Вернуться к списку статей

Қазақстан премьер-лигасындағы бас бапкерлер – Сан мен сапа

Футбол
2K
Стойчо Младенов пен Станимир Стойлов қазақ топырағында... Фото: fca.kz/
Қазақстан премьер-лигасындағы 12 клубты қай елдердің мамандары жаттықтырады? Олардың арасында отандық мамандар бар ма?..

Былтыр ел чемпионаты басталғанда... бақандай алты клубымыздың, яғни 12 команданың тең жартысының бас бапкері отандық мамандар болатын. Қазір олардың біреуі де жоқ... Әр түрлі себептермен алтауы да қазір премьер-лига клубтарын жаттықтырмайды. Қайсыбірінің қызметі немесе шені өссе, базбіреулері орындарын босатуға мәжбүр болды...

Иә, былтырғы маусым басында Талғат Байсуфинов, Бақтияр Байсейітов, Алмас Құлшынбаев, Нұрмат Мырзабаев, Владимир Никитенко, Дмитрий Огай сынды отандық жаттықтырушылар азулы алты клубтың тізгінін ұстап тұрған. Ал биыл премьер-лига клубтарын жаттықтыратын отандық мамандар саны – екеу-ақ...

Негізі, бір-ақ бапкер болуы керек еді, бірақ «Тараз» премьер-лигаға соңғы сәтте қосылып, отандық бас жаттықтырушылар саны екеу болды. Олар – Воит Талгаев пен Вахид Масудов. Екеуі де – шешен ұлтының қазақ футболындағы көрнекті қайраткерлері, бұрынғы танымал футболшылары.

Ал биыл ресейлік бапкерлер саны артып отыр. Қазір премьер-лигадағы төрт клубымызды Ресей мамандары жаттықтырады. В.Муханов, О.Тетрадзе, А.Еременко үшеуіне биылғы маусым басында А.Петрушин қосылды. Айтпақшы, Алексей Еременконы Финляндия маманы десе де болар ма еді? Екі ұлы финндердің намысын қорғайды ғой...

Ал сапасы жағынан Болгария бапкерлерінің беделдері – әлі де жоғары. Қазақстан чемпионатының өткен маусымында С.Стойлов астаналықтармен чемпион атанса, Д.Димитров павлодарлықтармен қола жүлдегер атанған. Ал биыл С.Младенов бірінші лигадан келген қызылордалықтармен премьер-лигада көш бастап келеді.

Негізі, биыл Қазақстан премьер-лигасында Болгарияның төрт маманы болуы керек еді. Бірақ ел чемпионаты қарсаңында, ақпан айының басында Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті «Алтай» футбол клубын бірінші лигаға жөнелтті. Шығыс Қазақстан облысы клубының бас бапкері де Болгария маманы болатын (И.Илиев).

Алайда «Алтай» бірінші лигада ойнайтын болған соң, маусым аралығында “титықтап” жинаған легионерлері мен тәжірибелі футболшыларының бәрі және жаңа бас бапкері Илиан Илиев келген іздерімен кері кетті... Сөйтіп төртінші Болгария бапкерінің әлеуеті мен біліктілігін Қазақстан премьер-лигасында бағамдап көре алмадық.

Сонымен, премьер-лигамыздағы клубтардың төртеуін Ресей, үшеуін Болгария, екеуін Қазақстан мамандары жаттықтырады дедік қой. Ал қалған үш клубымызды Украина, Грузия және Хорватия мамандары баптап жүр. Енді осыны төмендегі кестеден қарап шығуларыңызға болады.    

Қазақстан премьер-лигасындағы бас жаттықтырушылар тізімі:



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика