«Ертіс» өткен маусымды әупіріммен аяқтаған. “Қалтасы” жұқа болып, маусым барысында бірнеше ойыншысы басқа командаларға аусып кетті. Әйтсе де, болгар маманы Димитар Димитров қарамағындағы санаулы ойыншыларға өрімдей жастарын қосып, ел чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
Маусым аралығында «Ертістен» көптеген ойыншылар кетіп қалды. Атап айтқанда, Мұртазаев («Астанаға»), Ахметов («Қайратқа»), Дәуітов («Ақтөбеге»), Цирин («Қайсарға»), Игнасио Эррера («Нефтчиге», Баку), Керла («Железничарға»), Фрейдгеймас («Жальгириске»), Аяғанов («Оқжетпеске»), Сартаков («Тобылға»), Ли («Атырауға»), Фалль, Ирсак, Джаллоу, Григалащвили сынды ойыншылары басқа командаларға ауысты.
«Ертіс» құрамын толықтыруды сәл кештеу бастады. Ол түсінікті де. Қаражат әлі қолбайлау болып тұр. Әйтсе де, Димитар Димитровтің өзіне нағыз қажет, пайдалы ойыншыларды жазбай танитын қасиеті бар. Кеште болса, құрамына тәжірибелі ойыншыларды тарта бастады.
Бұл ретте Дарабаев («Қайрат»), Кислицын («Оқжетпес»), Воротников («Тараз»), Калинин («Жетісу»), Калмыков («Қызыл-Жар») сынды біздің елге танымал ойыншылармен құрамын толықтыра түскендігін бөле-жара айта кетуге болады.
Қаңтардың аяғында 30 жастағы Франк Джа Джеджемен келіссөздер жүргізіп, келісімге келгендей еді. Кот-д'Ивуара тумасы Франциядағы ПСЖ клубының түлегі екен. Бірақ бұл команданың сапында төрт-ақ ойын өткізген. Бірақ соңғы жаттығу жиынында көрінбеді...
Жалпы, ол «Брест», «Гренобль», «Страсбур», «Ванн», «Арль-Авиньон», «Ниццу», «Черноморец» (Украина), «Сарпсборг 08» (Норвегия), «Динамо» (Минск, Беларусь), «Хиберниан» (Шотландия), «Аль-Шахания» (Катар) командалары сапында ойнаған.
Ал осыдан бірер күн бұрын Бразилияның 29 жастағы жартылай қорғаушысы Родриго Антонио до Насиментомен келісімшартқа отырды. Ол еркін агент ретінде Израильдің «Бней Сахнин» клубынан келді. Ол «Васко да Гама» клубының түлегі екен.
2006 жылы осы әйгілі клуб сапында алғашқы ойынын өткізген. Родриго Антонио сонымен қатар «Брешиа» (Италия), «Маритиму», «Беленесеш», «Ольяненсе» және «Пасуш де Ферейра» (бәрі де – Португалия), «Ипатинга» (Бразилия) командалары сапында өнер көрсеткен.
Ал кеше Францияның камерундық шабуылшысы Серж Бандо Н'ганбемен бір жылға келісімшартқа отырды. 28 жастағы футболшы былтыр ғана Көкшетаудың «Оқжетпесі» сапында ойнап, 28 матчта 9 гол соққан болатын. Бұған дейін «Олимпик», «Сент-Анн Шатильон», «Жюра Зюд Фут», «Монсо Бургонь» және «Вильфранш Божоле» клубтарында ойнаған.
«Ертіс» оқу-жаттығу жиындары барысында бірнеше ойыншыны сынақтан өткізіп көрді. Біразын кері қайтарып та жіберді. Әрі жолдастық кездесулер өткізіп, ойын өрнектерін жетілдіре түсуге де тырысып жүр:
«Ертіс» – «Славия» (София, Болгария) – 1:3
«Ертіс» – «Ягеллония» (Польша) – 1:1
«Ертіс» – «Сегед» (Венгрия) – 2:0
«Ертіс» – «Будучность» (Црна Гора) – 0:1
«Ертіс» – «Трепча 89» (Косова) – 2:3
«Ертіс» – «Нефтехимик» (Ресей) – 2:3
«Ертіс» – «Ньиредьхаза Спартакуш» (Венгрия) – 1:1
«Ертіс» – «Алашкерт» (Армения) – 1:0