Вернуться к списку статей

Орталық қорғаушыларымыз қайда?

Футбол
2K
Орталық қорғаушы мәселесінің күрмеуі күрделі болып тұр... Фото: kff.kz
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Кипрден Арменияға ұшып барып, алғашқы жатығу жұмысын өткізді.

Ұлттық құрама Ереванда

Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты таратқан ақпаратқа сенсек, ұлттық құрамамыз кеше, яғни 24 наурызда Ларнакадан чартерлік рейспен Ереванға екі сағаттай ұшып барған. Армения астанасының ортасындағы қонақүйлердің біріне орналасқан. Ал кешкісін «Бананц» футбол клубының стадионында алғашқы жаттығу жұмыстарын жүргізген.

Өздеріңіз білесіздер, Армения – Қазақстан құрамалары арасындағы матч ертең, яғни 26 наурызда Вазген Саргсян атындағы «Республикалық» стадионда өтеді. Басталуы – Астана уақытымен 22:00-де. Бұл – екі құрама үшін де 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы бесінші матч.

Деңгейлері шамалас, турнир кестесінде іркес-тіркес орналасқан екі құрама арасындағы ойын шиеленісті өтуі керек. Себебі екеуі де «жеңіске жетуіміз керек» деп отыр. Ашық айтпаса да, ішкі ойлары – солай.

Мәселен, армяндар көш соңындағы Қазақстан құрамасын өз алаңында «міндетті түрде ұтуымыз керек» деп ойлайды. Ал біздің құрама «E» тобында Армения құрамасын жеңбегенде, қай елдің футболшыларын жеңеді?..

Орталық қорғаушыларымыз қайда?

Осыдан үш күн бұрын Кипр құрамасымен өткен матчта ресейлік жаңа бас бапкеріміз Александр Бородюк алаңға төрт қорғаушы шығарды. Олар – Абзал Бейсебеков, Дмитрий Шомко, Ғафуржан Сүйімбаев және Сергей Малый. Бұлардың үшеуі – қос қапталда ойқастайтын, шабуылға бейім қорғаушылар да, соңғысы ғана – орталық қорғаушы.

Бас бапкер екінші таймда Дмитрий Мирошниченконы, ал соңғы минутта Григорий Сартаковты шығарды. Бірақ бұл екеуі де – биыл «Тобылдың» қос қапталында атой салып жүрген қорғаушылар. Неге алаңға Юрий Логвиненко мен Виктор Дмитренконы шығармады? Соны түсінбедік. Бәлкім, Еревандағы маңызды ойынға сақтаған болар.

Кипр құрамасымен өтетін ойынның алдында Александр Бородюк «біз Кипрге ұзақ ұшып жеттік, кейбір футболшыларымыздың денсаулықтары сыр берді. Үшінші күні жерсіну үдерісіне байланысты қиындықтар туындады» деген болатын. Осы сөздеріне қарап, бәлкім аталған қорғаушыларымыз шиыршық атып тұрмады ма екен деп те ойлаймыз...

Қалай деп жорамалдасақ та, Кипрде жасыл алаңға бір-ақ орталық қорғаушы шықты. Оның өзі биылғы ел чемпионатының үш турында бір-ақ рет (бір ойында) ғана бастан-аяқ ойнап шықты. Сонда алаңға шыққанынан гөрі қосалқы құрам орындығында отырғаны – көп... Ал екінші орталық қорғаушының міндетін үнемі сол қапталда ойнайтын футболшыларымыздың бірі атқарды.


Ортада - орталық қорғаушы...

Қазақстан чемпионатындағы орталық қорғаушылар

Өкінішке қарай, Қазақстан чемпионатындағы орталық қорғаушылардың дені – легионерлер. Бүгінде ұлттық құрамамыз тек «Астана» мен «Тобылдың» орталық қорғаушыларына иек артып отыр. Басқа командаларымызда бұл шепте негізінен шетелдіктер ойнайды.

Енді бір көңіл аударарлығы, бүгінде ұлттық құрама сапындағы орталық қорғаушыларымыздың тек біреуі, атап айтқанда, Юрий Логвиненко ғана – “таза” өз ойыншымыз. Қалғандары – Қазақстан азаматтығын алған, көрші елдерден келген қорғаушылар.

Жалпы, бізде Мұхтар Мұхтаров, Ренат Абдулин, Илья Воротников сынды 30-дан асып кеткен орталық қорғаушылар бар. Бірақ олардың алғашқы екеуі қосалқы құрам орындығында отыр. Әлі бірде-бір ойын өткізген жоқ. Воротников болса, Евгений Тарасов пен Берік Айтбаев секілді бапкерлер көңілінен шықпай жүргендей.

Енді Рафкат Аслан, Тимур Рудосельский, Григорий Сартаков, Темірлан Ерланов сынды әлеуеттері зор жас қорғаушыларымызды осындай додаларға қосып, баулу керек сияқты. Әйтпесе, орталық қорғаушы мәселесі күрмеуі күрделі түйін болып тұр. Юрий Логвиненко алаңға шықпаса болды, бекінісіміздің жігін білгізбеу мүмкін болмай қалады...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика