Вернуться к списку статей

“Атырау” былтыр “Алтайдың” мүддесін қорғаған заңгерге жүгінді

Футбол
1K
«Атырау» футбол клубының басшылары мен заңгері жанашыр жанкүйерлерімен кездесті. Фото: rfcatyrau.kz
Ел чемпионаты басталмай жатып тоғыз ұпайынан айырылған «Атырау» футбол клубының басшылары мен заңгері жанашыр жанкүйерлерімен кездесіп, жалпы жағдайды түсіндіріп шықты.

Бұл кездесуге «Атырау» ФК тарапынан клуб директоры Тимур Нығымов, заңгері Марал Байденова және спорттық директор Драган Джурджевич қатысқан.

Црна Гора жаттықтырушысы Зоран Филиповичке қарыз емеспіз. Мұны дәлелдейтін тиісті құжаттарымыз бар. Осының кесірінен 6 ұпайымыз шегеріліп отыр. Біз, әрине, мұнымен келіспейміз. Сол себепті Швейцарияның Лозанна қаласындағы Спорттық төрелік сотқа апелляциялық шағым түсірдік, – деп түсіндіріп өтті кездесу басында клуб директоры.

Әлі ол клубтың бұрынғы футболшысы Рикардо да Костаның қарызы шынымен де өтелмегенін ашық айтқан. Осыған орай, ойыншының өзімен де келіссөздер жүргізіліп, сондай-ақ қарызды жабу үшін қаржы қарастыру жолдары қарастырылып жатқандығын тілге тиек еткен.

Жанкүйерлер сауалдарына жауап берген клуб заңгері команданың бұрынғы жаттықтырушысы үшін шегерілген 6 ұпайды қайтаруға мүмкіндіктің мол екенін, ал Рикардо да Коста Джонатас үшін шегеріліп тасталған 3 ұпайды қайтару үшін көп уақыт керек екендігін бүкпесіз айтқан. Ол үшін тек футболшының берешегін міндетті түрде төлеу керек.

Егер Джонатастың қарызын өтейтін болсақ, ол ФИФА-ға қарызының өтелгендігін мәлімдеп, арызын кері қайтарып алуы керек. Сондай ымыраластық жағдайда ғана Төрелік сот біздің арыз-шағымымызды қанағаттандырып, үш ұпайымызды қайтаратын болады. Алайда, бұл өте ұзақ және күрделі процесс. 

Естеріңізде болар, былтыр қарыздары үшін «Алтай» футбол клубының да тоғыз ұпайы шегерілген болатын. Бірақ чемпионат аяғына дейін бұл мәселе оң шешімын тауып, ұпайлары қайтарылды. Біз қазіргі таңда сол істе «Алтайдың» құқығы мен мүддесін қорғаған спорттық заңгермен және тағы да басқа білікті мамандармен жұмыс істеп жатырмыз, – депті «Атырау» ФК заңгері.

Клуб басшылары «ең бастысы, қазір бұған команда бапкерлері мен ойыншыларының аса зейін қоймай, өз ойындарына көңіл бөлгені жөн. Бұл оларға психологиялық тұрғыда соққы болмауы тиіс. Мұны біз түсіндіріп те жатырмыз», – деп жанкүйерлерінің де көңілдерін аулаған.

Жалпы, тоғыз ұпайды қайтарып алу үшін жан-жақты жұмыс жүргізіп жатқанын, көп ұзамай қуанышты жаңалықтың болатынына зор үмітпен қарайтындықтарын білдірген.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика