Вернуться к списку статей

3 миллиард теңге – “Ордабасы” үшінші орынға таласады

Футбол
2K
«Ордабасы» футбол клубы кеше кешкісін жанкүйерлерімен кездесіп, жаңа маусым алдындағы ресми таныстырылымын өткізді.

Мақсат – үздік үштік пен Еуропа лигасының топтық кезеңі

«Ордабасы» футбол клубының жанкүйерлерімен кездесуіне 500-ден астам жерлестері келіпті. «Мега планет» сауда-сауық орталығында өткен салтанатты кешке Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев та келген.

Облыс әкімі бірінші кезекте жергілікті жанкүйерлер сенімін ақтау керек екендігін қадап-қадап айтқан. Клубтың президенті Бақтияр Байсейітов, бас бапкері Алексей Петрушин де сөз сөйлеп, алдағы жоспарларымен бөліскен. Команда жасақтау барысындағы жұмыстарын тілге тиек етіп, биылғы маусымда жүлдеге ілігу мақсат тұтып отырғандығын мәлімдеген.

Бұл жөнінде клубтың ресми сайты нақты ақпарат таратқан жоқ. Тек жалпылама түрде жазып өтіпті. Ал облыстық басылымдарда жарық көрген мақалаларға сүйенсек, «Ордабасы» клубының биылғы маусымдағы басты мақсаттарының бірі Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу көрінеді.  

Бюджет – 3 миллард теңге немесе 9,4 миллион доллар

Клубтың ресми сайтында оңтүстікқазақстандық команданың бюджеті де жарияланған жоқ. Ол түсінікті. Бірақ tvk-uko.kz сайты биыл облыстық бюджеттен «Ордабасы» клубынқаржыландыруға 3 миллиард теңге бөлінгендігін жариялады.

Бұл – қазіргі валюта бағамына шаққанда 9 миллион АҚШ долларына асатын қаржы. Тіпті тоғыз жарым миллионды жуықтайды. Әрі бұған дейін бюджеттері әр жерде (басылымда) жарияланған Қазақстан премьер-лигасындағы кейбір клубтармен салыстарғында – көш ілгері.

Атап айтқанда, бұған дейін біз «Ақжайық» футбол клубының (950 миллион теңге), «Атырау» футбол клубының (2 миллиард теңге) және «Ертіс» футбол клубының (2,1 миллиард теңге) бюджеттері жайлы ақпараттар жариялағанбыз.

Легионерлері

«Ордабасы» биылғы маусым аралығында құрамын төрт легионермен толықтырды. Олар – Преслав Йорданов (Болгария), Зоран Рендулич (Сербия), Кирилл Ковальчук (Украина), Никита Бочаров (Ресей).

Былтырғы құрамынан қалған легионерлері – Александар Симчевич (Сербия), Гогита Гогуа (Грузия), Абдулайе Диакате (Сенегал), Отар Марцваладзе (Грузия) және Александр Гейнрих (Өзбекстан). Сонда барлығы – сегіз шетелдік футболшы. Ал команда сапынан кеткен легионерлері – Доминик Чатто, Бранислав Трайкович және Филип Касалица.

Бір қызығы, осы команда сапында медициналық тексерістен өткен Бруно Соарес «Ордабасы» клубымен келісімшартқа отырмады. Аталған қорғаушы әлеуметтік желідегі жеке парақшасына «маған ресми түрде ұсыныс жасалды, бірақ мен жеке басымның жағдайларына байланысты Германияға қайтуыма тура келді» деп жазды.

Жаңа ойыншылары   

Жалпы, биылғы маусым аралығында «Ордабасы» 40-тан астам футболшыны сынақтан өткізіп, әлеуеттерін бағамдап көрген. Олардың араларында легионерлер де бар, Қазақстан футболшылары да бар. Легионерлері жайлы жоғарыда жаздық.

Ал команда сапына биыл алынған Қазақстан футболшыларына келсек, олар –Әлібек Бөлешев, Санат Жұмаханов және Равиль Нурмухамедов. Бұл үшеуіне «Астанадан» өз клубтарына оралған Таңат Нөсербаев пен Азат Нұрғалиевті қосуға тиіспіз.


ОЖЖ және жолдастық кездесулер   

«Ордабасы» биылғы маусым аралығында үш оқу-жаттығу жиынын Түркияда өткізді. 16 жолдастық кездесу өткізіп, төртеуінде ғана жеңіске жетті. Алты ойын тең аяқталып, тура осынша матчта ОҚО клубы жеңіліп қалды.

«Ордабасы» – «Қыран» (Шымкент) – 1:0
«Ордабасы» – «Беерсхот» (Бельгия) – 0:1
«Ордабасы» – «Люфтетари Гирокастра» (Албания) – 3:4
«Ордабасы» – «Интер» (Баку, Әзірбайжан) – 0:0
«Ордабасы» – «Габала» (Әзірбайжан) – 0:0
«Ордабасы» – «Вождовац» (Сербия) – 0:0
«Ордабасы» – «Славия» (София, Болгария) – 2:1
«Ордабасы» – «Карпаты» (Украина) – 0:2
«Ордабасы» – «Подбрезова» (Словакия) – 0:2
«Ордабасы» – «Шахтер-2» (Донецк, Украина) – 1:1
«Ордабасы» – «Локомотив» (Ташкент, Өзбекстан) – 2:1
«Ордабасы» – «Тосно» (Ресей) – 0:1
«Ордабасы» – «Ахал» (Түркіменстан) – 1:1
«Ордабасы» – БАТЭ (Беларусь) – 1:3
«Ордабасы» – «Минск» (Беларусь) – 1:1
«Ордабасы» – «Мақтаарал» (Атакент, ОҚО) – 1:0

Шымкент клубының қазіргі құрамы

«Ордабасы» клубы биылғы маусымға құрамын тіркеп, футболшыларын ресми түрде таныстырып өтті. Әйтсе де, 3 сәуірге дейін қандай да бір өзгерістердің болуы да ғажап емес.

қақпашылар:
№1 Алмат Бекбаев (1984),
№25 Рамиль Нурмухаметов (1987, «Атырау»),
№29 Сергей Бойченко (1977),
№99 Ярослав Бондаренко (1992);

қорғаушылар:
№2 Бақдәулет Қожабаев (1992),
№4 Мұхтар Мұхтаров (1986),
№5 Зоран Рендулич (1984, Сербия, «Црвена Звезда», Сербия),
№6 Ұлар Жақсыбаев (1994),
№23 Ренат Абдулин (1982),
№ 32 Темірлан Ерланов (1993),
№55 Фархадбек Ирисметов (1981),
№22 Талғат Адырбеков (1989),
№87 Александар Симчевич (1987, Сербия);

жартылай қорғаушылар:
№3 Гогита Гогуа (1983, Грузия),
№8 Самат Смақов (1978),
№10 Қайрат Әшірбеков (1982),
№11 Кирилл Ковальчук (1986, Украина, «Томь», Ресей),
№13 Азат Нұрғалиев (1986, «Астана»),
№17 Мардан Төлебек (1990),
№21 Еркебұлан Тұңғышбаев (1995),
№22 Абдулайе Диакате (1988, Сенегал),
№30 Санат Жұмаханов (1988, «Оқжетпес»),
№69 Никита Бочаров (1992, Ресей, «Ақтөбе»),
№88 Бекзат Бейсенов (1987);

шабуылшылар:
№7 Таңат Нөсербаев (1987, «Астана»),
№9 Отар Марцваладзе (1984, Грузия),
№18 Преслав Йорданов (1989, Болгария, ЦСКА, Болгария),
№27 Әлібек Бөлешев (1981, «Оқжетпес»),
№50 Александр Гейнрих (1984, Өзбекстан).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика