Вернуться к списку статей

Михаил ПЕРШИН – Тайнанға Қазақстан азаматтығын берудің қажеті жоқ еді

Футбол
1K
Михаил Першин – ҚФФ титімдей болса да футзалға көңіл бөлсе екен деймін
Ұлттық құрама ойыншысы Михаил Першин Қазақстан футзалы жайлы сұхбат беріп, бас командамыздағы бразилиялықтардың көбейіп кеткеніне алаңдайтынын білдірді.

Астанада өткен футзалдан Yeleu cup турнирінде Қазақстан ұлттық құрамасының да ойыншылары аз болған жоқ. Солардың бірі Михаил Першин «Ярыш» сапында доп теуіп, семейліктермен бірге жеңімпаз атанды. Турнирден соң Першинді құттықтап, сұхбатқа тартқан едік.

– Құттықтауыңызға рахмет! Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Өзім YELEU CUP жайында бұрыннан естіп жүргеніммен бірінші рет қатысып тұрмын. Расымен де, деңгейі өте жоғары екен. Әр командада кәсіпқой ойыншылар жетерлік. Ұлттық құрамамыздың ойыншыларының барлығы осында жүр. Ал біздің командада, тіпті, бразилиялықтар да болды. Көрермендер де өте көп жиналды. Шынын айтқанда, мұнша жанкүйер тіпті, Қазақстан чемпионатының ойындарына да жинала бермейді.

– Енді ше, қанша жерден әуесқой деңгейдегі дода болғанымен ELEU CUP турниріне 15 команда жиналды. Ал Қазақстан чемпионатында бар-жоғы алты-ақ команда...

– Ол да бар шығар. Жалпы, Қазақстан Суперлигасының қазіргі жайына көңілім тола бермейді. Командалар саны өзіңіз айтқандай, өте аз. Көбейту керек. Қандай жолмен? Біріншіден, командалардың неліктен ел чемпионатына қатысқысы келмейтінін анықтау қажет. Меніңше, бәрі легионерлерге тіреліп тұрған сияқты. Мәселен, Алматының «Қайраты» төрт бразилиялыққа Қазақстан азаматтығын беріп тастады да, енді басқа клубтарда чемпион атанатын мүмкіндік мүлдем қалмады. Азаматтықты алған сол төрт легионерден бөлек, басқа да легионерлері жетіп жатыр. Бұл шектен шыққандық. Жәрайды, түсінемін, Игита мен Лео Қазақстанда біраз жыл тұрды. Паспортымызды алуға лайық болды. Дуглас та адал еңбегімен азаматтыққа қол жеткізді. Ал Тайнанды «қазақ» қылғанымыз ақылға сыймайды. Жалпы,  маған салса, легионерлер санын үшеуге дейін қысқартар едім. Сонда ел чемпионатына қатысқысы келетін командалар да көбейеді.

– Сонда Тайнанның Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ойнағанына риза емессіз ғой?..

– Мәселе, былай ғой. Бәлкім, мен қате ойлайтын шығармын. Алайда, менің түсінігімде Қазақстанға келген шетелдік азамат паспортымызды алу үшін кем дегенде осында бес жыл демей-ақ қояйын, үш жыл тұруы тиіс деп есептеймін. Бұдан бөлек, осы елдің дәстүрін, менталитетін біліп, құндылықтарын құрметтеуі керек. Игита мен Лео – қазақ болып кеткен жігіттер. Дугласқа да әңгіме жоқ. Ол Қазақстан ұлттық құрамасында ойнау үшін қолынан келгеннің барлығын жасады. Шын жүрегімен қалады. Ал Тайнаннан соның бірін де байқамадым. Ұлттық құраманың намысын, артында миллиондаған қазақстандық жанкүйерлердің тұрғанын сезінген жоқ. Иә, келісемін, өте мықты ойыншы. Бірақ, түптеп келгенде Тайнан дер кезінде қажетті жерден табыла қалды. Қазақстанның Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шыққанын білді де, ойнағысы келетінін айта салды. «Қайратқа» да сол керек еді, тағы бір мықты легионерді «қазақ» қылды. Ал соның кесірінен Еуропа чемпионатына бір қазақ бара алмай қалды.

– Жалпы, Еуропа чемпионаты несімен есте қалды?

– Егер жаман жағынан айтар болсақ, төрешілердің біліксіздігі ығырымызды шығарды. Мұндай төрелікті бірінші рет көруіміз. Ал жақсы жағын айтсақ, Еуропа чемпионаты Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа белеске көтерілгенін көрсетті. Соңғы әлем чемпионатында Испаниядан 2:5 есебімен ұтылғанда, көңіліміз түсіп, езіліп отырғанбыз. Сонда қасымызға Қайрат Оразбеков келіп, «жігіттер, сендер жарадыңдар! Испания сендердің ойындарыңнан жүрексініп қалды. Келесі жолы міндетті түрде ұтасыңдар», - деген. Расымен де, Словенияда өткен Еуропа чемпионатының жартылай финалында пиренейліктерді ұтуға сәл қалдық. Ал пенальти деген лотерея. Бәлкім, келесі жолы ұтармыз.

– Өзіміздің футзалға қайта оралсақ. Биыл тұңғыш рет Қазақстан чемпионатында плэй-офф тәжірибесі қолданылды. Көңіліңізден шықты ма?

– Соңғы жылдардағы ең дұрыс өзгеріс осы болған шығар. Бұрыннан керек жүйе еді. Турнирдің тартыстылығы артты. Мәселен, «Жетісу» негізгі біріншілікті 2-шы орынмен аяқтаса да, плэй-офф кезеңінде өте сәтсіз ойнап, жүлделі орындардан тыс қалды. Міне, сонысымен қызық. Соңына дейін айқасасың. Дегенмен, Қазақстан футбол федерациясына аймақтарда кәсіпқой футзал клубтарын құруды қолға алу қажет. Ел чемпионатында командалар саны көбейген сайын ұлттық құрамамыз да күшейеді.

– Соңғы маусымды Алматының «Қайратында» өткіздіңіз. Алайда, кетіп бара жатыр екенсіз. Реніш бар ма?

– Шынымды айтсам, алаңда маған берілген уақытқа көңілім толмады. Бұдан басқа да мәселелер бар. Бірақ, оның барлығын мұндай айтып, назданғым келмейді. Дегенмен, «Қайратқа» алғысым зор. Оның ішінде, клуб президенті Қайрат Оразбековке ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Оның футзалдан басқа да шаруалары толып жатыр. Отбасы бар, өз компаниясы бар. Алайда, соның барлығына қарамастан, футзалға да көңіл бөліп, қаржы құйып жатыр. Бәлкім, Қазақстан футзалының дәл қазіргі кейіпте тұруы көп жағдайда сол кісінің арқасы шығар. Ал мен «Қайраттан» кетіп барамын. Иә, аз ойнадым. Бірақ, бәсекелестік өте жоғары еді. Неше түрлі бразилиялықтардың өзінен-ақ уақыт артылмайды. Кім біледі, болашақта қайта оралып қалатын шығармын. Бәріне уақыт төреші.

– Енді карьераңызды қайда жалғастырасыз?

– Қазақстанның бір командасынан ұсыныс бар. Бұдан бөлек, Беларусь чемпионатынан да шақырту түсті. Әзірге жақсылап бір демалуым қажет. Содан кейінгісін көре жатармыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика