«Шахтер» (Солигорск) клубы Беларусь чемпионатының вышэйшая лігасында (жоғарғы лигасында) ойнайды. Бірінші турда Солигорск “кеншілері” Городея қаласының өзі аттас командасымен ойнап, түзде 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Жалғыз голды пенальтиден Қазақстан құрамасының шабуылшысы Сергей Хижниченко соқты. Ол алаңға тек екінші таймда шығып, Лаптев деген шабуылшыны алмастырды. 59-минутта 11-метрлік айып соққысын мүлтіксіз орындады.
Хижниченконың командасы келесі ойынын 5 сәуір күні өткізіп, Беларусь кубогының жартылай финалында «Слуцк» командасымен түзде ойнайды. Естеріңізге сала кетейік, «Шахтер» (Солигорск) ширек финалда «Локомотив» (Гомель) клубымен екі рет кездесіп (түзде және үйде), 3:0 және 2:1 есептерімен жеңіске жеткен болатын.
Хижниченко түздегі өткен бірінші ойында негізгі құрамда алаңға шығып, 72 минут ойнаған. Ал Солигорскіде өткен қарымта матчта алаңға екінші таймда шығып, пенальтиден таразы басын теңестірген. Көп ұзамай, алаң иелері тағы бір гол соғып жеңіске жеткен-ді...
Тұздық:
Кеше Кипрдің АПОЭЛ клубына жалға берілген «Астана» футбол клубының жартылай қорғаушысы Рохер Каньяс жаңа командасы сапында тағы бір ойын өткізді. Бірақ оның жаңа командасы түзде АЕК клубына 1:2 есебімен есе жіберіп алды. Каньяс бұл матчта бастан-аяқ ойнады (90 минут). Жалпы, ол бүгінге дейін Кипр чемпионы сапында бес ойын өткізіп, әзірше бір гол соқты.