Халықаралық ІV Еременко кубогының топтық кезеңі аяқталуға айналды. «А» тобында бақ сынаған «Қайрат» екінші кездесуінде де жеңіске жетті. Осыдан екі күн бұрын Ресейдің «Динасын» жеңген Қазақстан чемпионы бүгін Беларусь клубынан да басым түсті.
Бұл ойында қақпаға Игита тұрды. Жарақатына байланысты біраз уақыт көрінбей кеткен қақпашы бүгінгі матчта бірде-бір гол жіберген жоқ. Бұл – спорттық бабына енді келе бастаған голкипер үшін өте маңызды, әрине.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан құрамасы Беларусь құрамасымен екі рет жолдастық кездесу өткізген болтын (0:1 және 3:0). Осы екі матчта Игита ұлттық құрамаға көмектесе алмаған...
Ал «Қайрат» – «Сталица» кездесуіне оралар болсақ, құрамында деңгейі жоғары футзалшылары көп Алматы клубы басымдық танытты. Беларусь командасының ойыншылары қанша тырысқандарымен, тәжірибелі қарсыластарына төтеп бере алмады.
«Қайрат» болса, бразилиялық майталмандарының көбісін алаңға жиі шығармай, тынықтырып алды. Команданың бас бапкері, тәжірибелі Какау бүгін басқа ойыншыларына мүмкіндік берді. Олар өз кезектерінде сенімді ақтады.
Парсы футзалшысы Хоссейн Тайеби есеп ашса, екі голды 7-метрлік айып соққысынан Михаил Першин соқты. Бразилиялық Кабреува техникалық шеберлігін паш етіп, қақпашының төбесінен “лақтыра” салды...
Сөйтіп, «Қайрат» өз тобындағы екі ойында да жеңіске жетіп, жартылай финалға бірінші орынмен шықты. Бұл дегеніңіз – алматылықтар Еременко кубогының 1/2-финалында «В» тобында екінші орынға ие болған командамен кездеседі деген сөз (екінші топтағы соңғы матч әлі аяқталған жоқ).
«Қайрат» – «Сталица» – 4:0
Голдар: Тайеби, 7. Першин, 18. Кабреува, 23. Першин.
«Қайрат»: Игита, Ронкальо, Сүлейменов, Першин, Есенаманов, Тайеби, Дрот, Кабреува, Дуглас, Эвертон, Игор, Дуглас Нуньес, Диваней, Алешандре.
«Сталица»: Лукша, Поляков, Щербаченя, Бето, Горбенко, Фонсека, Жданович, Королишин, Кривицкий, Крыкун, Лазюк, Маргарян, Фероз, Черник, Чибисов, Шостак, Щербич