Вернуться к списку статей

“Еуро-2018”: Қазақстан құрамасы Дания футзалшыларын да жеңді

Футбол
2K
Қазақстан құрамасы екінші ойында да жеңіске жетті. Фото: kff.kz
Футзалдан Қазақстан құрамасы 2018 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясында екінші рет жеңіске жетті.

2018 жылғы Еуропа чемпионаты електік додасының 6-тобына түскен командалар Алматыда бақ сынап жатыр. Кешеден бері осы төрттіктегі командалар екі ойыннан өткізді. Қазақстан және Чехия футзалшылары екеуінде де жеңіске жетті.

Чехия құрамасы кеше Дания футзалшыларын 5:4 есебімен әзер жеңсе, бүгін Македония жігіттерін 7:3 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп, екі ойыннан алты ұпай еншіледі.

Ал Қазақстан құрамасы екі күнгі ойында да өз қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ. Әуелі Македония футзалшыларынан 3:0 есебімен басым түсті. Ал бүгін Дания құрамасын 5:0 есебімен ойсырата жеңді.

Бірінші таймда біздің құрама төрт гол соғып басымдық танытты. Қазақстан құрамасы қарқынын үдетіп, жоғары жылдамдықта ойнағанда, дат футзалшылары көк жейделілерге төтеп бере алмай қалды.

Ал екінші таймда Қазақстан құрамасының бас бапкері Алесио қосалқы құрам орындығындағы жігіттерді алаңға шығарып, оларға да мүмкіндік берді. Ал Дания құрамасы көсіле шауып, бірнеше рет қауіпті шабуыл ұйымдастырды.

Қақпашымыз Игитаға бірнеше өз шеберлігін паш етуге тура келді. Ол дат футзалшыларының бірнеше шабуылын тойтарды. Өз кезегінде Дания қақпашылары да біздің жігітердің бірнеше қауіпті соққыларына тосқауыл бола білді.

Қазақстан құрамасының бас бапкері бұл таймды тең аяқтағысы келмеді ме, матч соңында шәкірттерін “қамшылап”, алаңға ең үздік ойыншыларымызды шығарды. Соңғы минутта команда капитаны Дания қақпасына бесінші голды енгізіп, біздің құрама ірі жеңіске қол жеткізді.

Енді сейсенбі күні Қазақстан және Чехия футзалшылары кездеседі. Жеңіске жеткені бірінші орынға ие болып, 2018 жылы Словенияда өтетін Еуропа чемпионатының финалына тікелей шығады.

Қазақстан – Дания – 5:0 (4:0)

Голдар: Жаманқұлов, 4. Лео, 9. Першин, 17. Дуглас, 17. Сүлейменов, 40.

Ескертулер: Йоргенсен, 15. Лухт, 19.

Қазақстан: Игита, Есенаманов, Лео, Дуглас, Першин; Шамро, Жаманқұлов, Сүлейменов, Довгань, Иманалин, Тұрсағұлов, Ақбалықов, Оразов, Кнауб.

Дания: Андерсен, Вейс, Эль-Каз, Лухт, Корлу; Хог, Хауглунн, Фальк, Ларсен, Мельсен, Йоргенсен, Менгель, Бадран, Расмуссен.

Төрешілер: Кирилл Найшулер (Финляндия), Камил Четин (Түркия)

9 сәуір. Алматы. «Алматы Арена».

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика