Вернуться к списку статей

“Қайрат”... Үшінші жыл қатарынан Таразда тауы шағылды

Футбол
2K
Доп Бабахановтың, ұпай
Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасында үшінші турдың ойындары басталып, «Қайрат» биыл да Таразда “тайғақ” кешті.

Міне, үшінші жыл қатарынан «Қайрат» маусым басында Таразға барып, сүрініп отыр. Екі жыл қататынан ұтылған, биыл тең түсіп отыр. Мұны алға жылжу дейсіздер ме, жоқ па, оны өздеріңіз білесіздер. Енді, келесі жылы «Қайрат»... маусым басында Таразға барудан ат-тонын ала қашпаса болды...

2015 жыл, 4-тур: «Тараз» – «Қайрат» – 1:0

2016 жыл, 1-тур: «Тараз» – «Қайрат» – 2:1

2017 жыл, 3-тур: «Тараз» – «Қайрат» – 0:0

Бұл ойында «Қайрат» алаң иелерін қыспаққа алды. Тайлы-таяғымен шабуылдап, қауіп бұлтын төндірді. Алыстан да соққы бағыттады, «Тараздың» қорғанысын бұзып өтуге де тырысты. Алайда қорғаушыларынан өткенімен, қақпашысынан айлаларын асыра алмай-ақ қойды...

«Қайрат» қанша тырысса да, қалай шабуыл ұйымдастырса да, гол соға алмай пұшайман болды. Құдды, «Тараздың» қақпасын “дүғалап” қойғандай, доп жуымай қойды. Әрі кетсе, қақпа бағанасынан қайтып, қонақтарды діңкелеті.

Бұл жерде «Тараздың» қақпашысы Джурахон Бабахановты ерекше атап өтуге тиіспіз. Ол «Қайраттың» қас шеберлері мен «миллионерлерінің» бірнеше соққыларын тойтарды. Алыстан тепкен пәрменді соққылардың да бірнешеуіне тосқауыл бола білді...

«Тараз» ойын тізгінін қонақтарына беріп қойды да, өздері олардың “толқындай тулай” соққан шабуылдарын тойтарумен болды. Бес қорғаушымен бекініс құрды. Қорғанысқа тірек болар шепке екі футболшы шығарды. Әйтсе де, қапысын тауып қарсы шабуылдар ұйымдастырып отырды.

Осы ретте айта кеткеніміз жөн болар, алғашқы екі турда «Тараздың» екі ойыншысы алаңнан қуылған (Д.Эргашев пен А.Горбанец), Яғни бүгін екеуі де, құрамын нығайтқан екі легионері де алаңға шыққан жоқ. Ал егер олар ойнағанда, қалай болар еді?..

Десек те, алаң иелерінің гол соғатын бірлі-жарым мүмкіндіктері болды. Бірақ кейбір футболшыларының техникалық шеберліктері сыр беріп, оңтайлы сәтте асып-сасып, мүлт кетті. Дегенмен, «Қайраттың» қақпашысын қапы қалдыра жаздап, қонақтарын қара терге түсірді.

«Қайрат» ойынның аяғына қарай құйындай орап соқты. Тіпті осыдан екі күн бұрын ғана құрамына қосылған екінші шабуылшысы, Чума Аненені де “томағасын” сыпырып, додаға салды. Бірақ Норвегияның қара маржаны да Алматы клубының қоржынына үш ұпай салып бере алмады...

«Тараз» – «Қайрат» – 0:0

Ескертулер: Диара, 54 – Ампоста, 13. Аршавин, 13. Тұрысбек, 54.

«Тараз»: Бабаханов, Әмірханов, Диара, Молтусинов, Шипицин, Құрғулин, Зайнутдинов, Фещук, Таубай, Морис, Қожамберді (Азовский, 90+2).

Қосалқы құрам: Логиновский, Кеңесбек, Шадманов, Кан, Нұралы, Қараман, Байжанов, Қарпық.

«Қайрат»: Покатилов, Қуат, Маркович, Ампоста, Сүйімбаев, Элек, Исламхан (к), Исаэль (Иличевич, 73), Аршавин (Жуков, 60), Тұрысбек (Анене, 61), Гоу.

Қосалқы құрам: Грубов, Вороговский, Қуантаев, Балтабаев, Райымбек, Бакаев.

Төрешілер: Измайлов (Талдықорған), Тихонюк (Ақтөбе), Айжігітов (Қызылорда).

17 наурыз. Тараз. «Ұлан» стадионы. 4 500 көрермен

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика