Легионерлер саны сегіз бе, әлде одан да көп пе?
Биыл қысқы трансфер кезеңі 3 сәуір күні жабылады. Оған да бір айдан астам ғана уақыт қалды. Әрине, Қазақстан премьер-лигасындағы 12 клубтың бәрі де легионерлерінің орнын толықтырып болған жоқ. Әйтсе де, көбісі легионерлерін түгендеп түгесіп қалды...
Рас, әлі де кейбір шептерін нығайтып болмаған клубтарымыз бар. Әр түрлі себептермен легионерлер мәселесін созып алған командаларымыз да жоқ емес. Енді уақыт тығыз, алдағы жұмаға дейін легионерлерін толықтырып болулары керек.
Өздеріңіз білесіздер, премьер-лига матчтарында әрбір команда ойын хаттамасына сегіз легионер тіркеп, оның алтауын алаңға шығара алады. Айтпақшы... барлық командалар құрамына ҚОСЫМША тағы да екі легионерден тіркей алады...
Еліміздің Кәсіпқой футбол лигасы мүшелерінің 2 ақпан күні өткен жалпы жиналысында осындай шешім қабылданған. Бірақ әрбір қосымша легионер үшін қомақты көлемде сыйақы төлеу керек (Естуімізше, әрбір қосымша легионер үшін 100 мың доллардан).
Алайда, қосымша легионерлер тіркеу мүмкіндігін көп клубтар қолданбайтын шығар. Өйткені әрбір ойын хаттамасына бәрібір сегіз легионер ғана тіркеу керек. Әрбір ойын сайын екі легионерін тұсаулап ұстап отыруды біздің клубтарымыздың көбісінің қалтасы көтермейтін сияқты.
Биыл ҚПЛ-ға келген ең қымбат легионер кім?
Биыл Қазақстан премьер-лигасына келген ең қымбат легионерлер кімдер? Осы сауалға жауап іздеп, немістің беделді transfermarket қорындағы деректеге көз жүгірттік. Енді соған тоқталып өтсек деп едік.
Биыл Қазақстан премьер-лигасына келген легионерлердің ішіндеі ең қымбаты – Аргентина футболшысы Хуан Мануэль Торрес (немесе Чако Торрес). Оның transfermarket қорындағы нарықтық бағасы – 2 миллион еуро. Бірақ «Ақтөбе» клубы онымен келісімшартқа отырғандығын ресми түрде әлі жарияламай отыр...
Торрестің жасыл алаңдағы ерен жетістігі ретінде 2005 жылы жастар арасындағы әлем чемпионы болғанын айрықша атап өтуге болады. Ол Нидерландыда Лионель Месси, Серхио Агуэро және Пабло Сабалета сынды саңлақтармен Аргентина құрамасының намысын қорғаған.
Одан кейінгі қымбат легионерлер, ең бастысы, өз клубтары келісімшартқа отырғандарын ресми түрде жариялағандар – Иво Иличевич («Қайрат») және Аздрен Лулаку («Астана»). «Ақтөбе» клубына Бразилиядан келген футболшылар да тым арзан емес.
Биыл келген легионерлер өздерінің нарықтық бағаларына сай ма, жоқ па, оны ел чемпионаты барысында бағамдай жатармыз. Енді transfermarkt.de деректері негізінде құрылған TOP-10 кестесіне көз жүгіртіңіздер (26 ақпанға дейінгі жағдай):
Ескерту: Кестеде көрсетлген сомалар – футболшылардың transfermarkt қорындағы нарықтық бағалары ғана. Негізі кестедегі легионерлердің көбісі Қазақстан клубтарына еркін агент ретінде тегін келді. Қайсыбіреулері жалға берілді. Ал сатып алынған футболшылардың трансфері ашық жарияланған жоқ. Ол – құпия мәлімет...