Вернуться к списку статей

Қазақстан ұтылды ма, Армения ұтты ма?

Футбол
2K
Армения – Қазақстан – 2:0. Фото: kff.kz
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ереванда Армения құрамасынан 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Орталық қорғаушы “жырының” Арарат аңғарындағы жалғасы

Қазақстан ұлттық құрамасы Ереванда, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында, Армения футболшыларымен кездесіп, екі доп айырмасымен ұтылып қалды. Басты бәсекелесіне есе жіберіп алып, ұпай айырмасын алшақтатып алды...

Бұл ойында жаңа бас бапкеріміз Александр Бородюк Кипрмен өткен ойындағы құрамды өзгерткен жоқ, десек те болады. Тек қақпашымызды ауыстырып, бұл жолы Давид Лорияға сенім артты. Ал қорғаныс шебіне...

Қорғаныс шебіне тағы да бір-ақ орталық қорғаушы шығарды. Тағы да «Тобыл» клубында негізінен қосалқы құрам орындығында отырған (үш ойынның біреуінде ғана ойнаған) Сергей Малыйға үміт артты. Оның екі шетінде Абзал Бейсебеков пен Дмитрий Шомко ойнады. Қос қапталда Еркебұлан Тұңғышбаев пен Ғафуржан Сүйінбаев ойқастады.

Қорғанысқа тірек болар шепте Асхат Тағыберген жан ұшыра жүгіріп, оған Исламбек Қуат көмектесіп жүрді. Алаңның орта тұсындағы Бауыржан Исламхан мен Азат Нұрғалиев алғы шептегі Таңат Нөсербаевпен тізе қоса қимылдап отырды.   

Бірінші тайм: Қақпашымыз жарады

Матч басталған бетте Армения құрамасы шабуылға шығып, допқа ұмтылған Геворг Казарян біздің қақпашымызға шалынып құлап, жарақат алып қалды. Сөйтіп, матчтың бірінші минутында алаң иелері белді ойыншыларының бірінен айырылды.

Алайда, Армения футболшылары қарқындарын үдетіп, біздің құраманы кейін қарай тықсыра түсті. Олардың техникалық шеберліктері жоғары екендігі байқалып-ақ тұрды. Көбінесе біздің ойыншыларды алдап өтуге тырысады. Біздің жігіттер оларды емін-еркін жібере қойсын ба? Осылай ойын ережесін бұзу жиілеп те кетті...

Аракідік біздің құрама қарсы шабуыл ұйымдастырып отырғанымен, ойынның бірінші жартысында алаң иелері қыспаққа алып, ес жиғызбады. Әйтсе де, біздің футболшылар олардың гол соғуларына мүмкіндік берген жоқ. Әсіресе, Давид Лория қас шеберлік танытып, алаң иелерінің бірнеше соққыларын тойтарды. Мхитарян да, Пиззелли де біздің қақпашымыздан айлаларын асыра алмады.

Екінші тайм: 17 минут орталық қорғаушысыз...

Екінші тайм басталысымен де Армения құрамасы алға қарай лап қойды. Ларнакада Кипр құрамасымен өткен ойындағыдай, біздің құрама бір сағаттан астам алаң иелеріне төтеп берді. Ал содан соң...

Әуелі осы ойындағы жалғыз орталық қорғаушымыз Сергей Малый жаза басты. Алға ентелеген Генрих Мхитарянды итеріп құлатып, екінші рет ескерту алды да, алаңнан қуылды. Денесімен қағып жықпаса, Армения капитаны сытылып кетер еді...

Осы кезде бас бапкеріміз бір ойыншының орнына басқа бір орталық қорғаушы шығарар деп күттік. Бірақ Александр Бородюк асықпады, ойыншы алмастырмады. Не ойлағаны бар екенін түсіне алмадық. Ал армяндар біздің құраманы одан әрі қыспаққа ала түсті...

Алаңға тың ойыншыларын қосып та үлгерді. Содан “қамшыны” басты. Қарқындарын үдетіп, шабуылды күшейтіп, екі минуттың ішінде екі гол соқты. Әуелі Мхитарян, одан кейін Озбилиз біздің қорғаушыларымыздың қателіктерін қалт жіберген жоқ. 

Осы екі голдан кейін ғана бас бапкеріміз алаңға орталық қорғаушы шығарды. Бірақ кеш қалған сияқты. Біздің құрама 17 минут бойы орталық қорғаушысыз ойнап, екі гол жіберіп алды. Осы екі голдан кейін ғана бапкерлеріміз алаңға тың ойыншылар шығара бастады...

Әлгі екі голдан кейін біздің футболшыларымыз қарсы шабуылдар ұйымдастырып, алаң иелерін кейін қарай ысыра түсті. Армения құрамасы тізгін тартты ма, әлді біздің жігіттер намысқа жүгінді ме, әйтеуір соңғы минуттар терезесі тең дәрежеде өтті...

Армения – Қазақстан – 2:0 (0:0)

Голдар: Мхитарян, 73. Озбилиз, 75.
Ескертулер: Саркисов, 28. Ароян, 48. Озбилиз, 77 – Бейсебеков, 18. Малый, 19. Тағыберген, 53.
64-минутта Малый алаңнан қуылды (екінші ескерту).

АрменияБегларян, Восканян, Ароян, Андонян, Айрапетян, Малакян, Пиззелли (Манучарян, 65), Оганесян, Казарян (Барсегян, 5), Мхитарян, Саркисов (Озбилиз, 70).

Қазақстан: Лория, Бейсебеков, Малый, Шомко, Сүйімбаев, Тұңғышбаев (Мұжықов, 79), Тағыберген, Қуат (Дмитренко, 81), Исламхан (Байжанов, 87), Нұрғалиев, Нөсербаев.

Бас төреші: Александар Ставрев (Македония)
26 наурыз. Ереван. Вазген Саргсян атындағы стадион

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 15 – 8
Тура соққы: 3 – 1
Қиыс кеткені: 7 – 5
Тойтарылғаны: 5 – 2
Бұрыштама соққылар: 5 – 3
Офсайдтар: 3 – 2
Доп иелену: 54% – 46%
Пастар: 462 – 447
Дәл пастар: 383 – 362
Пастар дәлдігі: 83% – 81%
Қорғаныста доп тартып алу: 33 – 32
Ескерту (сары қағаз): 3 – 1
Алаңнан аластату (қызыл қағаз): 0 – 1
Ереже бұзу: 14 – 19

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика