Футбодан Қазақстан суперкубогы 1995 жылдан бастап өткізіліп келеді. Негізі, бұл ойында өткен маусымдағы ел чемпионы мен кубогының иегері кездеседі. Қазақстан футбол федерациясының Суперкубок ойынын өткізу ережесі – осындай.
Бір қызығы, бұған дейін Қазақстан чемпионатын да, ел кубогы додасын да бір команда жеңіп алса, суперкубок додасы өткізілмеген. Мұндай жағдай 2009 жылы болды. 2008 жылы «Ақтөбе» “дубль” жасап (екеуін де жеңіп алып), келесі жылы Суперкубок додасы өткізілген жоқ.
Тағы бір көңіл аударарлық жәйт, 1995 жылдан кейін Суперкубок ойыны өткізілмей қалды. Бірақ 2008 жылдан бастап қайтадан сарапқа салына бастады. Әу баста ылғи ел чемпиондары жеңіске жетіп жүрді. Бірақ 2011 жылы ел кубогының иегері «Локомотив» (Астана) “дәстүрді” бұзды.
Суперкубок ойыны әдеттегідей 45 минуттық екі таймнан құралады. Бірақ 90 минутта жеңімпаз анықталмаса, 15 минуттан қосымша екі экстра-тайм өткізіледі. Егер мұнда да командалар бірін-бірі жеңе алмаса, онда пенальти соғу рәсіміне жүгінеді.
Соңғы үш жылда ел Суперкубогына «Астана» мен «Қайрат» таласып жүр. Бұған дейін екі рет кездесті. Екеуі де бірін-бірі жеңе алмай, пенальтиге жүгінді. Ал футбол “лотореясында” екеуінің бағы алма-кезек жанды. Биыл үшінші рет додаға түседі.
1995 жыл: «Елімай» (Семей) – «Восток» (Өскемен) – 2:0
2008 жыл: «Ақтөбе» – «Тобыл» (Қостанай) – 2:0
2010 жыл: «Ақтөбе» – «Атырау» – 2:0
2011 жыл: «Локомотив» (Астана) – «Тобыл» (Қостанай) – 2:1
2012 жыл: «Ордабасы» (Шымкент) – «Шахтер» (Қарағанды) – 1:0
2013 жыл: «Шахтер» (Қарағанды) – «Астана» – 3:2 (2:2, қосымша уақытта – 1:0)
2014 жыл: «Ақтөбе» – «Шахтер» (Қарағанды) – 1:0
2015 жыл: «Астана» – «Қайрат» (Алматы) – 0:0 (пенальтиден – 3:2)
2016 жыл: «Қайрат» (Алматы) – «Астана» – 0:0 (пенальтиден – 5:4)
2017 жыл: «Астана» – «Қайрат» (Алматы) – ?
Суперкубок жеңімпаздары:
«Ақтөбе» – 3 (2008, 2010, 2014)
«Астана» – 2 (2011, 2015)
«Шахтер» – 1 (2013)
«Қайрат» – 1 (2016)
«Елімай» – 1 (1995)
«Ордабасы» – 1 (2012)