Вернуться к списку статей

"Астана" Ресейдің "Спартак" және "Краснодар" командаларымен жолдастық кездесулер өткізеді

Футбол
1K
«Астана» футбол клубының алғашқы оқу-жаттығу жиынын қашан, қайда өткізетіні және жиын барысында қай командалармен жолдастық кездесу ұйымдастыратыны белгілі болды.

Клубтың ресми сайты таратқан ақпаратқа сүйенсек, ел чемпионы жаңа маусымға дайындық барысында алғашқы оқу-жаттығу жиынын Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізеді. Қаңтардың 10-ы мен 30-ы аралығында өтетін жиын аясында елордалықтар үш жолдастық кездесу ұйымдастырмақ.

Алдымен 10 күндей жеке жаттығып, одан кейін жолдастық кездесулерге кіріспек. Қаңтардың 22-сінде «Астанаға» Ресейдің «Спартагы» спарринг-қарсылас атанады. Одан кейін 26 қаңтарда Ресейдің тағы бір командасы «Краснодарға» қарсы алаңға шығады. Ал жиынды 29 қаңтарда Словакия чемпионы «Жилинаға» қарсы ойынмен қорытындылайды. Қазір бұл елдердің чемпионаттарында қысқы үзіліс басталған. Маусымды ақпан айының ортасында бір-ақ жалғастырады. Сондықтан, бұл командаларға да ойын тәжірибесі аса маңызды.

«Спартак» – КСРО-ның 12, Ресейдің 10 дүркін чемпионы. Италиялық маман Массимо Каррера жаттықтыратын мәскеуліктер ел чемпионытының алғашқы бөлігін үшінші орынмен қорытындылады. Еурокубокте Чемпиондар лигасында ойнаған. Алайда, өз тобында «Ливерпуль» мен «Севильядан» аса алмай, үшінші орынмен қорытындылады. «Астана» секілді олар да Еуропа лигасының 1/16-финалында.

«Краснодар» да жас команда болғанымен Ресей чемпионатында сәтті ойнап жүр. 2008 жылы құрылған клуб биылғы маусымда ел чемпионатының қысқы бөлігін 4-орынмен қорытындылаған. Алайда, еурокубок додасы биыл Игорь Шалимов шәкірттері үшін сәтсіз болып, Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде Сербияның «Црвена Звездасынан» ұтылып қалған.

«Жилина» да Еуропа лигасындағы жорығын ерте аяқтаған. Дегенмен, Словакияның жеті дүркін чемпионы өз елінде сәтті ойнап жүр. Қысқы үзіліске «Жилина» турнир кестесінде екінші орынмен шықты.

Ал «Астананы» ақпан айында Еуропа лигасының 1/16-финалы күтіп тұр. Қарсыласымыз – Португалияның «Спортингі». Бірінші ойынды 15 ақпанда «Астана-Аренада» өткіземіз, жауапты матч 22 ақпанға Лиссабонда жоспарланған. Дегенмен, бас бапкері әлі белгісіз. Болгар маманы Станимир Стойловпен келісімсөздер әлі жалғасып жатыр.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика