Вернуться к списку статей

26 жылда салған жалғыз стадионымыз жабылады – Чемпион қалды "далада"

Футбол
2K
«Астана-Арена» стадионы жабылады. Мамыр айына дейін. Стадион әкімшілігі алаңның жасанды желегін алмастырмақ екен. Енді «Астана» футбол клубы қайтеді? Чемпионаттағы ойындарын қайда өткізеді?

Бәрінен де маусым енді басталғанда жабылғаны қызық болды. Қазір «Астана» футбол клубының ғана емес, «Оқжетпес» басшылығының да бастары қатып жүр. Олар да өздерінің алдағы үш-төрт турын осында өткізбек болған ғой. Енді басқа алаңдарды жағалап, «тау кезіп» кетті.

Көкшетаудағы «Оқжетпес» стадионы әлі дайын емес. Желегі табиғи болғандықтан жылдың бұл мезгілінде ол алаңда доп тебе алмайсың. Щучинскідегі «Жақсы» стадионы да жақсы болмай тұр. Әйтпесе, «Оқжетпес» өз алаңындағы ойынын өткізу үшін Астанаға келер ме еді?! 

Дәл сондай жағдайды қазір «Астана» командасы да бастан кешіп жатыр. Рас, әзірге «Астана» футболшылары жаттығуларын «Астана-Аренада» өткізіп жүр. Стадионды жаппай қоя тұратын шығар деген үміттері де бар. Бірақ, алаңның желегін бүгін алмастырмаса, ертең еурокубок ойындары жақындағанада тіптен кеш болып кететінін түсінетінін стадион әкімшілігі де ақырындап бұл тұрғыда жұмыстарды бастап та кетті.


Қажымұқан стадионының алаңы дәл бүгін

Премьер-лига кестесі бойынша «Астана» келесі турда Қарағандының «Шахтерін» қабылдауы тиіс. Ал «Оқжетпес» өз алаңындағы келесі ойынын 5-турда Павлодардың «Ертісіне» қарсы өткізеді. Бізге жеткен бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, қазір «Астана» басшылығы «Шахтердегі» әріптестерімен келіссөздер жүргізіп, осы турды қонақта, яғни қарағандылықтар қабылдайтындай мәселені қарастырып жатқан көрінеді. Дегенмен, «кеншілер» келісе қояр ма екен? Өздері де өткен турды еріккеннен «Астана-Аренада» өткізген жоқ қой. Сондықтан, басқа да жолдарын ойластырып жатқаны жасырын емес.

Ал елордамызда футбол матчтарын өткізуге болатын «Астана-Аренадан» бөлек тағы үш стадион бар: Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадион, «Тарлан-Арена» (бұрынғы «Автомобилист» - авт) және Мичурино елдімекеніндегі оқу-жаттығу базасы. Бірақ, бұл алаңдар Премьер-лига ойындарын өткізе ала ма? Жеке-жеке тоқталсақ.

Қажымұқан стадионы


Қажымұқан стадионының маңы осылай қоршалған

Егер алаңы табиғи емес, жасанды желек болғанда ерте көктемге қарамастан ойындар өткізе беруге болар еді. Алайда, алаңнан бөлек, қазір Қажымұқан стадионында күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен секілді. Батыс жағы қаңылтырмен қоршалып тасталған. Сәйкесінше, стадионға кіру былай тұрсын, маңында жүрудің өзі қауіпті.

«Тарлан-Арена» стадионы


"Тарлан-Арена" стадионында автотұрақ кішкентай

Стадион ойындарды өзінде қабылдауға дайын. «Астананы» ғана емес, «Оқжетпесті» де күтіп алуға кетәрі емес. Қазір алаң жиегі омбы қар. Бірақ, егер расымен де кездесулер осындай өтер болса, күреп тастау бір күннің жұмысы. «Астана-Арена» жабылған сәттен бастап-ақ «Астана» футболшылары жаттығуларын осындай өткізе бастайды деген әңгімелерді естіп жатырмыз. Дегенмен, бұл алаң да Премьер-лига клубтарының сертификациясынан өтпей қалуы мүмкін. Өйткені, алаң өлшемі, трибуна, киім ауыстыру бөлмелерінің барлығы минимум талаптарға жауап бергенімен автотұрағы жоқ. Рас, 20 көлік, екі автобусқа жететін орын бар. Бірақ, жанкүйерлердің жаяу келуін өтінбейтін шығар.

Мичурино елдімекеніндегі оқу-жаттығу базасы

Басқа стадиондармен салыстыруға келмес, бірақ мұнда кейде Қазақстан ұлттық құрамасы да өзінің оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Премьер-лига ойындары өтпеген. Бірақ кезінде Бірінші лига және қосалқы құрам арасындағы турнирлерді де өткізген. Киім ауыстыру бөлмелері, төрешілер бөлмелері, автотұрақ – бәрі бар. Бірақ бұл алаң да сертификациядан өтпейді-ау. Өйткені, талап бойынша стадионның кем дегенде 1500 көрермендік трибунасы болуы тиіс. Ал мұнда 1500 емес, 150 адамға да орын жоқ.


Мичурино елдімекеніндегі алаңда көрермендерге арналған трибуна жоқ

Сонымен, қайткен күнде де бұл мәселе ертерек шешімін табуы тиіс. Ал «Астана-Арена» стадионы алаңын ауыстыруды әлі бастамағанымен алдағы екі-үш күнде мамандар қолдарына қолғаптарын киеді деп жатыр. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика