Елордамызда өткен «Астана» – «Қайрат» кездесуінен кейін алматылықтардың бас бапкері Карлос Алос Феррерден командасының капитаны Бауыржан Исламханмен ара-қатынасы жайлы сұраған едік.
– Карлос мырза, Бауыржанды алмастыруыңыздың себебі неде? Ойынына көңіліңіз толмады ма?
– Ол жақсы ойнады. Ойын алдында мен одан алаң ортасына иелік етіп, қорғанысқа да көмектесуін сұрадым. Бауыржан бұл міндетті абыроймен атқарды. Оның ойынына көңілім толды. Атқарған еңбегі де зор. Оны нашар ойнағаны үшін алмастырған жоқпыз. Тактикалық өзгеріс керек болды да, кездесудің тағдырын өзгерте алады-ау деген үмітпен Андрей Аршавинді алаңға шығарды. Ол тың болды және сенімізді ақтап, алаң ортасында жақсы ойнады да, маңызды голды соқты.
– Биылғы маусымдағы алты ойынды есептегенде Бауыржан Исламхан әр кездесуде алаңда орта есеппен 43 минуттан ғана ойнапты. Бұрынғыдай 90 минуттан ойнау үшін оған не істеу керек?
– Жігіттер, дұрыс түсініңіздер! Батори екеуміз ешқашан өш болмағанбыз. Басқа футболшылармен қарым-қатынасым қандай болса, Бауыржанға да солай қараймын. Бірінші турда «Қызыл-Жарға» қарсы негізгі құрамда алаңға шықты. «Ақтөбеге» қарсы 90 минут ойнады. Тек бір ғана ойында алаңға шыққан жоқ. Соған бола дүрлігіп жүрмеңіздер. Менде жартылай қорғаныста Исламханнан бөлек те бірнеше ойыншы бар. Бәрі де ойнағысы келеді. Дегенмен, әр қарсыласқа қарсы әртүрлі тактикамен шығамыз. Соған байланысты ойыншылар да өзгеріп отырады. Әйтпесе, Бауыржан екеуміздің арамыз жақсы.
– Сіздің командаңызда жастар көп. Алдағы уақытта жастар командасының сапынан қай ойыншыларға сенім артпақсыз?
– Ойыншыларды алаңға шығарар кезде ешкімнің паспортына, жасына, ұлтына, дініне қарамаймын. Дәл қазіргі таңда ойнауға қайсысы дайын болса, алаңға сонысын шығарамын. Мен үшін ойыншылар екіге ғана бөлінеді – жақсы және жаман ойыншылар. Егер жас футболшы жаттығу кезінде өзін жақсы қырынан көрсете білсе, міндетті түрде алаңға шығуға мүмкіндік алады.