"Ордабасы" – "Астана" – 3:0
«Ордабасы» ел чемпионын “ойсырата жеңеді” деп ешкім де ойламаған шығар. Жалпы, бұл матчта алаң иелері ұтты ма, әлде «Астана» ұтылды ма? Кесіп айту қиын. Әрине, оңтүстікқазақстандықтар тырысты, жанкештілік танытты. Жеңіске лайық ойын өрнегін көрсетті. Қарсыластарынан басым түсті.
«Астана» болса, жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантпақ тұрмақ, әлі гол соға алар емес. Суперкубок пен бірінші турда, яғни екі ойында 0:5 есебімен ұтылды. Ойын өрнектерінен, қимыл-қозғалыстарынан селсоқтық байқалады.
Шымкенттегі матчтан кейін бас бапкері Станимир Стойлов айтқандай, мәселе ойын нәтижесінде емес, мәселе одан да тереңде сияқты. «Астананың» бүгінде қаражаттан қиындық көріп жүргені “ұзын құлақ” арқылы жанкүйерлер арасында желдей есіп жүр.
"Қайрат" – "Ақтөбе" – 1:0
«Қайрат» өз алаңында жеңіске жетіп, үш ұпай еншіледі. Суперкубок сарапқа салынған матчта шаршаңқырап қалған ба, әлде футболшылары әлі спорттық баптарына келе алмай жүр ме, белгісіз... Әйтеуір былтырғы маусым аяғындағыдай “жер тарпып” тұрған жоқ. Қарқындары сондай жоғары емес.
«Ақтөбе» маусым аралығында бірнеше трансферлерімен көпшілікті елітіп еді. Әрі матчтың алдында Алматыға жеңілу үшін бара жатпағандарын айтып, одан әрі қызықтыра түскен. Бірақ Алатау бөктерінде футбол жанкүйерлері мен мамандары сүйсінерліктей ойын өрнегін көрсете алмады. Жаңадан жасақталған команда, әлі бір-бірін түсінісіп кете алмай жүргендей.
Тек қақпашысы жанын салып ойнады, гол жібермеуге тырысты. Өйткені ол былтыр «Қайрат» сапында болған. Алайда Сидельников қанша тырысқанымен, бір рет сан соғып қалды. Бірақ әлі екі мүмкіндігі бар. Бәлкім, келесі матчтарда алматылықтардың өкіндіріп, өзектерін өртей жатар...
"Тобыл" – "Атырау" – 3:0
«Тобылдың» жеңетіндігіне шүбә келтірмегендер көп болған шығар. Бірақ, тура осылай күйрете жеңеді деп кім ойлаған. Құрамын әжептәуір нығайтты. Тіпті Қазақстан және Литва құрамаларының кейбір ойыншыларына негізгі құрамда орын табылмай қалды. Шабуылшысы Алексей Щеткин жарады. Үш гол соқты. Көсіле шапты.
«Атырау» биыл құрамын толықтай дерлік жаңарты. Бас бапкері де ауысты. Қостанайда былтырғы құрамынан бір-ақ ойыншы негізгі құрамда алаңға шықты (Алтынбек Сапаров). Қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде ойын өрнектері қалай үйлесе қойсын?! Әрі тоғыз ұпайлары шегеріліп тасталған. Ол да жүйкелеріне тимейді дейсіз бе...
"Ертіс" – "Ақжайық" – 2:1
«Ертіс» те командасын биыл қайтадан жасақтауға мәжбүр болды. Бірақ бас бапкері – былтырғы маман. Әрі жоқтан бар жасай білетін, қарамағындағы ойыншыларды жігерлендіре алатын білікті жаттықтырушы. Егер «Ақжайықты» жеңбесе, жағдайларын тығырыққа әлден тіреп алар еді. Әупіріммен жеңді. Бірақ әлеуетін әлі толық көрсеткен жоқ.
«Ақжайық» – былтырдан бері “өз” қақпашысын таппай жүрген команда. Өткен маусымда төрт қақпашыға сенім артып көрді. Биыл премьер-лигада доп тебу бұйырмаған «Алтайдан» Вячеслав Котлярды алды. Бірақ ол екі гол жіберіп алды. Алайда, екеуі де – тойтару мүмкін емес соққылар. Біреуі Аслан Дарабаевтың пәрменді соққысы, екіншісі – пенальти.
Жалпы, «Ақжайық» ерке Ертіс жағасында жаман ойнаған жоқ. Жеңісті қолдан бермей, тайталасып бақты. Құрамына биыл қосылған легионерлері қазақ додасына әлі үйренісіп кете алмай жүргендей. Олар жерсініп, спорттық баптарына келгенде, ойын өрнектері де өзгеріп салатын шығар.
"Қайсар" – "Оқжетпес" – 1:0
Премьер-лигаға қайта оралған «Қайсар» бірінші турда жеңіске жетті. Жалғыз голды пенальтиден соқса да, жеңіске деген жігерліктері басымырақ болды. Соңғы секундтарға дейін тізгіндерін тартқан жоқ. Талпынды, тырысты. Ақыры соның жемісін көрді.
Ал «Оқжетпес» керісінше, соңғы секундтарда «осымен ойын бітті» деп, бір ұпайды қанағат тұтып, қарқындарын сәл де болса, бәсеңсітіп алғандай. Әрине, соңғы секундтарда бір ұпайдан айырылып қалу оңай емес.
Бір көңіл аударарлығы, Көкше клубы маусым аралығында құрамын соншалықты күшейте алмағандай. Жаңа ойыншыларының әлеуетін ел чемпионаты барысында әлі көре жатармыз.
"Тараз" – "Шахтер" – 0:0
Бұл ойында алаң иелерінің емес, қонақтардың жеңіске жететін мүмкіндігі басымдау болған еді. Себебі, екінші таймның басында «Тараздың» бір ойыншысы (Эргашев) тым дөрекі ойнағаны үшін алаңнан қуылды. «Шахтер» 40 минут артық құрамда ойнады. Бірақ жеңісті жұлып ала алмады. «Тараздың» жағдайы – түсінікті. Премьер-лигаға жақында ғана қосылды.
Ал «Шахтер» ше? Осындай мүмкіндіктерді қалт жіберуге бола ма екен?! Әйтсе де, екеуі де тең ойынға риза шығар. Біреуі бір ойыншысы алаңнан қуылса да, қақпасына гол жіберген жоқ. Екіншісі түзден бір ұпай олжалап қайтты. Десек те, екеуіне де шабуылдарын ширатуды ойлау керек сияқты.