Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері, Бразилия маманы Жозе Алесио Да Силва Еуропа чемпионатының електік додасына дайындалатын футзалшылар тізімін жариялады. Қазақстан футзал қауымдастығы жариялаған кеңейтілген тізімге 16 футзалшы еніпті. Әзірше екеуі артық. Жаттығу жиынынан кейін соңғы тізім түзіліп, оған 14 ойыншы ғана тіркеледі.
Естеріңізге сала кетейік, «Еуро-2018» електік додасының 6-топтағы іріктеу ойындары 8-11 сәуір аралығында Алматыда өтеді. Біздің футзалшыларымыздың қарсыластары – Чехия, Македония және Дания құрамалары. Ойындар күнтізбесімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
Осы топта бірінші орын алған команда тікелей 2018 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығады. Ал екінші орынға ие болған құрама, сондай-ақ техникалық көрсеткіштері жоғары болса, үшінші орынды иемденген команда қосымша төрт жолдаманы сарапқа салу мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Енді Қазақстан құрамасының кеңейтілген тізімімен таныс болыңыздар:
қақпашылар – Игита («Қайрат»), Григорий Шамро («Ақтөбе»);
ойыншылар – Дінмұхамбет Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Шыңғыс Есенаманов, Михаил Першин, Дуглас, (бәрі де – «Қайрат»), Лео («Спортинг», Португалия), Дәурен Тұрсағұлов, Александр Довгань, Арнольд Кнауб, Біржан Оразов (бәрі де – «Жетісу»), Қайрат Иманәлин, Альберт Ақбалықов (екеуі де – «Ақтөбе»), Ерсұлтан Сағындыков, Антон Рындин (екеуі де – «Аят»).