Вернуться к списку статей

Ибрагимович «жолын кескен» Деспотович екінші лигада гол соғып жүр

Футбол
1K
Екінші лига. «Астана М» – «Тараз М» – 3:0. Фото: fca.kz
«Астана» футбол клубының шабуылшысы Джордже Деспотович Қазақстанға қайтып келіп, екінші лигада гол соғып жүр.

Естеріңізде болар, наурыз айында отандық басылымдар «Деспотович АҚШ-қа кететін болды» деп жарыса жазған. «Мұхиттың арғы бетіндегі “Лос-Анджелес Гэлакси” клубына ауысатын болды» деп, Сербия және Қазақстан басылымдары біраз шулаған. Тіпті «Америка клубы бір миллион еуро төлейді» деген ақпарат та тараған.

Ал Деспотович болса, бірінші турдан кейін көрінбей кетті. 11 наурыздан соң «Астана» сапында жасыл алаңға шыққан жоқ. Тіпті қосалқы құрамынан да төбе көрсетпеді. Сөйтіп, Деспотовичті «Лос-Анджелес Гэлакси» сапынан қашан көреміз деп, елеңдеп жүрдік. Сарыла күттік.

Алайда бұл трансфер сөз жүзінде қалды. Себеп, «Лос-Анджелес Гэлакси» Швеция шабуылшысы, төрткіл дүниеге танымал жұлдызы Златан Ибрагимовичпен мәмілеге келіп, келісімшартқа отырған. Ал Ибра АҚШ додасындағы алғашқы ойынында-ақ әдемі екі гол соғып, бүкіл әлемді тәнті қылды.

Содан Деспотовичке Қазақстанға қайтуға тура келді. Мұны Сербия шабуылшысының өзі Instagram-дағы жеке парақшасына жазды да. Енді, міне, негізінен жастар шыңдалатын екінші лигада ойнап жүр. Дәлірек айтар болсақ, «Астана Ж» сапында ойнап жүр. Спорттық бабына қайта келу үшін болар деп ойлаймыз.

Екінші лиганың 2-турында «Астана» мен «Тараздың» жастары кездесіп, 3:0 есебімен елордалықтар жеңіске жетті. Екінші голды 33-минутта Джордже Деспотович соқты. Сондай-ақ бұл ойында Александр Мокин мен Юрий Перцух та ойнады.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика