Вернуться к списку статей

ФИФА төрешісі Әлібек ӘУБӘКІРОВ – Қызметім үшін пара алсам баяғыда-ақ "джип" мініп алар едім

Футбол
2K
Әлібек Әубәкіров – Прембьер-лигада төрелік еткеніме біраз жыл болса да әлі күнге қоғамдық көлікпен жүремін
Футбол төрешісі болу үшін не істеу керек? Қабілетің қандай болып, нені есте ұстау қажет? Сондай-ақ, арбитрлікке кімдер бара алады? Футбол жанкүйерлері арасында аса көп қойылатын осы тектес сұрақтардың жауабын Астана қаласы Жас төрешілер мектебінің жетекшісі Әлібек Әубәкіровтен алған едік.

– Әлібек, Астана Жас төрешілер мектебі жайлы айтып өтсеңіз?

– Қалалық жас төрешілер мектебі осыдан екі жыл бұрын Астана футбол федерациясының бастамасымен құрылған. Былтыр бірінші маусымда алты студент тәлім алды. Биыл тоғыз тыңдушы бар. Курс тамыз айында басталған, сәуір айының соңына дейін жалғасады. Екі кезеңнен тұрады. Алдымен теориялық сабақтар, сосын жасыл алаңға шығып, практикалық сабақтар өткіземіз. Ысқырық және жалаушамен қалай жұмыс жасау қажеттігін үйретеміз. Содан кейін емтихан қабылдап, Жас төрешілер мектебінен өткендіктері туралы сертификаттар табыстаймыз.

– Тәлімгерлердің Жас төрешілер мектебінен түлеп ұшқаннан кейінгі карьералары қалай болмақ?

– Біз оларды Астана футбол федерациясының Төрешілер комитетіне өткіземіз. Ал қалалық федерация оларды алдымен Оқушылар лигасына, Студенттер лигасына, басқа да турнирлерге тағайындап, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік жасайды. Кейін елорда біріншілігіне жіберіледі. Осы кезеңдердің барлығын сәтті өткен жас төрешілерді Астана футбол федерациясы Қазақстан футбол федерациясының Төрешілер және нұсқаушылар департаментіне кеңес беру арқылы өткізеді. Одан кейін Қазақстан Екінші лигасы, Бірінші лига, Қазақстан Премьер-лигасында қызмет етіп, халықаралық матчтарға шақыртылады.


Астана Жас төрешілер мектебі

– Негізі, төреші болуға кімдердің құқылары бар? Қандай жағдайда футбол төрешісі бола алмайсың?

– Біз ешкімнің әлеуметтік жағдайына, жынысына, дініне және ұлтына қарамаймыз. Тек сұратқан анықтамаларды әкелсе болғаны. Яғни, дені сау болуы тиіс. Психологиялық тұрғыда берік, сондай-ақ, бұрын істі болмаған жастар біздің курсқа қатыса алады. Мұнда біз оларға футбол ережесін, төрешіліктің қыр-сырын толық үйретіп, Қазақстан футбол федерациясы Төрешілер және нұсқаушылар департаменті ұсынған материалдар бойынша дайындаймыз.

– Футболсүйер қауым арасында төрешілікке байланысты әртүрлі стереотиптер бар. Соның ішінде бойына да қатысты. Футбол төрешісі бойшаң болуы керек деген жанкүйерлер түсінігіндегі қағидамен келісесіз бе?

– Қазақстан қазір УЕФА аймағында болғандықтан ол жақта төрешінің физикасына байланысты әрқилы талаптар бар. Әлбетте, бойшаң болғаның өзіңе де жақсы. Бәрін көріп жүресің, сені бәрі байқай алады. Дегенмен, сонымен қатар, төреші өзінің алаңда бар екенін білдірмеу қажет. Мықты арбитр ұзын немесе аласа деп бөлінбейді. Мысалға, түрік Джюнейт Чакырды қараңыз. Аса ұзын да емес. Сондай-ақ, ассистенттерден қырғыз Баходыр Кочкаров та аласа бойлы жігіт. Бірақ, бұл олардың карьерасына еш кесірін тигізіп жатқан жоқ. Төрешілер де футболшылар секілді ғой. Мысалға, Лионель Мессидің де бойы ұзын емес.

– Былтырғы алты студенттің арасында болашағынан мол үміт күттіретіндер бар ма?

– Әрине, бар. Бірақ есімдерін атамай-ақ қояйын. Бәрі де өздеріне байланысты. Олардың жұмыстарына бес-алты жылдан кейін баға бере жатармыз.


– Жалпы, Жас төрешілер мектебінде тәлім алған төрешінің халықаралық дәрежедегі арбитрға айналуына қанша уақыт қажет?

– Әркімге әрқалай ғой. Маған, мысалы, Қазақстан Премьер-лигасында төрелік ету үшін 10 жылдай уақыт қажет болды. Өйткені, ол кезде 23 жасқа толмағандар төрелік ете алмайтын. Кейін бұл лимитті алып тастады да, мен бірден өзімнің дәрежемді көрсете алдым. Егер қабілетің жақсы болса, бұдан бұл деңгейге екі-үш жылда-ақ жетуге болады. Негізі төрешілік еңбек өтілімім – 16 жыл. Ал жалпы ФИФА талабы бойынша арбитрлар 25 жастан бастап халықаралық ойындарға қызмет ете алады. Қапталдағы көмекшілер үшін бұл лимит 23 жасты құрайды.

– Шыныңызды айтыңызшы, осы аралықта сізге «үшінші күштер» келіп, жеңіс үшін пара ұсынған кез болды ма? Басыңыздан қандай жағдай өтті?

– Басқалар үшін жауап бермей-ақ қояйын. Өзіме ешкім келіп, «біздің командаға көмектес» деп ақша ұсынған жоқ. Таза болсаң, ондай нәрселерден аулақ жүресің. Шыны керек, Премьер-лигада төрелік етіп жүргеніме біраз жыл болса да, әлі күнге дейін көлігім жоқ. Баратын жеріме қоғамдық көлікпен қатынаймын. Тіпті, жол жүру билетім де бар (қалтасынан билетін шығарып). Егер пара алсам, баяғыда бір «джип» мініп алар едім. Әлбетте, Қазақстан футболында әртүрлі жағдайлардың болып жататынын мен де сіздер сияқты сыбыстардан естіп жатамын. Бірақ, ешнәрсе дәлелденген жоқ.


– Көптеген мамандардан естіп жатамыз, Қазақстан Премьер-лигасында төрелік етуден гөрі Астана әуесқой біріншілігінде төреші болу қиын көрінеді. Неге олай?

– Расымен де солай. Әуесқой футболда эмоция көп. У-шу, айқай. Бәрі әуесқойлар болғандықтан бәрі де эмоцияға ерік беріп, кей кезде бас-көз жоқ алға атойлап шаба береді. Әркім өз ләззаты үшін ойнайтыны түсінікті. Оларға сары немесе қызыл қағаз көрсеткеннен басқа жаза қолдана алмайсың. Ал кәсіпқойда таза футбол. Әр команданың ойындары қалыптасқан. Оның үстіне, ертең өте ауыр жазаға ұшырайтынын, командасын қиын жағдайға қалдыратынын білетіндіктен кәсіпқой футболшылар алаңда ұстамдырақ болады.

– Футболмен кәсіпқой түрде айналысқандар үшін төреші болу оңай деген тағы бір стереотип бар. Мұнымен келісесіз бе?

– Келісемін. Жасыл алаңда доп теуіп көрген адам арбитрлікті оңай алып кете алады. Бізде ондай мысалдар көп. Мәселен, Акмальхан Холматов, Қайрат Сламбеков, Руслан Дузмамбетов – бұлардың бәрі де кезінде кәсіпқой деңгейде доп теуіп, белгілі бір дәрежеге жеткен төрешілер. Алайда, қазір әлемдік практикаға қарасаңыз, басқа саланың да мамандарының төрешілікті керемет меңгеріп, жақсы арбитр болып жүргенін көресіз. Демек, бәрі де өзіңе байланысты.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика