Конго Демократиялық Республикасы құрамасы мен «Астана» футбол клубының шабуылшысы Джуниор Кабананга ХХХІ Африка ұлттары кубогында төрт-ақ ойын өткізді. Әйтсе де, үш гол соғып, мәртебесі жоғары доданың сұрмергені атанды. Габон жасыл алаңдарында өткен Африка кубогында Кабанангадан асар ешкім болмады.
Негізі, онда Англия, Испания, Германия, Франция, Италия, Португалия, Нидерланды, Бельгия, Түркия, Ресей чемпионаттарынан келген шабыулшылар болды. Африка, Азия, Солтүстік Америка елдерінен келген мергендер де жетерлік еді. Солардың алды алты ойыннан өткізді. Бірақ ешқайсысы да Кабанангадан асып түсе алмады.
Садио Мане (Сенегал, «Ливерпуль»), Андре Айю (Гана, «Вест Хэм»), Пьер-Эмерик Обамеянг (Габон, «Боруссия Д»), Мохаммед Салах (Египет, «Рома»), Наим Слити (Тунис, «Лилль»), Ислам Слимани және Рияд Махрез (екеуі де – Алжир, «Лестер»), Преджюс Накулма (Буркина-Фасо, «Кайзериспор») сынды танымал футболшылар да екі голдан ғана соғыпты.
Өкінішке қарай, Конго Демократиялық Республикасы өз тобынан оңай шыққанымен, әрі қарай жолы ауыр болып, жеңіліске ұшырады. Ширек финалда Гана құрамасына тап болды. Егер плей-офф торының екінші жағына түскенде, жүлдеге ілігіп қалуы да ықтимал еді. Онда Кабананганың да тағы бір-екі гол соғатын мүмкіндігі болар еді-ау...
Айтпақшы, ХХХІ Африка ұлттары кубогында Камерун құрамасы жеңімпаз атанды. Египет ерлері екінші орынды еншілеп, қола жүлде Буркино-Фасо баһадүрлеріне бұйырды. Гана жүлдеден тыс қалып, төртінші орынды қанағат тұтты.
Әйтсе де, Кабананга өзінің әлеуеті жоғары екендігін паш ете білді. Әрі Қазақстан чемпионатында да гол соғудың қас шеберлері ойнайтындығын дәлелдеді. Сонымен қатар, ХХХІ Африка ұлттары кубогының қорытындысы бойынша, ресми түрде жарияланған таңдаулы құрама сапына ілікті:
қақпашы – Фабрис Ондоа (Камерун);
қорғаушылар – Кара Мбодж (Сенегал), Ахмед Хегази (Египет), Майкл Нгаде-Нгаджи (Камерун);
жартылай қорғаушылар – Шарль Каборе (Буркина-Фасо), Даниэль Амарти (Гана), Бертран Траоре (Буркина-Фасо), Кристиан Атсу (Гана), Мохаммед Салах (Египет);
шабуылшылар – Кристиан Бассогог (Камерун), Джуниор Кабананга (Конго ДР).
Қазір «Астана» клубы Түркияда жаңа маусым алдындағы екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Кабананга әлі елордалықтар сапына қосылған жоқ. Африка кубогы додасынан кейін үйіне аттанды. Алдағы уақытта өз клубына баруы керек. Алайда клуб басшылары оны Еуропаның қалталы командаларының біріне сатып жібрсе, оған таң қалмаймыз. «Темірді қызған кезінде соқ» деген мәтел бәрін бәріміз де білеміз...