Вернуться к списку статей

«Қайсар» мен «Ертіс» тең түсті – Бапкерлеріне тықыр таянды

Футбол
1K
Фото: fcirtysh.kz
Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында «Ертіспен» тең түсіп, бір саты төмен сырғыды...

«Қайсардың» жағдайы мәз емес. Ел чемпионаты кестесінің төменгі жағында, нақтырақ айтқанда, 11-орында тұр. Әрі маусым басталғалы әлі жеңіске жете алмай келеді. Бес ойында бір-ақ гол соқты. «Ертістің» жанкүйерлерінің де көңілдері – пәс. Былтыр ғана жүлделі орындарға таласып жүрген ұжым дәл қазір – екінші алтылықта.

Қызылордадағы ойын біршама тартысты өтті. Екі команда алма-кезек шабуылмен бір-бірінің қорғанысын піспектей бастады. Десек те, бірте-бірте алаң иелері қонақтарын тықсырып, Никита Калмыковтың қақпасына қауіп төндірумен болды. Тіпті гол да соққан. Бірақ төрешілер есепке алмады.

Екінші таймды да «Қайсар» жоғары қарқында бастады. Доп ойынға бұрыштан қосылғанда «Ертістің» қақпашысы ойыншыларға соғылып, жарақатанып қала жаздады. Калмыков құлап жатқанда алаң иелерінің соққан добы тағы да есепке алынбады.

Бұдан кейін «Қайсардың» қарқыны бәсеңси бастады. Матчтың соңына қарай ойыншылары титықтап қалғандай да болды. Ал «Ертіс» керісінше, шабуылды үдете түсті. Бір-екі рет қонақтардың ойыншылары «пенальти бермедің» деп, төрешіге наразылық білдірді.

Әйтсе де, бұл ойында таблодағы нөлдер өзгерген жоқ. Негізі, екі команданың да гол соғатын тамаша мүмкіндіктері болған. Әрине, тең ойын алаң иелерін қанағаттандырмайды. Қонақтар бір ұпайды көңілдеріне медеу тұтқандарымен, жанкүйерлері риза емес. Екі команданың жанашырлары да бас бапкерінен де тек жеңіс күтіп отыр...

«Қайсар» – «Ертіс» – 0:0


Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика