Вернуться к списку статей

Мақсат Байжанов VS "Бананц" – Төбелесті бастаған кім? (бейнеталдау)

Футбол
2K
Мақсат Байжанов VS
«Қайсар» – «Бананц» жолдастық кездесуінде Мақсат Байжанов армян футболшысымен қақтығысып қалды. Еліміздегі кейбір орыстілді сайттар төбелесті бастаған қызылордалық капитан деп жазып, екі ойыншының текетіресіне жаппай төбелес деп баға беріп жатыр. Шынында да төбелесті бастаған Байжанов па? Бірге саралап көрейік.

Кеше Қызылорданың «Қайсар» Түркиядағы оқу-жаттығу барысында Арменияның «Бананц» футбол клубымен жолдастық-бақылау кездесуін өткізіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Голдарды соққан Стефан Николич пен Матиас Курьор. Бірақ, біздің жазбағымыз бұл емес. Жерорта теңізінің жағалауында қазақ клубтарының қатысуымен жолдастық кездесулер күнде өтіп жатыр. Біздің қитығымызға тиіп кеткен жоғарыдағы жайт. «Байжанов төбелес бастады» деген сынды тақырыптарды бір емес, орыстілді бірнеше сайттардан байқадық. Тіпті, «армян футболшысын арандатты» дегенді де қосып қойған. Оған ерген кейбір жанкүйерлер де жерлесімізді даттап, қазақ футболшысына жараспайтын қылық екендігін жазуда.


Енді біз дайындаған видеоға басынан бастап мұқият назар салыңыз. Рас, ойынға ауттан қосылған допқа талас кезінде Мақсат қанатын жайып қалған еді, қолы армян ойыншысын жанап өтті. Дегенмен, ойын шеңберіндегі жағдай болғандықтан төреші ысқырған жоқ. Оның үстіне, дәл қапталдағы көмекшісінің жанында болған жағдай. Егер Байжанов дөрекі ойнаған болса, ол да жалаушасын көтере сермеп, бас қазыға белгі берер еді. Ал одан кейін тып-тыныш қана өз бетімен жүгіріп бара жатқан «қайсарлық» капитанға қарсыластың өзі барып ұрынды. Видеоға мұқият қарасаңыз, армениялықтың иықпен барып, әдейі соқтыққанын байқайсыз. Әлбетте, Байжанов жай ғана кеудеден итеріп қалды. Егер осымен тоқтағанда бас төреші екі ойыншыға да ескерту қағазын көрсетумен шектелер еді. Жоқ, кері бұрылып кетіп бара жатқан жерлесімізді армениялық ойыншы өзі барып арандатты. Осыдан кейін ғана «Қайсар» капитаны бір-екі рет қазақ жұдырығының қандай болатынын көрсетті. Дегенмен, бұл жағдайды да «төбелес» деуге келмейтін шығар. Байжанов бар болғаны 19 жасар қарсыласын орнына қойды. Сондай-ақ, ешқандай да жаппай төбелесті байқамадық. Тек, басу айтып, арашалап жатқан ойыншыларды ғана көрдік. Рас, дауыс көтеріп, ерегіскендері жасырын емес. Бірақ, әлгі эпизодтан басқа жұдырық сермескен ешкім жоқ. Екі ойыншы да алаңнан қуылып, бәрі сабасына түсті.

Міне, әлгі эпизодты толық суреттемесі осындай. Дегенмен, «Мақсат жастарға басқаша үлгі көрсетуі қажет еді» деп жатқандар да бар. Ау, сонда алдыңда 19 жастағы бала әкіреңдеп, қолын сілтеп жатса, бас бұғып қашуы қажет пе еді? Қулыққа басып, құлай салатындай бұл еурокубоктың ресми ойыны емес, жолдастық кездесу. Керісінше, осы арқылы Байжанов өзге командаластарына қосымша рух бере білгенін атап өткеніміз жөн. Батыл капитанына сая тапқан әріптестері де ертең маңызды текетірестерде аяқ тартпайтын болады. Ал егер осыған болар, ертең бас жаттықтырушы Стойчо Младенов Мақсатты капитандықтан айырып, қосалқы құрамға отырғызып жатса, онда болгар бапкерінің әлсіздігі деп білеміз. Бірақ, Младенов ондайлардың санатынан емес. Байжанов керісінше, өзінің қызылордалық команданың нағыз капитаны екенін лайықты дәлелдеп берді.

Жалпы, футболшылардан жиі еститінбіз. 2006-2008 жылдар аралығында «Қайсар» сапында ойнап, капитандық міндетті атқарғанда Мақсат өзінің жастығына қарамастан алаңда да, алаң жиегінде де беделді болып, әріптестерінің алдында сыйлы болған екен. Өзгелері айтқанын тыңдап, легионерлер құрметтеп, санасқан деседі. Дегенмен, ол өзі бастап килігетін футболшылардың қатарынан емес.

ҚАЙСАР – БАНАНЦ 2:0 (бейнешолу) 


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика