Вернуться к списку статей

Стойлов пен Цхададзе – “Астана” мен “Қайрат”

Футбол
1K
Станимир Стойлов пен Кахабер Цхададзе...
Қазақ футболының жаңа маусымы Суперкубок ойынымен түріледі. Жасыл алаңда бүгінгі таңдағы ең қарымды клубтарымыз додаға түседі.

Суперкубок додасы қарсаңында, яғни ойыннан бір тәулік бұрын екі команданың бас бапкерлері журналистердің сұрақтарына жауап беріп, дәстүрлі баспасөз жиыны өтті.

Қос команданың бас бапкері де бір-біріне құрметпен қарайтындықтарын, қарсыластарын дәріптейтіндіктерін білдірді. Екеуі де жеңіске жетуді ғана ойлайтындықтарын сездіріп, жанкүйерлерін желпіндірді.

Станимир Стойлов, «Астана» клубының бас бапкері:

– Мен ешқашан қайсыбір ойыншыны бөле-жара атап өтпеймін, ылғи да олардың ойындарын жалпылай бағалаймын. «Қайрат» сапында жақсы футболшылар көп, бірақ бізге бір ғана футболшыны бағуға болмайды. Қарсыласымыздың ойыншылары қарымды, біз олардың командасын түгелдей көзден таса қылмауымыз және өзіміз мұқият ойнауымыз керек.

Кахабер Цхададзе, «Қайрат» клубының бас бапкері:

– «Астана» өте азулы команда, бас бапкері көптен бері жұмыс істейді. Олардың өздерінің философиясы бар. Әрі одан ауытқымайды да. Біз олардың соңғы жиындағы ойындарының барлығын дерлік көрдік. Орталық шебінде өзгерістер жүзеге асты. Кеткен ойыншылары да бар, жаңадан қосылғандары да бар. Айып алаңы ішінде ширақ қимылдайтын шабуылшы Лулаку келді. Түбегейлі өзгеріс жоқ. Жас жігіттер келіп қосылды. Команда күшеймесе, әлсіреген жоқ.

Қос бапкердің өз командалары туралы айтқан сөздерін де таразылап шықтық. Енді соларды іріктеп, аса маңыздыларын назарларыңызға ұсынсақ деп едік:

Станимир Стойлов, «Астана» клубының бас бапкері:

– Кез келген бапкер қол астында көп ойыншы болғанын қалайды. Бірақ менің қарамағымдағы ойыншыларым аз, әзірше бізде 13-15 футболшы бар. Команданы күшейту – бұл бюджетке байланысты мәселе. Егер жақсы ойыншылар тапсақ, мен шабуылшының ту сыртында ойнайтын футболшыны көргім келеді. Соңғы екі жылда жақсы ойыншыларымыздан айырылдық та, құрамымызды күшейттік те. Әрине, қас шебер футболшылардың көп болғанына не жетсін. Бірақ мен мұңымды шағып отырған жоқпын. Тер төгіп, жұмыс жасау керек. Егер мен алдыма биік мақсаттар қоймасам, онда мен «Астананың» бас бапкері болмағаным. Егер мен олардан биік мақсаттарға жетуді талап етпесем, онда олар қалай өседі? Жеңіс пен жетістіктің шегіне жеткен команда жоқ.

Кахабер Цхададзе, «Қайрат» клубының бас бапкері:

– Біздің құрамымыз күшейе түсті. Деңгейі жоғары футболшылар саны былтырғыдан әлдеқайда арта түсті. Таңдау бар, бәсекелестік те күшейді. Біз ойыншыларды “негізгі” және “қосалқы” деп бөлмейміз. Қайсысы бабында болса, сол ойнайды. «Қайрат» – деңгейі жоғары ойыншыларды ғана іздейтін команда. Кім көрінгенді алмайды. Селекциялық топ пен клуб президентінің өзі бұған мүдделі. Егер шетелдік ойыншыны алсақ, ол «Қайраттың» деңгейі мен мақсаттарына сәйкес болуы керек. Біз құрамымызды толықтырып болған жоқпыз, жаңа ойыншылар әлі алынады.

Еліміздің маңдайалды екі клубының бас бапкерлері биыл құрамдарынан кеткен футболшылар турасындағы сұрақтарға да бүкпесіз жауап беріпті. Енді соларға көңіл бөлейік:

Станимир Стойлов, «Астана» клубының бас бапкері:

– Бізге қорғанысқа тірек болар шептегі екі ойыншымызды (Максимович пен Каньясты) алмастыру керек. Маевский сенім үдесінен шығады деп үміттенемін, одан кейін жалға берілген Каньястың мәселесін шешетін боламыз. «Тобыл» клубына бірнеше футболшымызды жалға бердік (Тағыберген, Деспотович, Малый, Щеткин). Чемпиондар лигасының електік ойындары басталғанда, олардың қайсысы керек, қайсысы керек емес екенін шешетін боламыз. Қазір бізге олардың ойнап жүргендері – маңызды. Қайсыбіреулерінің жазда кері оралулары да ықтимал. Не істейтініміз жазда белгілі болады.     

Кахабер Цхададзе, «Қайрат» клубының бас бапкері:

– Бруно Соарестің қазіргі спорттық бабы бірінші командаға сәйкес емес. Біз оған бірінші лигада ойнап, бабына келуін ұсындық. Ол бас тартты. Клуб Бруноға көп жақсылық жасады, біз оны сегіз ай емдедік. Бұрынғы қалпына келеді деп үміттендік. Бірақ ол толықтай өз қалпына келе алмады. Асеведоға келер болсақ, ол деңгейі жоғары ойыншы, алаңға көп шықан жоқ, соған риза болмады, көңілі толмады. Біз онымен өзара сөйлесіп, басқа командаға ауысқанын дұрыс деп шештік.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика