Вернуться к списку статей

«Алтай» тағы ұтылып, Бөлешев гол соқты

Футбол
1K
«Оқжетпес» – «Байқоңыр» – 2:0. Фото: okzhetpes.kz
Бірінші лигадағы үшінші турдың ойындары аяқталып, «Қыран» мен «Оқжетпес» тағы да үш ұпайдан олжалады.

Көкше клубы өз алаңында «Байқоңырды» қабылдап, жауапсыз екі гол соқты. «Оқжетпес» үш турда да өз қақпасына әлі доп жіберген жоқ. Ал «Қайсардың» фарм-клубы керісінше, әлі гол соға алмай жүр. Үш турда да теңбіл допты қақпа торында тулата алмай қойды...

Биыл «Қыранның» қарқыны – адам қызығарлықтай. Үшінші рет жеңіске жетіп, доп айырмасы бойынша «Оқжетпестің» де алдын орап кетті. Бұл жолы «Ақтөбе-Жас» командасынан басым түсті. Бір қызығы, бұл ойын Ақтөбеде емес, Шымкентте өтті. Яғни «Қыранның» жолы болды. Түздегі бір ойыны «үйде» өтіп, үш ұпайды аса қиналмай еншіледі.

«Тараз» өз алаңында «Қайраттың» жастарын әзер ұтты. Жалғыз голды пенальтиден соғып, өз қақпасына гол жіберген жоқ. Осы ретте айта кетуіміз керек, тараздықтар үш ойында үш-ақ гол соқты. Былтыр ғана премьер-лигада ойнаған, құрамында тәжірибелі ойыншылары көп команда үшін бұл – тым аз, әрине.

«Алтай» да өз алаңындағы ойындарын әлі Шымкентте өткізіп жүр. Үшінші турда «Жетісудың» жастарын қабылдап, ұтылып қалды. Өткен турда «Қыранға» есе жіберіп алған. Мұндай қарқынмен Сергей Тимофеев бүкіл Шығыс Қазақстан облысы сенім артып отырған команданы өрге сүйрей алар ма екен?!

«Екібастұз» өз алаңында «Каспий» клубын ұтып, биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Әрі алғашқы голын соқты. Ал қақпасы – әлі «құрғақ». Ақтау клубы екінші рет қатарынан ұтылып отыр. Өткен турда, өз алаңында «Таразға» есе жіберіп алған.

«Шахтер-Болат» тағы ұтылды. Үшінші рет жеңілістің кермек дәмін татып отыр. Бұл жолы өз алаңында «Мақтааралға» шамасы жетпеді. Мақтаарал ауданының аяқдопшылары да биылғы маусымда бірінші рет жеңіске жетіп, алғашқы голдарын Теміртауда соқты.   

«Оқжетпес» – «Байқоңыр» – 2:0
Голдар: Бөлешев, 60. Жұмаханов, 78.

«Ақтөбе-Жас» – «Қыран» – 0:2
Голдар: Әшірбай, 3. Жақсыбек, 90+3.

«Тараз» – «Қайрат А» – 1:0
Гол: Әбденәби, 36-пенальтиден.

«Алтай» – «Жетісу Б» – 0:1
Гол: Балтабеков, 1.

«Екібастұз» – «Каспий» – 1:0
Гол: Райымбек, 23.

«Шахтер-Болат» – «Мақтаарал» – 0:1
Гол: Абутов, 57.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика