Вернуться к списку статей

"Ақтөбенің" алғашқы голы және алғашқы жеңісі

Футбол
1K
Премьер-лиганың алғашқы үш турда бірде-бір гол соқпаған командасы Павлодарға қонаққа барып, «Ертіс» қақпасына бірден үш гол соқты. Басқа-басқа емес, ұлттық құрамамыздың кипері Давид Лорияның қақпасына. Осылайша, «Ақтөбе» осы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Ойын алдында «Ертіс» пен «Ақтөбе» командаларынан бес ұқсастық байқадық. Алдымен соларды ақырындап тізіп берсек.

Бірінші ұқсастық – «Пентакампеондар. «Ертіс» те, «Ақтөбе» де Қазақстан футболының бес дүркін чемпиондары. Павлодарлықтар чемпиондыққа 1993, 97, 99, 2002 және 2003 жылдары қол жеткізсе, «Ақтөбе» 2005, 2007, 2008, 2009 және 2013 жылдары еліміздің ең үздік клубы атанған.

Екінші ұқсастық  – қақпашы-капитандар. Екі команданың да капитандары қақпашы. Осы ойында да өз жігіттерін алаңға Давид Лория мен Андрей Сидельников бастап шықты.

Үшінші ұқсастық – берік қорғаныс. «Ертіс» те, «Ақтөбе» де үш турда қақпасына екі-ақ голдан жіберген. Бұл тұрғыда олар тек «Қайсар», «Ордабасы» және «Тобылды» ғана алға жіберген.

Төртінші ұқсастық – әлсіз шабуыл. Бұл ұқсастыққа ұзағырақ тоқталғымыз келіп тұр. Жалпы, «Ақтөбеде» шабуылшылар жоқ емес, бар. Жарақатынан айығып, Қазақстан азаматтығын қатты алғысы келіп жүрген Игорь Зенькович те осында. Тікелей Рахаевтың шақыртуымен келген украиналық Александр Ермаченко мен бразилиялықтар Иури Мамуте мен Диас Кассиано да үнемі алаңға шығып жүр. Бірақ сары қағаз алғаннан басқа бітіріп жатқан ешнәрселері жоқ. Алғашқы үш ойында «пентакампеондар» «Қайрат», «Тобыл» және «Ордабасымен» ойнап, бір гол да соға алмапты.

Рас, «Ертістің» де шабуылы әзірге жетісіп тұрған жоқ. Былтыр «Оқжетпесте» ойнаған камерундық Серж Бандо, ивуарлық Исмаэль Фофана, француз Франк Джедже, португалиялық Карлуш Фонсека сынды легионерлері барына қарамастан алғашқы үш турда павлодарлықтар соққан төрт голдың екеуін жартылай қорғаушылар, екеуін тіпті, қорғаныс шебінің ойыншылары соққан. Сондықтан, бұл ойын екі команданың да жанкүйерлері үшін ауыр сынақ болды.

Бесінші ұқсас»тық – турнир кестесі. Ал турнир кестесінде «Ертіс» төртінші тур алдында 3-ші орында келе жатты. Екі жеңіс және бір тең ойынды еншілеріне жазған павлодарлықтардың қоржынында 7 ұпай болды. «Ақтөбе» де үшінші орында. Бірақ, турнир кестесінің соңынан санағанда. «Қайрат» пен «Ордабасыдан» ұтылып, «Тобылмен» тең түскен Рахаевтың командасында бір-ақ ұпай бар еді.

«Ертіс» (Павлодар) – «Ақтөбе» 1:3 (0:0)

Гол: Фофана, 55 (1:0). Жуниньо, 63 (1:1). Шестаков, 72 (1:2). Зенькович, 77 (1:3).

Ескертулер: Фонсека, 82. Джедже, 94 – Шурыгин, 66.

«Ертіс»: Лория, Фонсека, Живкович, Родриго, Ткачук (Банде, 76), Двали, Фофана (Джедже, 58), Калинин, Кислицын, Гетериев, Дарабаев (Шабалин, 79).

Резерв: Калмыков, Воротников, Есімов, Әлиев, Жұмасқалиев, Попов.

«Ақтөбе»: Сидельников, Джуниор, Торрес (Жуниор), Воловик, Гуйе, Альмейда, Ермаченко (Зенькович, 53), Аслан, Қайыров (Кәкімов, 62), Шестаков, Шурыгин.

Резерв: Отарбаев, Розыбакиев, Дәуітов, Байтана, Айтбаев, Әбдікәрімов.

Төрешілер: Болат Қарлыбаев (Орал), Дмитрий Филоненко, Александр Полуэктов (екеуі де – Тараз).

Павлодар қаласы. Орталық стадион. 

Ал ойын алаң иелерінің шабуылымен басталғанына қарамастан қонақтар да қарап қалған жоқ. Алғашқы қауіпті соққыны жасаған да «ақтөбеліктер». Дегенмен, Давид Лория өз орнынан табылып, допты алаң сыртына асырып жіберді. Одан кейін Димитар Димитров шәкірттері тізгінді біржола өз қолдарына алды. «Ақтөбе» тек қарымта шабуылдарға көшіп, павлодарлықтардың қателіктерін күтумен болды. Дегенмен, бірінші таймда сол күйі есеп ашылған жоқ.

  • Тактикалық ойынды тамашалап жатырмыз. Екі команда да әзірге бір-бірін аңдысып бағуда. Бұл біздің бас бапкерімізге де ұнап жатқан жоқ. Қазір ол ойынға өзгерістер енгізіп, қалай әрекет етуіміз қажеттігін түсіндіреді. Екінші таймда ойынымыз өзгеріп, гол соғуға тырысамыз, - деді үзіліс кезінде «ҚазСпорт» арнасына сұхбат берген «Ертістің» жартылай қорғаушысы Пірәлі Әлиев.
Иә, «Ертіс» екінші таймды өте белсенді бастады. Аслан Дарабаев алыстан соққы бағыттап, Сидельниковтің қырағылығын тексеріп көрген. «Ақтөбе» қақпашысы селт етпеді. Жалпы, ойын жалғыз голға дейін жалғасып жатқан. Қонақтар шабуыл шебіне өзгеріс енгізіп, Игорь Зеньковичті алаңға қосқанымен есепті алаң иелері ашты. Фонсеканың пасына Фофана бірінші болып жетіп, Сидельников қақпасынан саңылау тапты.

Осыдан кейін қонақтар екпін алған «Ертісті» енді тоқтата алмайтында көрінген. Бірақ, Жуниньоның алыстан тепкен соққысы «Ақтөебеге» береке әперді. Бұл гол «Ертіс» ойыншыларының еңсесін түсіріп, қорғаушылары жиі қателесе берді. Айлап-жылдап бір гол соғатын Кирилл Шестаковтың өзі таблоға атын жазғаннан кейін не дерсіз? Ал үшінші гол Александр Кислицынның қателігінен кейін соғылды.

Осылайша «Ақтөбе» осы маусымдағы алғашқы голын соғып қана қойған жоқ, алғашқы жеңісіне де қол жеткізді. Басқа-басқа емес, ұлттық құрамамыздың қақпашысы Давид Лория зардап шекті.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика