Вернуться к списку статей

2017 жылдың ең ірі футбол бәсекелері

Футбол
2K
2017 жылдағы ең ірі футбол бәсекелері
Өткен жыл футбол жанкүйерлерін зеріктірген жоқ. Ел чемпионатында біраз қызықтардың куәсі болдық. Ұлттық құрамаға жанкүйер болып, Еуропа лигасында «Астана» футбол клубы үшін тақым қыстық. Одан бөлек, Францияда өткен «Кәртамыс құрлық» додасын тамашаладық. Ал биыл жанкүйерлерді қандай қызықтар күтіп тұр. Күнкестеге көз жүгіртіп, 2017 жылдың ең ірі бәсекелерін тізіп шықсақ.

Ішкі чемпионат


Жаңа маусымда да "Астана" мен "Қайраттың" текетіресін көреміз бе?

Қазақстан Суперкубогы (наурыз айының бірінші жартысы)

Суперкубок ойыны арқылы елімізде футбол маусымы ресми түрде ашылады. Сондықтан, бұл матч өте маңызды, әрі қызықты болатыны сөзсіз. Ел чемпионы «Астана» мен кубок иегері «Қайрат» кездеседі. Ойын оңтүстік астанамыздың Орталық стадионында өтпек. Бір сөзбен айтқанда, наурыз айында Алматыға жолыңыз түсіп жатса, міндетті түрде осы ойынды көріп қалуға тырысыңыз.

Қазақстан Премьер-лигасы (наурыз – қараша)

Биыл Қазақстан Премьер-лигасында 12 команда. Әдеттегідей «Астана» мен «Қайраттың» текетіресін тамашалайтын боламыз. Үш жыл қатарынан ел чемпионы атанып келе жатқан елордалықтарды Алматының командасы тоқтата ала ма? Міне, ел чемпионатын тым болмаса, осы үшін ғана тамашалауға болады. Сондай-ақ, Премьер-лиганың дебютанты «Алтайдың» да маусымды қалай өткізетіндігі көпшілік жанкүйерлерді қызықтыратыны анық.

Қазақстан кубогының финалы (қыркүйек немесе қараша)

«Қазақстан кубогының финалын қай айда өткізген дұрыс?» деген сұраққа ел футболының басшылары әлі де нақты жауап таба алмай келеді. Дегенмен, қай айда өтсе де ел кубогының финалы жанкүйерлер үшін әрқашан да қызық болатыны сөзсіз. Мысалға, қыркүйек айында өтер болса, финалда шын мықтыны көруіміз ғажап емес. Ал қарашаға қалдырылса, «қардағы футбол» да айтып жүрерлік әңгіме болатыны даусыз.

Клубтық турнир


"Астана" үшін биыл да тақым қысамыз

Чемпиондар лигасы

Дәстүр бойынша биыл да Чемпиондар лигасының іріктеу турнирі маусым айының соңында басталуы тиіс. Қазақстан атынан ел чемпионы «Астана» қатысады. Дегенмен, рейтингімізге байланысты бірден екінші іріктеу кезеңінен бастаймыз. 2015 жылы елордалықтар турнирдің топтық кезеңіне шыққан. Биыл да сол ерлікті қайталағысы келеді. Сондықтан, «Астананың» ойындарын бірге тамашалап, жанкүйер болайық. Егер іріктеу додасын өтіп жатсақ, қыркүйек айы мен желтоқсан аралығында топтық турнирде «Реал», «Барселона», «Челси», «Бавария» сынды командаларға қарсы ойнаймыз.

Еуропа лигасы

Мұнда ел намысын Алматының «Қайраты», Павлодардың «Ертісі» және Шымкенттің «Ордабасы» командасы қорғайды. Әлбетте, бәрі үшін тақым қысамыз. Алайда, алматылықтарға артылып отырған үміт ерекше. Бірнеше жыл қатарынан Еуропа лигасының іріктеу кезеңінен өте алмай келе жатқан «Қайрат» биыл қалай да топтық турнирге жолдама алуды көздейді. Сондықтан, олардың бұл додадағы әрбір ойыны өте маңызды. Еуропа лигасының іріктеу кезеңі маусым айының соңында басталып, тамыздың екінші жартысында мәресіне жетеді. Ал топтық турнир қыркүйек пен желтоқсан аралығында өтеді.

Ұлттық құрама


Қазақстан ұлттық құрамасы биыл жанкүйерлерін қуанта ала ма?

2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасы

Армения – Қазақстан (26 наурыз), Қазақстан – Дания (10 маусым), Қазақстан – Қаратау (1 қыркүйек), Польша – Қазақстан (4 қыркүйек), Румыния – Қазақстан (5 қазан), Қазақстан – Армения (8 қазан).

Ұлттық құрамамыздың 2017 жылдағы ең басты ойындары. Бас командамызды алты ойын күтіп тұр. Оның үшеуі түзде, үшеуі өз жерімізде өтеді. Әзірге матчтарды қай қаламыздың қабылдайтыны анықталған жоқ. Дегенмен, қайда өтсе де бұл кездесулерді асыға күтетініміз анық.

Футзал


Алматының "Қайраты" "Төртеудің финалын" қабылдайды

Төртеу финалы (сәуір-маусым)

Сәуір айының соңында оңтүстік астанамыздың «Алматы-Арена» спорт кешені футзалдан УЕФА кубогы аясындағы «Төртеудің финалын» қабылдайды. Алматыға Испанияның «Интері», Португалияның «Спортингі» және УЕФА кубогының соңғы жеңімпазы Ресейдің «Газпром-Юграсы» келеді.

Әлем футболы


Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың қайсысы үшін 2017 сәтті болар екен?

Жастар арасындағы әлем чемпионаты (20 мамыр – 11 маусым)

Оңтүстік Кореяның алты қаласында өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына 24 команда қатыспақ. Әзірге 13 команда белгілі. Оның бесеуі Еуропадан. Африка, Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтарының намысын қорғайтын командалар енді анықталады.

Еуропа лигасының финалы (24 мамыр)

Бұл турнирдің финалы биыл 24 мамырда Швеция астанасы Стокгольмнің маңындағы шағын ғана қалашық Сольнада өтеді. Қала кішкентай болғанымен стадионы үлкен. «Достар-Арена» деп аталатын бұл стадион 50 мың көрерменді сыйғыза алады. Әзірге бізді Еуропа лигасының 1/16-финалы күтеді. Басты фавориттер ретінде «Манчестер Юнайтед», «Зенит», «Лион», «Рома», «Фиорентина», «Шальке» сынды командалар аталуда.

Чемпиондар лигасының финалы (3 маусым)

Чемпиондар лигасының 1/8-финалы ақпанның 14-і күні басталады. Қазір бұл турнирде 16 команда қалды. Ал финал 3 маусымға жоспарланған. Уэльс астанасы Кардиффтің «Миллениум» стадионында өтеді.

Жастар арасындағы Еуропа чемпионаты (16-30 маусым)

Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі биыл Польшаның төрт қаласында өтеді. Финалдық додада барлығы 12 команда.

Конфедерация кубогы (17 маусым – 2 шілде)

Конфедерация кубогын стадионнан тамашалағыңыз келсе, Ресей тиіп тұр. Ойындар Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочи және Қазан қалаларында өтеді. Алты құрлықтың үздіктері (Португалия, Чили, Мексика, Аустралия, Жаңа Зеландия) және әлем чемпионы Германия мен дода қожайыны Ресей қатысатын бұл турнир 2018 жылғы әлем чемпионатының қарсаңындағы үлкен мереке болмақ.

УЕФА Суперкубогы (8 тамыз)

Чемпиондар лигасының жеңімпазы мен Еуропа лигасының үздігі текетіреске түсетін УЕФА Суперкубогы биыл тамыздың 8-і күні Македония астанасы Скопьеде сиымдылығы 36 мың көрерменді құрайтын ІІ Филипп атындағы стадионда өтеді.

Клубтар арасындағы әлем чемпионаты (желтоқсан)

Ал жыл әдеттегідей клубтар арасындағы әлем чемпионатымен қорытындыланады. Турнир бас демеушісі «Тойота» корпорациясының елі Жапонияда өтеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика