Осылайша, жанкүйерлердің күдігі рас болып шығып, шығыстың әлпештеген «Алтайы» әп-сәтте «қолжаулыққа» айналды. Былтыр Бірінші лигада атой салып, өтпелі ойында «Таразды» 3:0 есебімен ойсырата жеңгеннен кейін «Алтайға» жанкүйерлер де, футбол мамандары да үлкен үміт артып, болашағына зор сеніммен қараған еді. Өкінішке қарай, қазір шығыстық жанкүйерлер Премьер-лигадан ғана емес, Бірінші лигадан да айрылып отыр. Тіпті, Шығыс Қазақстан облысында кәсіпқой футбол жойылып кетуі де мүмкін.
«Алтай» спорт клубы» КМҚК – өзінің ғұмырын жаңадан бастап, спорттық ұстаным бойынша төменгі дивизионға қатысып жатқан жаңа футбол клубы және Қазақстан Бірінші лигасы арасындағы клубтардың біріншілігіне қатысқан «Алтай» футбол клубы» ЖШС-нің ізбасары емес», – деп түсіндірілген Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтында.
Енді Қазақстан футбол федерациясының әкімшілігі Екінші лиганың жаңа ойындар кестесін жасап жатыр екен. Одан кейін кесте Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитетіне жіберілетін болады.
Ал біз «Алтай» футбол клубының бас бапкері Сергей Тимофеевке хабарласып, мән-жайды білуге тырысқан едік.
– Біз қазір Өскеменде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Өзім де әлі көп нәрседен хабарсызбын. Бірінші лигаға дайындаламыз ба, Екінші лигада ойнаймыз ба, ол жағын әлі білмеймін, - деді Тимофеев.
– Қазақстан кубогына да қатыспадыңыздар...
– Иә, қаржы болмады. Ол да шығынды талап етеді.
– Ал клуб бюджеті қашан бекітіледі дейді?
– Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Әлі ешнәрсе белгісіз.
– Клуб директоры Сержан Шәйжүнісовпен бірге жұмыс жасайсыздар ма?
– Жоқ, Шәйжүнісов кетіп қалған. Ол қазір директор емес. Мен оған бағынбаймын. Басшыларым басқа. Жалпы, бұл команда енді бұрынғы «Алтай» емес.
– Ал команда сапында былтырғы құрамнан ойыншылар қалды ма?
– Иә, былтырғы құрамнан бірлі-жарым ойыншылар бар.
– Басшылық клуб алдына қандай мақсаттар қойып отыр?
– Мен білмеймін. Енді кездесеміз, әлі ақылдасамыз. Болашағымызды айқындаймыз. Неде болса, біздің мақсат – әр ойында жеңіске жету.
Осыдан кейін бас бапкер қоштасқанша асығып, алдағы бір аптаның ішінде өздеріңіз де барлығын білетін боласыздар деп тұтқаны қойды. Естеріңізге сала кетейік, Сергей Тимофеев былтырғы маусымның басында «Алтай» футбол клубын бас бапкер ретінде тағайындалғанымен маусым соңына қарай сәтсіздіктерден соң қызметінен босаған. «Алтай» Премьер-лигаға Борис Глушковтың жаттықтыруымен шықты. Биыл команда тізгінін қайта қолына алған Тимофеев шығыстықтарды қайда апарар екен?