Вернуться к списку статей

Күнә мен кінә – Қазақстан футбол федерациясы және “Алтай”

Футбол
2K
Танымбелгілер kff.kz және fcaltay.kz сайттарынан алынды
Өткен аптаның аяғында Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті «Алтай» футбол клубын чемпионаттан (премьер-лигадан) ресми түрде аластатты.

Себеп және уәж... Айып және айғақ...

ҚФФ «Алтайды» премьер-лигадан аластатуының немесе шығарып тастауының үш түрлі ресми себебін көлденең тартқан болатын. Олар – Шығыс Қазақстан облысы клубының балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол орталығы жоқ екен; аталған клубтың қосалқы құрамы да жоқ; аймақтық федерация сапында үш жылдық мүшелігі де жоқ.

Көп ұзамай «Алтай» футбол клубы өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы жауап берді. Оларға сенсек, Шығыс Қазақстан облысы клубының балаларға арналған академиясы бар екен. Онда 450-ден астап жеткіншек доп теуіп жүрген көрінеді.

Бұл академиядағы балаларды УЕФА лицензиясы бар Испания жаттықтырушылары баптап жүрген көрінеді. Ал федерацияның соңғы екі себеп-сылтауын «Алтай» клубы мойындайтындай. Ал соңғысы бойынша мүлде түсіне де алмайтындай. Себебі бұл клуб 2016 жылы құрылған. Қалай ғана үш жылдық мүшелігі болуы керек?!

Кім кінәлі, кім кінәлі...

Әрине, Қазақстан чемпионатының бекітілген регламенті бар. Әрі ол бәріне – ортақ. Соның ережелері мен қағидаларын қатаң қадағалау керек. Орындау керек дегендей. Оны мүлде бұзуға болмайды.

Бірақ бір түсініксіз тұсы... Қазақстан футбол федерациясы неге осындай регламент қағидаларына сай емес клубқа былтыр «Өтпелі матчта» ойнауға құқық, мүмкіндік берген?! Мұндай команданы премьер-лигада өнер көрсету құқығы сарапқа салынатын матчқа да маңайлатпау керек қой!

Әлде «Тараздан» ұтылып қалады деп ойлаған ба? Неге осындай лайықсыз командаға премьер-лига жолдамасына таласуға мүмкіндік берілген? Біз түсінбейтін тұсы осы! Неге? Ал Өтпелі матч 2016 жылы 5 қараша күні өткен болатын. Содан бері не ойлаған?!

Жарайды, «Алтай» Өтпелі матчта «Тараздан» ұтылып қалмай, премьер-лига жолдамасын жеңіп алды дейік. Неге сол кезде бірден клубқа нақты талаптар қойылмаған?! Мәселен, «кешіріңіздер, бірақ сіздердің премьер-лигада ойнауға құқықтарыңыз жоқ» деп дәл сол мезетте неге кесіп айтпаған?!

Неге осы мәселе қараша, желтоқсан айларында шешілмеген? Неге ақпан айына дейін созылған? Желтоқсанның аяғында ҚФФ Атқару комитеті премьер-лигада 12 команда ойнайтындығын ресми түрде бекітіп, нақты шешім шығарды. Сол кезде «Алтайдың» регламентке сай келмейтін клуб екенін ұмытқан ба, әлде барлық “шикіліктеріне” көз жұмған ба?

Өздеріңіз білесіздер, «Астана» футбол клубы үш жыл бойы Еурокубоктарға қатыса алмай жүрді. Регламенттен аттап кете алмайды. Шыдады, төзді. Үш жылдан кейін ғана Еурокубок додаларында бақ сынай бастады. Сол сияқты, «Алтай» да регламенттен үлкен емес. Тек, неге әу баста «Өтпелі матчта» ойнауға рұқсат берілген?!

«Алтай» сапындағы ойыншылардың обалы кімге?

Ал «Алтай» алаңсыз алдағы маусымға дайындалды. Құрамына тіпті жаңа ойыншылар алды. Маусым аралығында Шығыс Қазақстан облысы клубы өз құрамын Молдақараев, Жұмасқалиев, Григоренко, Касьянов және Диарра сынды ойыншылармен нығайта түсті.

Ол, ол ма? Сонау Болгариядан білікті маман шақыртылып, бас бапкерлік тізгін Илиан Илиевтің қолына ұстатылды. Енді бұл футболшылар мен бас бапкер қайтпек?! Олар енді «Алтайды» сотқа берулері керек пе? Екі ортада солар зардап шегіп қалмай ма?..

Жасұлан Молдақараев – былтыр ұлттық құрама сапына шақыртылғын футболшы. Сенім артып жүрген жігіттеріміздің бірі. Нұрбол Жұмасқалиев – ел футболының құрметті ардагері. Әр футболшы өз алдына – бір тағдыр. Бәрінің де отбасы, бала-шағасы бар дегендей...

Қазақстан футбол федерациясы – Қазақстанда футболды басқаратын, бақылау жүргізетін және дамытумен айналысатын ұйым. Әрі жаңадан шаңырақ көтерген клубтарға сүйеу болып, білмегенін айтып, дұрыс жолға салып отырғаны дұрыс шығар.

Ал бізде қалай? Футбол ойнаймыз, осы спорт түрі тұралап қалған аймақта аяқдоп өнерін дамытамыз деген адамдарды қолдамай, кеуделерінен кері итереміз бе? Регламент бар деп, тоқпақтай беру, ұпайларын шегеріп, чемпионаттан аластату онсыз да керенау футболымызды дамытудың тиімді жолы ма?

Шұғыл шешім

Енді қараңыз, 2 ақпан күні Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиналысы өтті. Онда премьер-лига додасының, 2017 ел чемпионатның ойындар күнтізбесі түзіліп, отандық басылымдарда жарық көрді. Адалмыш күнтізбеге «Алтай» клубы да енгізілген.

Ал ертеңінде, яғни 3 ақпан күні Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті «Алтай» футбол клубын чемпионаттан (премьер-лигадан) ресми түрде аластатты. Сонда бір күннің ішінде осындай шешім қабылданған болып отыр...

Бәлкім, Қазақстан футбол федерациясы «Алтай» клубын құлағдар етіп, ескерту жасаған да шығар. Бірақ көпшілік алдында бұл жаза бір-ақ күнде жүзеге асылғандай болып шықты. Жоғарыда жазғанымыздай, Шығыс Қазақстан облысы клубының басына бұлт төнгенін 2 ақпанда ғана білдік. Ал ертеңінде шешім қабылданды...

Біз бұл жерде «Алтайды» жақтап, федерацияны даттап отырған жоқпыз. Тек «Алтай» клубының былтыр күзде «Өтпелі матчта» премьер-лига жолдамасына таласқанына таңбыз. Клубтың регламентке сай келмейтін, бақандай үш кемшілігі бар екенін біле тұра, оларға қалай ғана премьер-лига жолдамасын сарапқа салуға мүмкіндік берілген?! 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика