Ойын өте тартысты өтті. Әу баста «Қайрат» емін-еркін көсіле шапты. Әрі мәскеулік клубтың ойыншылары қателесіп, толғаныстарын тез тарқата алмағандай болып көрінді. Алматылықтар қарқындарын үдете түсіп, есеп ашып тынды.
Бірақ осыдан кейін «КПРФ» ойыншылары атойлап алға шапты. Бірінші тайм бел ортасынан ауғанда ресейліктер таразы басын теңестірді. Игитаның орнына шыққан Ронкальо алдыға шығып кетіп, «коммунистер» қарауылсыз қалған қақпа торын бүлк еткізді.
Көрермендер де, Ресей клубының ойыншылары да «матчтың бірінші жартысы тең аяқталады» деп ойлаған да сияқты. Бірақ соңғы секундтарда Дуглас өз шеберлігін паш етіп, әдемі соққысымен «Қайратты» алға шығарды.
Екінші таймда ресейліктер таразы басын теңестірмек болып жанталасты. Бірақ қалай шабуылдаса да, алматылықтардың қорғанысын бұзып та, “тесіп” те өте алмады. Қанша қыспаққа алса да, қауіпті соққылары тым аз болды.
Ал «Қайрат» қарсы шабуылдарымен «коммунистер» қорғанысын піспектеуден тынған жоқ. Мойындауымыз керек, қақпашылары бірнеше қатерлі шабуылды да, қауіпті соққыны тойтарып, қас шеберлік танытты.
Ойын аяқталуға санаулы минуттар қалғанда «КПРФ» тәуекелге бел буып, қақпашысын бесінші ойыншыға алмастырып, шабуылдауға көшті. Уақыт болса, өтіп жатыр, ал олардың басқа амалдары да қалмаған еді.
Алайда «Қайраттың» теңбіл допты ұршықша үйірген футзалшылары қапысын тауып, мәскеуліктердің қарауылсыз қалған қақпасын алыстан дөп көздеді. «КПРФ» сонда да айылын жимай, бесеулеп шабуылдап, жеңісті қолдан бермеуге тырысты. Бірақ бәрі де бекер еді...
Сонымен «Қайрат» ІV Еременко кубогының финалына шықты. Ал бірінші жартылай финалдық жұпта Ресейдің екі клубы кездескен болатын – «Дина» және «Сибиряк». Бұл матчта Новосибирск командасы жеңіске жетті – 3:2.
Ертең – финал. «Қайрат» аталмыш халықаралық турнирдің финалына үшінші рет шығып отыр. Қарсыласы – Ресей чемпионатының үшінші орнындағы команда. Бір қызығы, бұл ұжымның сапында «Қайраттың» бұрынғы екі ойыншысы ойнайды. Олар – Лео Сантана мен Жоан.
Еременко кубогы. 2016/2017 жж. Жартылай финал
«Қайрат» – «КПРФ» – 3:1
Голдар: Игор, 5 (1:0), Гончаров, 17 (1:1). Дуглас, 25 (2:1). Диваней, 48 (3:1).
«Қайрат»: Игита, Ронкальо, Дуглас, Сүлейменов, Игор, Диваней, Алешандре, Дуглас Нуньес, Есенаманов, Тайеби, Дрот, Эвертон, Кабреува, Першин.
«КПРФ»: Беспалый, Бондарев, Лин, Бикбулатов, Адри, Паулиньо, Курбанов, Денисов, Кручинин, Коробейников, Савостьянов, Гончаров, Мухутдинов, Пула.