Төртінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі кубокты «Қайрат» “А” тобында бастады. Әрі бірінші ойынды Ресейдің шежіресі мол, азулы клубтарының бірі «Динамен» өткізді.
Бұл ойында екі команданың сапында белді ойыншыларының біразы болған жоқ. «Дина» сапында Чистополов және Прудников сынды үздік ойыншылары болмаса, «Қайрат» әр түрлі себептермен Серік Жаманқұлов, Дәурена Нұрғожин және Нето сынды саңлақтарына сенім арта алмады.
Бір қызығы, «Қайраттың» бас бапкері Какау бұл ойында қақпаға Игитаны емес, бразилиялық Ронкальоны қойды. Бірден айтайық, ол сенімді толықтай ақтап шықты.
«Дина» клубының капитаны Эскердинья 10-метрлік және 7-метрлік айып соққыларын (пенальти) соға алмады. Біріншісін Ронкальо тойтарса, екіншісінде Эскердиньяның жүйкесі сыр беріп, айдалаға тепті...
Бұл ойында «Қайраттың» бразилиялық футзалшылары ерекше көзге түсті. Диваней мен Алешандре қос голдан соғып, «Дина» қорғанысының берекесін алды. Бірінші аталғаны тіпті осы ойынның ең үздік ойыншысы атанды.
Сөз соңында айта кетейік, Еременко кубогында әрбір тайм 25 минутқа созылады.
Еременко кубогы. «А» тобы 1-тур.
«Қайрат» – «Дина» – 4:2
Голдар: Диваней, 3 (1:0). Заболонков, 5 (1:1). Диваней, 15 (2:1). Алешандре, 28 (3:1). Багиров, 36 (3:2). Алешандре, 41 (4:2).
«Қайрат»: Ронкальо, Игита, Сүлейменов, Есенаманов, Дуглас, Игор, Диваней, Алешандре, Першин, Тайеби, Дрот, Эвертон, Кабреува, Дуглас Нуньес.
«Дина»: Зуев, Иваняк, Цайдер, Разоренов, Асадов, Эскердинья, Абрамов, Багиров, Заболонков, Крутый, Кутузов, Ниязов, Понкратов, Хамадиев.