан, толық танысып шықтық деп айта алмаймыз. Азамат Серікұлының айтуынша, жаңа бағдарлама инфрақұрылым мен балалар футболынан бастап, барлық бағыттарды қамтымақ. Оның ішінде ұлттық құрама да, қыздар футболы да, футзал да бар. Егер соның барлығы жүзеге асып жатса, жақсы ғой. Үміт жоқ емес. Дегенмен, толық танысып шықпай, бұл тұрғыда қандай да бір пікір білдіру ерте шығар. Бұған кейінірек кеңінен тоқталамыз.  

Бірақ, бұл ел футболын дамытуға бағытталған ҚФФ-тың алғашқы бағдарламасы емес. Арыға бармай-ақ қоялық, Әділбек Жақсыбековтың Қазақстан футбол федерациясына бірінші рет келгенде сол кездегі бас хатшы Саян Хамитжанов та көпшілікке ғаламат бағдарламаны таныстырып, «ұлттық құрамамыз 2016 жылы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығады» деп мәлімдеген еді. Ал ел футболын 2014 жылдың желтоқсанынан бастап, 2016 жылдың қазанына дейін басқарған Ерлан Қожағапанов «Футбол жолы – 2026» стратегиясын ұсынған. Сол бағдарламаларда барлық нәрсе жүзеге асып кетті ме? Иә, «Астана» футбол клубы еуротурнирде сәтті өнер көрсете бастады. Футзалдан ұлттық құрамамыз Еуропа чемпионатында атой салды. Алайда, оның барлығы легионерлер мен шетелдік білікті бапкерлердің арқасы екендігіне ешкім дау айта қоймас.

Иә, бағдарламаның болғаны жақсы. Бірақ, бірінші ретте оның жүзеге асуын қадағалау қажет-ау. Ал жаңа бағдарламаның бұрынғылардан несі өзгеше? Бірінші ретте атауына мән бердік. «Вперед, футбол! Алға, Qazaqstan». Байқағандарыңыздай, қазақша атауы латын қарпінде жазылыпты. Бұл жақсы шығар. Алайда, орыс тіліндегі атауы бас жағына шығып кеткені Қазақстан футбол федерациясының ана тілімізге немқұрайлы қарайтынын білдірмей ме?

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика