Вернуться к списку статей

Қазақстан футбол федерациясы – Жаңа басшылықтың мойнына жүктелер жеті міндет

Футбол
2K
Қазақстан футбол федерациясы – Жаңа басшылықтың мойнына жүктелер жеті міндет
«Жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады» деген сөз бар ғой. Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылығын алдағы жылы талай жұмыс күтіп тұр. Өткен басшылықтан «сыпырылмай» қалып қойған былық көп. Осыған орай, біз ел футболының тізгінін ұстайтын жаңа басшылыққа мынадай міндеттер артып отырмыз.

Ел футболы 2018 жылды жаңа басшылықпен бастайды. Бұған дейін бас хатшының қызметін атқарған Қаныш Әубәкіров «отбасылық шаруалары шығып қалып» қаңтардың 1-інен бастап қызметінен кететін болды. Енді Атқару комитетінің келесі мәжілісі өткенше ҚФФ бас хатшысының қызметін Азамат Айтқожин атқарады.

Әзірге тізгінді кімнің ұстайтынын айта алмаймыз. Дегенмен, ҚФФ Жарлығы бойынша, ел футболын бас хатшы басқаратындықтан біз төмендегі міндеттерді жаңа бас хатшының мойнына артамыз.

Ұлттық құрамаға білікті бапкер тағайындау


Қазақстан футбол федерациясына бас хатшы болып Қаныш Әубәкіров келгенде көп ұзамай ұлттық құрамаға ресейлік маман Александр Бородюкті әкеліп, 3 жылға келісімшартқа отырды. Бородюк бас командамызды қатырған жоқ. Бір жылда жеті ойын өткізіп, алтауында жеңілді де, бір ғана матчта тек ойнады. Соның кесірінен ұлттық құрамамыз ФИФА рейтингісінде де төмендеп, 98-орыннан 137-сатыға бір-ақ сырғыды. Әлбетте, мұндай нәтижеге жанкүйерлер риза емес. Олар Бородюктің орнынан кетуін талап етуде. Егер тағы қалдыратын болса, жанкүйерлер Федерация басшылығын кешірмейді. Сондықтан, жаңа басшылыққа жаңа білікті бапкер табу керек. Оның үстіне, әлі екі жыл келісімшарты бар Бородюк те оңай кеткісі келмейтіні анық, кеткеннің өзінде өтемақы үшін аз ақша талап етпейтіні тағы бар. Оңай емес, әрине. Алайда жаңа басшылыққа Александр Бородюкпен де артық шығынсыз қоштаса білуі керек.

Ұлттық құраманың жолдастық кездесулерін бекіту


Қаныш Әубәкіровтің кезінде 2017 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы бір ғана жолдастық кездесу өткізді. Онда да ол оған дейінгі басшылықтың атқарып кеткен жұмысының нәтижесі болса керек. Ал 2018 жылы қай құрамалармен қашан жолдастық кездесулер өткізеріміз әлі белгісіз. Іргеміздегі өзбектердің өздері Иран және Марокко сынды Әлем чемпионатының қатысушыларымен жолдастық кездесулер жайлы келісіп қойғанда, біз ай қарап әлі жүрміз. Әдетте ақпан-наурыз айларында Жерорта теңізінің жағалауын жағалайтын ұлттық құрамамыздың жиындарынан да еш хабар жоқ. Әлде тоғыз ай бойы демалып, қыркүйек айында бірден Ұлттар лигасының ойындарына кірісіп кетеміз бе? Әлбетте, ұлттық құрамамызға спарринг-қарсыластардың әлі бекітілмегеніне кетіп бара жатқан басшылық кінәлі. Дегенмен, кінәлілерді іздеп жататын уақыт жоқ. Шұғыл арада ұлттық құрамамыздың келесі жылғы жоспарларын жасау керек. Ақпан немесе наурыз айларында өтетін алғашқы жиында екі жолдастық ойын өткізуге болады. Одан кейін маусым мен тамыз айларына да бір-екі кездесулерден керек деп ойлаймыз.

«Футбол үйінің» құрылысын аяқтау


УЕФА-ның арнайы бөлген 8 миллион евросының арқасында 2016 жылы Қазақстан футбол федерациясының сол кездегі президенті Ерлан Қожағапанов «Футбол үйінің» жобасын таныстырған болатын. 2017 жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда, құрылысы әлі аяқталған жоқ. ҚФФ тізгінін уақытша ұстаған Азамат Айтқожин жақында нысанның құрылысымен танысып қайтты. Бірақ, қашан аяқталатынын айтқан жоқ. Жаңа басшылықтың алдында осы «Футбол үйін» сиырқұйымшақтандырмай, құрылысын ертерек аяқтау міндеті тұр.

Футзал мен әйелдер футболын дұрыс жолға қою

 

Ниеттің аздығы ма, әлде ынтаның жоқтығы ма, әйтеуір бізде футзал мен әйелдер футболы шет қалып қойып жүр. Былтыр футзалдан Еуропа чемпионатының іріктеу додасын Алматыда қабылдады. Сонда ұлттық құрамамыздың ойыншылары жетімнің балаларындай күй кешіп, формасыз қалып қойды. Оқу-жаттығу жиындарын оңдырған жоқ. 2018 жылдың басында бізді Словенияда Еуропа чемпионатының күтіп тұрғанын ескерсек, футзалшыларымызды қазірден баптау қажет-ақ. Ал футзалдан ел чемпионатында небәрі 7-ақ команда бар. Онда да өз қолы өз аузына жетіп отырғаны үшеу ғана.

Әйелдер футболының халі мүлдем мүшкіл. Ел біріншілігіне биыл бес-ақ команда қатысты. Оның үшеуі Шымкенттің намысын қорғаған. Соның нәтижесінде ұлттық құрамамыз да әр матчында жеңілістің кермек дәмін татып жүр.

Бәлкім, жанкүйерлердің қолдауын тапқан бұрынғы бастаманы қайта қолға алып, футзал мен әйелдер футболын Премьер-лига клубтарының құрылымына қосқан дұрыс шығар. Сонда командалар да, ойыншылар да көбейер еді.

Бұқаралық футболды дамыту


Бұқаралық футболды дамытуды аймақтық федерациялар ғана емес, Қазақстан футбол федерациясы да мойнына алу қажет. Мәселен, әуесқойлар арасындағы қала біріншіліктері еліміздің барлық аймақтарында өтетіні мәлім. Мұндай чемпионаттар әсіресе Астана мен Алматыда жақсы дамыған. Дегенмен, Қала біріншілігінің жеңімпаздарында бұдан басқа мақсат жоқ. Өз қазанында ғана қайнап жүрген жігіттер. Қала чемпионы оларға ешқандай мәртебе бермейді. Рас, жыл сайын әуесқойлар арасындағы республикалық турнир жыл сайын өтіп тұрады. Бірақ, ол екі-үш күндік, ары кетсе бір апталық турнир ғана. Оның өзінде оған кез-келген әуесқой командалар қатыса береді.

Біздің ұсынысымыз мынадай: Тек қала чемпиондары ғана қатысатын республикалық турнир керек-ақ. Ал сол турнирдің жеңімпазына Қазақстанның Екінші лигасына жолдама беру қажет. Әлбетте, ол үшін ҚФФ жергілікті әкімдіктермен жақсы байланыс орнатып, әлгі әуесқой команданы солардың мойнына жүктеген дұрыс. Құрамында бапкерлер алқасы мен футболшыларын қосқанда 30-дан сәл ғана асатын командаға жалақы төлеп тұруға жергілікті әкімдіктердің шамалары жететін шығар.

Балалар футболын дамыту


Оқытамыз, шоқытамыз деп, ол жаққа жіберіп футболды миларына тоқытамыз деп, балаларымызды Бразилияның «Оле Бразиліне» жібердік. Нәтижесі кәне? Сол жаққа барып, вундеркинд болып кеткен кімді білесіз? Ешкім жоқ. Ендеше ол жобаны жаба салсақ неміз кетеді? Керісінше, ол жақтан мамандар шақырып, ондай академияларды өзімізде көптеп ашу қажет. Әйтпесе, «Қайрат» пен «Оңтүстік» академияларының аяқдобымызды дамыту үшін аздық ететіні айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, «өзіміздің жобалар ғана дамысын» деп, өзгелер ұсынған бастамаларды тұншықтыра бермей, «Жас Қыран» сынды жобаларға қайта қолдау көрсеткен жөн.

Инфрақұрылымды дамыту


Егемендігімізге ширек ғасырдан асты, халықаралық деңгейде салған стадионымыз біреу-ақ. «Астана-Аренадан» басқа мақтанып көрсететін аренамыз да жоқ. Сондықтан, бір ғана «Футбол үйімен» шектелмей, Қазақстан футбол федерациясы басқа да алаңдарымызды көбейтуі қажет. Тым болмаса, әр облыс орталықтарындағы стадиондардың сапасын арттырып, халықаралық стандарттарға сай қылуға тырысу керек.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика