Вернуться к списку статей

Кипр – Қазақстан: Жігіттіктің белгісі түзде “мырза”

Футбол
2K
Кипр – Қазақстан – 3:1 (0:1). Фото: kff.kz
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы түзде Кипр футболшыларынан 1:3 есебімен ұтылып қалды.

Қазақстан ұлттық құрамасы Ларнакада Кипр құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, ұтылып қалды. Бірінші таймда бір гол соғып, алға шыққанымен, екінші таймда алаң иелерінің қыспағына төтеп бере алмай, үш гол жіберіп алды. Былайша айтқанда, бір сағаттай уақыт қана дес бермей, жоғары деңгейде ойнай алды. Ал одан кейін...

Абырой болғанда, төртінші гол кірмеді. Кипр футболшылары тамаша бір мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Әрі қақпашымыз да бірнеше рет алаң иелерінің қауіпті соққыларын тойтарды.

Әрине, бұл – жолдастық кездесу, ұлттық құрамамыз төрт күннен кейін Арарат аңғарында өтетін 2018 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінің ресми кездесуін ойлап, бар күш-жігерлерін салмады деп, ақталуға болады.

Бірақ осы ойынның алдында Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты «жаттықтырушылар құрамы да, футболшылар да жолдастық кездесуде де оң нәтиже көрсетуге бекініп отыр» деп жазған болатын. Өкінішке қарай, ойын нәтижесі көңіл көншітерліктей емес.

Ұлттық құрама “неге ұтылды” немесе “ұтылатын жөні жоқ еді” деп отырған жоқпыз. Бірақ деңгейі аса жоғары емес, құрамына біршама жаңа ойыншы қосылған, ойын өрнегінің “бір қайнауы” әлі ішінде Кипр құрамасынан үш гол жіберіп алғандары... жанға батады.

Бұлай дейтін себебіміз, Кипр құрамасы соңғы бес жылда тек Андорра және Гибралтар құрамаларының қақпаларына ғана үш голдан соққан екен. Алғашқысын 5:0 және 3:1 есебімен, ал УЕФА құрамына қосылғанына төрт жыл ғана болған елдің футболшыларын 3:1 есебімен ұтқан. Біздің футболшыларымыздан да дәл осындай есепен басым түсті.

Сонда түзге шықсақ, Кипр құрамасынан деңгейі сәл жоғары құрамалар былтырғыдай 4-5 голдан соға бере ме? Енді Ереванда Армения құрамасымен кездеседі, біздің құрама. Шет елден таңдап тұрып шақырып алған бас бапкеріміз Александр Бородюктің әуселесін, біліктілігін сонда көреміз. Әзірше, әліптің артын бағайық...    

Кипр – Қазақстан – 3:1 (0:1)

Голдар: Нөсербаев, 29 (0:1). Митидис, 55 (1:1). Кателарис, 63 (2:1). Христофи, 67 (3:1). 
Ескертулер: Панайоту, 79 – Қуат, 60.

Кипр: Панайи, Стилиану (Панайоту, 77), Валентинос, Александру, Лабан (Маграса, 57), Артиматас, Кастанос (Кирияку, 68), Макрис (Рушиас, 81), Кателарис, Митидис (Авраам, 68), Хараламбидес (Христофи, 57).

Қазақстан: Покатилов, Сүйімбаев, Малый, Шомко, Бейсебеков, Қуат (Щеткин, 72), Тағыберген, Исламхан (Жуков, 64), Тұңғышбаев (Мирошниченко, 67), Нұрғалиев (Мұртазаев 89), Нөсербаев (Сартаков, 90).

Бас төреші: Роберт Харви (Ирландия)
22 наурыз. Ларнака. «Антонис Пападопулос».

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика