Талдықорған Томскіні “томп еткізді”
Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Талдықорған клубы Томскінің «Томь» клубымен жолдастық кездесу өткізді. Бірдан айтайық, бұл команда – Ресей премьер-лигасында көш соңында тұрған ұжым. 17 ойыннан тоғыз-ақ ұпай еншілеп, соңғы 16-орында тұр.
«Жетісу» – «Томь» кездесуінде есепті ресейліктер ашты. Голды бірінші таймның аяғында Макурин соқты. Бұдан кейін талдықорғандықтар көсіле шапты. Екінші таймда Алексей Шакин, Әділхан Таңжарықов және Сабыржан Ибраев Томск қорғаушылары мен қақпашысын үш рет қапы қалдырды.
Бұл «Жетісу» клубының Анталиядағы екінші жолдастық кездесуі болатын. 20 ақпан күні Ресейдің бірінші лигасындағы «Луч-Энергия» (Владивосток) клубынан 1:2 есебімен ұтылып қалған. Жалғыз голды Сабыржан Ибраев соққан-ды.
«Жетісу» – «Томь» (Ресей) – 3:1
Голдар: Макурин, 43 (0:1). Шакин, 60 (1:1). Таңжарықов, 64 (2:1). Ибраев, 75 (3:1).
"Атырау" "Анжиден" "Қайраттың" есесін қайтарды
Жалпы, бүгінгі күн Түркиядағы Қазақстан клубтары үшін аса сәтті болды. «Атырау» Ресей премьер-лигасында 11-орынды иеленіп тұрған «Анжи» клубымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Голды өзбек Шавкат Саломов соқты.
Естеріңізге сала кетейік, Махачкала клубы осындан үш-төрт күн бұрын Алматының «Қайратын» 1:0 есебімен сан соқтырып кеткен болатын. Атыраулықтар бүгін жерлестерінің есесін қайтарды.
Ал «Қайрат» бүгін Ресей премьер-лигасында 12-орында тұрған «Крылья Советов» командасымен кездесіп, 1:0 есебімен басым түсті. Жалғыз доптың авторы – бразилиялық Исаэль. Бұл матчта да алматылықтардың сұрмергені Жерар Гоу алаңға шыққан жоқ.
Ал «Тараз» жетісулықтарды жеңген «Луч-Энергия» (Владивосток) клубымен кездесіп, 0:0 есебімен тең түсті. Сөйтіп бүгін Қазақстан клубтары Ресейдің үш командасын жеңіп біреуімен тең түсті.
«Атырау» – «Анжи» (Ресей) – 1:0
Гол: Саломов, 72.
«Қайрат» – «Крылья Советов» (Ресей) – 1:0
Гол: Исаэль, 25.
«Тараз» – «Луч-Энергия» (Ресей) – 0:0