Вернуться к списку статей

“Тобыл” мен “Тараз” – Еркебұлан Сейідахметтің алғашқы ойыны

Футбол
2K
Джодже Деспотовичтің
Төртінші турдың сәуірдің бірінші күні өткен үш кездесуі «Тобыл» мен «Тараз» арасындағы матчпен басталды.

Екеуі – екі түрлі команда. «Тобыл» – құрамы тәжірибелі ойыншылармен жасақталған, алдына үскен мақсат қойған команда. Әлеуеті зор. Жүлделі орындарға сына қағуға қабілеті жететін-ақ ұжым. Бірақ өрнекті ойын үлгісін көрсете алар емес.

«Тараз» болса, биылғы маусымға лайықты деңгейде дайындала алмады. Құрамын да тез жасақтауға мәжбүр болды. Әйтсе де, ойыншылары жанкештілік танытып жүр. Өткен турда азуы алты қарыс «Қайратпен» тең түскенінің өзі неге тұрады?!

Былайша айтқанда, деңгей жоғары клуб пен намысты қолдан бермейтін қайсар команда кездесті. Бірақ «Тобыл» бірінші таймда аса төмен жылдамдықта ойнады. Тез-тез қимылдап, қарсы команданың ойыншыларын састырып, екі аяқтарын бір “бутсыға” тығу жоқ. Самарқау қимыл, селсоқ қозғалыс...

Екінші таймның басында қарқындарын үдетіп, жылдамдықтарын сәл жоғарылатып еді, «Тараздың» қорғанысы сыр беріп, қорғаушылары асып-саса бастады. Әрі бір гол соғудың сәті түсті.

Деспотович оңтайлы сәттердің бәрін мүлт жібере бермейтіндігін дәлелдеп, алыстан шіоене теуіп, гол соқты. Бұдан кейін Алексей Щеткиннің есепті еселей түсетін тамаша мүмкіндігі болды. Бірақ бірінші турда үш гол соққан шабуылшы мүлт кетті.

Кеше Мақсат Байжанов тура осындай “нүктеден”, қорғаушылардың ортасында тұрса да, қақпаның алыс бұрышын дәл көздеген болатын. Ал «Тобыл» шабуылшысы айналасында ешкім жоқ болса да, қақпашыдан айласын асыра алмады...

Жалпы, бұл матч қазақ футболы тарихында қалатын болды. 84-минутта алаңға «Қазақтың Мессиі» атанған Еркебұлан Сейідахмет шықты. Ол қаймықпай, өзінен үлкен және тәжірибелі қорғаушыларды алдап өтуге тырысты. Бірақ премьер-лигадағы тырнақалды кездесуінде оның сәті түспеді...

Ал матч соңында «Тобылдың» капитаны Томаш Шимкович тым дөрекі және қауіпті ойнағаны үшін алаңнан қуылды. «Тараз» кем құрамда қалған алаң иелерін қыспаққа алып, таразы басын теңестіруге тырысты-ақ. Бірақ қостанайлықтардың тіс қаққан қорғаушыларынан өте алмады...

«Тобыл» – «Тараз» – 1:0 (0:0)

Гол: Деспотович, 50.

Ескертулер: Деспотович, 79 – Таубай, 55. Сейідахмет, 86.

88-минутта Шимкович («Тобыл») алаңнан қуылды.

«Тобыл»: Непогодов, Сартаков, Кассай, Малый, Мирошниченко, Тағыберген, Мухутдинов, Шимкович (к), Савич (Молдақараев, 71), Щеткин, Деспотович.

Қосалқы құрам: Бұсұрманов, Шубаев, Эльмурзаев, Джалилов, Дмитренко, Жақыпов, Жаңғылышбай, Жарынбетов.

«Тараз»: Логиновский, Кұрғулин (к), Молтусинов, Шипицин, Миюшкович, Горбанец, Диара, Таубай, Фещук, Зайнутдинов (Сейідахмет, 84), Қожамберді

Қосалқы құрам: Сатыбалдин, Шадманов, Кан, Әмірханов, Нұралы, Азовский, Райымбек.

Төрешілер: Құмашев, Құсайынов (екеуі де – Астана), Шабанов (Алматы)

01 сәуір. Затобол ауылы. «Затоболец» стадионы. 2 500 көрермен

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика