Вернуться к списку статей

Стойлов VS Бородюк – 100 мың долларлық айлығын қайсысы ақтады

Футбол
1K
Стойлов VS Бородюк – 100 мың долларлық айлығын қайсысы ақтады
Ұзынқұлаққа сенсек, болгар бапкері Станимир Стойловтың «Астанадағы» айлығы 100 мың доллар болған екен. Дәл осындай жалақыны Қазақстан футбол федерациясынан ұлттық құрамамыздың бас бапкері Александр Бородюк те алып отырған. Қайсысы өз айлығын ақтады екен?

Желтоқсанның 31-і күні Станимир Стойловтың «Астанамен» келісімшарты ресми түрде аяқталды. Енді ол елордалықтардың бас бапкері емес. Қос тараптың қандай шешімге келгендігі туралы ресми ақпарат мерекелерден кейін белгілі болатын шығар. Дегенмен, біздің сенімді ақпарат көздеріміз Стойлов пен «Астана» менеджерлерінің ортақ келісімге келе алғанын жеткізді. Оның алдағы уақыттағы жылдық жалақысы 1,2 миллион евроны құрайды екен.

Әлбетте, біреудің қалтасына үңілу – жаман әдет. Олардың қанша алатынында, шынын айтқанда, шаруамыз да жоқ. Алайда, жанкүйерлерден жасыруға болмайтын жағдайлар да болады. Бізге жеткен бейресми ақпараттарға сүйенсек, Станимир Стойлов осы күнге дейін «Астанадан» 100 мың АҚШ доллары көлемінде айлық алып отырған екен. Ұлттық құрамамыздың бас бапкері Александр Бородюк те Қазақстан футбол федерациясынан осынша жалақы алып отырған. Басқасы қызықтырмайды. Біз тек екеуінің ел футболына сіңірген еңбектерін ғана тізіп өтуді жөн көрдік.

Александр Бородюк – Қазақстан ұлттық құрамасы


2017 жылдың басында Қазақстан футбол федерациясымен үш жылға келісімшарт жасасқан. Бір жылда бас командамызды 7 ойынға бастап шығып, оның алтауында жеңілістің кермек дәмін татқан. Бір ғана ойында тең түскен. Доп айырмашылығы – 4:18.

2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасында Қазақстан ұлттық құрамасы алты команданың ішінде ең соңғы орынды меншіктеді.

ФИФА рейтингінде Қазақстан ұлттық құрамасы 98-орында тұрған жерінен бір жылдың ішінде 39 сатыға төмен құлдилап, 137-орынға бір-ақ түсті.

Станимир Стойлов – «Астана» футбол клубы


Станимир Стойловтың кезінде «Астана» төрт рет ел чемпионы атанып, бір рет Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды.

2015 жылы «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп, «Атлетико» (Испания), «Бенфика» (Португалия), «Галатасарай» (Түркия) командаларымен тең ойнады. Түріктермен екі кездесуде де ұпай алды.

2016 жылы «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнап, қазақ клубтарының алғашқысы болып еурокубоктағы жеңіске қол жеткізді.

2017 жылы «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңінде екінші орын алып, турнирдің көктемгі кезеңіне жолдама алды.

УЕФА рейтингінде 452-ші орында тұрған «Астана» үш жылдың ішінде 385 сатыға жоғары көтеріліп, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 67-орынға бір-ақ шықты.

2015 жылы «Астана» Чемпиондар лигасында 16,7 миллион евро табыс тапқан. 2016 жылғы еурокубок елордалықтарға 4,2 миллион евро табыс әкелген. Ал биыл Еуропа лигасындағы жетістіктерден кейін УЕФА бізге кем дегенде 8,18 миллион евро санап береді. Сонда осы үш маусым ішінде Станимир Стойлов клуб қазынасына 30 миллион евродай қаржылай табыс түсірген.

Міне, бірдей жалақы алып отырған қос жаттықтырушының ел футболына сіңірген еңбектері осындай. Бағасын өздеріңіз берерсіздер.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика