Вернуться к списку статей

“Ордабасы” орағытып – “Оқжетпес” омақасты

Футбол
2K
Бүгін төртінші тур Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен Көкшенің «Оқжетпесі» арасындағы ойынмен басталды.

Бірінші таймда «Ордабасы» көп шабуылдады. Бірақ Көкше клубының қақпасына қанша төніп келсе де, тура соққы бағыттай алмай, пұшайман болды. Алаң иелері көбінесе «Оқжетпестің» қорғанысын бұзып өте алмай, бірнеше шабуылдары аяқсыз қалды.

Тәжірибелі Таңат Нөсербаевтың өзі тамаша сәтті мүлт жіберіп қойып, қақпа бағанасын дір еткізді. Ал айып соққысын орындаған Азат Нұрғалиев қақпа маңдайшасын солқ еткізді. Кирило Ковальчуктің қонақтардың қорғаушыларын қапы қалдырып, жақыннан тепкен добын Стаменекович тойтарып, алаң сыртына шығарып жіберді.

Есесіне, қонақтардың қарсы шабуылдары өте қауіпті болды. Ал бірінші таймның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда «Оқжетпестің» талантты жас ойыншысы Максим Федин есеп ашты.

Ол соңғы секундтарда алға қарай ентелеп, алаң телерінің қорғаушысынан сытылып кетіп, допты көлбеулете берген Сергей Политылоның пасын асқан шеберлікпен қақпаға бағыттап үлгерді. Аяғын қоя салды, болды... Гол!

Екінші таймда «Ордабасы» қарқынын үдетті. Әуелі Нөсербаев қонақтардың орталық қорғаушысы Александр Марочкинді алдап өтіп, есепті теңестірді. Көп ұзамай «Оқжетпестің» тәжірибелі қақапашысы оңбай қателесті. Ол Никита Бочаровтың алыстан тепкен добын қағып алмақ болып, жаза басты. Шыр айнала ұшқан доп қолынан сусып кетіп, қақпа ішінен бір-ақ шықты.

Іле-шала «Ордабасы» сапына кейіннен қосылған Болгария шабуылшысы Преслав Йорданов та Көкше клубы қақпасын нысанаға алып көрді. Алайда оның алыстан доғаша иіп тикен добын Саша Стаменоквич ышқына секіріп, алаң сыртына шығарып жіберді.

Бұл ойында «Ордабасы» клубы бірнеше айып соққысын орындады. Егер алаңда Мардан Төлебек болғанда, кемі бір гол соғар ма еді?! Десек те, оңтүстікқазақстандықтар ұтылып жатып, жігерлік танытып, жеңіске жетті. Қоржындарына үш ұпай салып, Қазақстан премьер-лигасында көш бастады (10 ұпаймен). Төртінші турда қай клуб қуып жете алар екен?

«Ордабасы» – «Оқжетпес» – 2:1 (0:1) 

Голдар: Федин, 45+1 (0:1). Нөсербаев, 57 (1:1). Бочаров, 68 (2:1).

Ескертулер: Ковальчук, 45+2. Нұрғалиев, 57. Тұңғышбаев, 83 – Марочкин, 26. Дайыров, 56. Чертов, 85. Юрин, 90+2.

«Ордабасы»: Бекбаев, Ерланов, Фонтанелло, Рендулич, Диакате (Бейсенов, 66), Ковальчук, Бочаров, Тұңғышбаев, Нұрғалиев (к), Жұмаханов (Йорданов, 46), Нөсербаев (Марцваладзе, 80),

Қосалқы құрам: Нұрмұхаметов, Абдулин, Адырбеков, Әшірбеков, Қожабаев, Бөлешев.

«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Дайыров, Чертов, Марочкин, Генков, Волков, Еоне (Козлов, 84), Политыло, Хорват, Федин (Юрин, 60), Досмағамбетов (Нұрғалиев, 77),

Қосалқы құрам: Голубничий, Сламбеков, Куксин, Кейлер, Шайыхов, Әбілғазы.

Төрешілер: Алиев (Алматы), Богданов (Семей), Попов (Өскемен)

31 наурыз. Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион. 4 500 көрермен

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика