Вернуться к списку статей

Турнирдің сиқы кіші дәреттен-ақ көрінді немесе Қазақстан кубогы кімге қажет?

Футбол
1K
Қазақстан кубогы кімге керек?
Қазақстан кубогының ширек финалына шыққан сегіз команда белгілі. Алайда, арасында «Астана» жоқ. Жетісайға жастарын жіберіп, «Мақтааралға» есе жіберген елордалықтардың бұл турнирге немқұрайлы қарайтын сияқты. Ал қалған сегіздіктің қайсысына Қазақстан кубогы қажет екен?

Алдымен «Астана» туралы айтайықшы. Жетісайға жастар құрамын жіберерде клуб басшылары мен бапкерлер алқасы не ойлап, неге сенді екен? Әлбетте, Екінші лигадағы командасы қонаққа барып, Бірінші лиганың тәжірибелі клубын жеңіп қайтады деп дәметпеген шығар. Ал егер расымен де солай болса, онда арнайы комиссия бұл ойынды жақсылап қарастырып, матчтың спорттық принціпке сәйкес өткенін анықтаулары қажет шығар?.. Бұл үшін ойынның видеосын қарап бас ауыртудың да қажеті жоқ, «Астананың» құрамына бір назар салсаңыз да жеткілікті. Тіпті, команданы Жетісайға бастап барған бас бапкері емес, Бабаянның көмекшісі Александр Москаленко. Иә, кезінде «Екібастұз» бен «Востокқа» ауыр жаза қолданып, Қарағандының «Шахтерін» шын шошытқан арнайы комиссия дегендер осындайда керек емес пе?! Әлде Қазақстан футбол федерациясы мен Кәсіпқой футбол лигасы мұндай құбылысты заңдылық деп санай ма? Рас, Кубоктың 1/8-финалы қарсаңында «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян уәж айтып, жастарды бір сынап алғысы келетінін сылтауратқан.

– «Мақтаралаға» қарсы ойын алдағы күзде жасөспірімдер арасындағы УЕФА Чемпиондар Лигасында өз бақтарын сынайтын жас ойыншыларды іс жүзінде сынап көруге керемет мүмкіндік. Сонымен қатар, біздің жас ойыншылар осы маусымды сәтті бастап, алғашқы екі ойында ірі жеңіске қол жеткізіп үлгерді және біз бұл ойыншыларға «Мақтаралға» қарсы өтетін кездесуде сенім артамыз, - деген Григорий Бабаян.

Дегенмен, елордалықтардың бас бапкері ел чемпионатындағы ойындар кестесінің қиындығын да алға тартқан. 22 сәуір күні Шымкентте «Ордабасымен» кездесетінін, ал сәуірдің 29-ы күні «Тобылмен» ойнайтынын айтып, бұл кездесулер тыңғылықты дайындықты қажет ететіндігін жеткізген. Яғни, бас бапкердің осы сөзінен-ақ «Астана» үшін Қазақстан кубогынан гөрі ел чемпионаты маңыздырақ екендігін ұғынуға болады.

Әлбетте, біз «Астананы» кінәламаймыз. Олар ғана емес, басқа командалардың да Қазақстан кубогы туралы түсінігі осы тектес. «Түкіргенім бар» демесе де, Ел кубогын екінші санаттағы турнир ретінде қабылдап, мұндай ойындарға көп жағдайда қосалқы құрамдарын шығара салатыны рас.


Ал қай командаға биыл Қазақстан кубогы қажетірек? Ширек финалға шыққан сегіздіктің мүмкіндіктерін саралап көрсек.

«Қайрат» – 2014 жылдан бері үнемі финалға дейін жетіп жүрген алматылықтар биыл да Ел кубогының басты фавориті. Оның үстіне, «Астана» турнирден тыс қалғаннан кейін Карлос Алос Феррер шәкірттеріне жол ашылған сияқты.

«Ордабасы» – Жеребенің қалай болатынына байланысты шығар. Дегенмен, 1/8-финалда Бірінші лиганың «Қыранына» қарсы алаңға негізгі құрамын шығарғаннан-ақ «Ордабасының» кубоктан дәмелі екенін байқадық. Оның үстіне, биыл бұл клубқа 10 жыл. Былтыр тұңғыш рет қолаға қол жеткізген шымкенттіктер биыл кубокты да жеңіп алғысы келеді-ау.

«Тобыл» – Жеребе ширек финалда «Қайрат» немесе «Ордабасы» сияқты клубтарға жолықтырмаса және өз алаңында өткізер болса, бұл клуб кемі жартылай финалға дейін жетуі тиіс. Ал егер ел чемпионатындағы жағдайы нашарлау болса, онда келесі маусымда Еуропа лигасынан орын алу үшін қалай да финалға шығуға тырысары сөзсіз.

«Ертіс» – Әлбетте, бәрі де мүмкін. Десек те, павлодарлықтардың 1/8-финалдағы ойыны көңіл көншітпеді. Жеңісті «Таразға» бере салғысы келгендей көрінгені де жасырын емес. Сондықтан, «Ертіс» туралы болжам айту да қиын.

«Қайсар» – Биыл бұл клубқа 50 жыл. Маусым алдында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «қасқырларға» ел чемпионатында үздік бестіктен көріну туралы тапсырма қойған. Маусымды сәтсіз бастаған «Қайсар» үшін мұндай тапсырма қаншалықты орындалатын мәселе екенін айту қиын. Әйтсе де, клуб басшылары жанкүйерлерін ел кубогымен қуантқысы келетіні анық.

«Шахтер» – 1/8-финалда өз алаңында «Қызыл-Жарға» қарсы жартылай қосалқы құрамын шығарған қарағандылықтар тек пенальти сериясында ғана жолы болғандықтан ширек финалға шығып отыр. Жеребе «Мақтааралға» жолықтырмаса, «Шахтердің» жағдайы оңай болмайды-ау.

«Атырау» – Ширек финалдың ойындары 23 мамырда өтеді. Оған дейін Премьер-лиганың 6 туры бар. Егер «мұнайшылар» сол кезге дейін турнир кестесіндегі жағдайын түзей алмаса, онда Ел кубогын «құрбандыққа» қия салатын шығар.

«Мақтаарал» – Өз тарихында тұңғыш рет Ел кубогының ширек финалына шыққан жетісайлықтар онсыз да ел чемпионы «Астананы» жеңіп, сенсация жасады. Енді жартылай финалға өтіп жатса, онда «Мақтааралға» турнирдің көмбесін күтпей-ақ, кубокты бере салуға болатын шығар.

Қазақстан кубогы ширек финалының жеребесі 25 сәуір күні Астанада тартылады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика