Бірінші тайм тартысты өтті. Әу баста «Қайраттың» қарқыны жоғары болды. Қонақтарын тықсыра түсті. Бірақ «Астана» бірте-бірте бауырын жазып, алаң иелерін допсыз біраз зыр жүгіртті.
Екі команда да қорғаныста мейілінше мұқият ойнауға тырысты. Бір қатенің бағасы тым қымбат екенін біледі. Қорғаушыларына жартылай қорғаушылары болысып, тылда сан соғып қалмауға ерекше көңіл бөлді.
Екі команда да бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Твумасидің соққысын Плотников қақпа бұрышынан кері қайтарса, құйындай ұйытқыған Исаэльдің пәрменді соққысын тойтару үшін Эричке бар шеберлігін паш етуге тура келді.
Екінші таймды «Қайрат» тағы жоғар қарқында бастады. «Астана» допты өздерінде көп ұстап, олардың аптықтарын басқандай да еді. Бірақ «Қайрат» айылын жимады. Шабуылды үдете түсті.
Доп алаңға алаң жиегінен қосылып, Бауыржан Исламхан оны қақпаға қарай көлбеулете шиіре тепті. Қорғаушылар тойтара алмай, жаза басты. Қақпашы ышқына секірсе де, жете алмай, қапы қалды. Қақпа түбінде ашық қалған «Қайраттың» қорғаушысы есеп ашты.
Бұдан кейін «Астана» қарқынын үдетіп, атойлап алға шауып, «Қайраттың» тықсыра түсті. Бірақ бірнеше мүмкіндіктерін кәдеге асыра алмай, пұшайман болды. Тың ойыншыларын шығарып, шабуылдап та көрді. Болмады...
Соңғы секундтарда «Астана» ойыншысының бірі шабуылда кеш қимылдап, «Қайрат» жылдам шабуыл ұйымдастырды. Үшеулеп екі қорғаушыны ортаға алды. Исламбек Қуат қонақтардың қорғаушыларын да, қақпашысын да қапы қалдырып, есепті еселеді.
Сөйтіп, «Қайрат» 2017 жылғы Қазақстан суперкубогын жеңіп алды. Былтыр да Алматы клубы маусымашар матчта бағы жанып, жеңіске жеткен. Биыл бірақ пенальтиден емес, екі допты ойында соғып, басым түсті.
Енді екі команда сапында,ы жаңа ойыншыларға атүсті тоқталып өтсек, «Астананың» жаңа ойыншылары ұнады. Екеуі де жандарын салып ойнады. Лулаку жете алмайды-ау деген доптардың өзіне ышқына жүгіріп, Маевский командаластарымен тізе қоса қимылдап, тіпті техникалық шеберлігі де тәп-тәуір екендігін көрсетті.
Бір қызығы, осы Маевскийге бүгін «Қайратың» қақпасын оңтайлы тұстан үш рет нысанаға алудың сәті түсті. Бірақ, үшеуінде де гол соға алмады. Екеуінде мүлт кетіп, біреуінде қақпашыға тура тепті.
«Қайрат» сапына биыл қосылған Ахметовті бәріміз де білеміз. Аянбайды, жанкешті жігіт. Иличевич аз ойнаса да, деңгейі жоғары, тәжірибесі мол ойыншы екенін көрсете білді. Жуков та – Қазақстан жанкүйерлеріне таныс ойыншы. Бұл кездесуде тым аз ойнады. Спортық бабын маусым барысында көрсете жатар.
«Қайрат» – «Астана» – 2:0
Голдар: Арзо, 77. Қуат, 90+2.
«Қайрат»: Плотников, Ахметов, Маркович, Арзо, Сүйімбаев, Бакаев, Қуат, Исламхан (Рудосельский, 90+1), Аршавин (Иличевич, 71), Исаэль (Жуков, 87), Гоу.
«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Постников (Шитов 82), Логвиненко, Аничич, Аничич, Шомко, Мұжықов, Маевский, Твумаси (Мұртазаев, 80), Луллаку (Жалмұқан, 70), Кабананга.
Бас төреші: Артем Кучин (Қарағанды)