Әзірбайжан құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. «С» тобына түскен, қарсыластары – ылғи ығай мен сығайлар. Сан-Маринодан басқасы, әрине.
Осы топта Әзірбайжан құрамасы бес ойыннан 7 ұпай еншілеп, 4-орында тұр. Норвегия құрамасынан жоғары тұр. Екі рет жеңіске жетті. Түзде Сан-Марино футболшыларын ұтып (1:0), өз алаңында Норвегиядан да басым түсті (1:0). Сырт алаңда азулы Чехия құрамасымен тең түсті (0:0). Тек Солтүстік Ирландия және Германия футболшыларынан ұтылды (0:4 және 1:4).
Аталған басылым осы жетістіктерін мақтан тұтып, көрсету үшін өздерінің құрамасын посткеңестік елдердегі көршілерінің ұлттық құрамаларымен салыстырып шыққан. Әрі «Әзірбайжан құрамасы үнемі көршілеріміздің көбісінен, Ресей мен Украинадан басқасынан, жоғары тұр» деген мағынада бағалаған...
Қазақстан жайлы жазғандары өте қызық:
"Ерекше ақылдысымақтардың Қазақстанды үлгі тұтқандары көңілді босатады. Жергілікті федерация Ресейдің Бірінші лигасынан келген әр түрлі әпенділерге төлқұжат үлестіреді. Ал біз болсақ, Алмейдаға (2012 жыдан бері «Карабах» клубында ойнайтын Бразилия футболшысы, 28-де, Әзірбайжанның үш дүркін чемпионы) азаматық алып берген дұрыс па деп дауласамыз!
Олардың құрамаларының бас бапкері – Бородюк! Бородюк Карл! «Қайратты» құртқан адам. Қазақстан футболы Ресейді үлгі тұтады. Клубтық футболдарында – бюджеттік қаражатты шімірікпей кескілеу, ал ұлттық құрамаларына Ресейге қажет болмай қалған жаттықтырушыларды шақырады – Красножан, Бородюк.
Адам таңғаларлығы, бір жыл бұрын «Қайраттың» түбіне жеткен Бородюк қандай ерен еңбегі үшін ұлттық құрамаларына шақыртылған. Кахабер Цхададзе осы Ресей маманынан қалған “авгийдің атқорасын” әзер тазалап алып еді".