Вернуться к списку статей

Бородюктің ұлттық құрамадағы тағдыры 7 қаңтарда шешіледі

Футбол
1K
Бородюктің ұлттық құрамадағы тағдыры 7 қаңтарда шешіледі

Бас хатшы Қаныш Әубәкіров Қазақстан футбол федерациясынан кеткеннен кейін ұлттық құрамамыздың бас бапкері Александр Бородюк те қызметінен босауы мүмкін. Оның тағдыры 7 қаңтар күні шешіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Қаныш Әубәкіров өз қызметінен кеше босатылды. Ресми мәлімдемеге сүйенсек, бас хатшының мұндай шешім қабылдауына отбасылық жағдайы себеп болыпты. Дегенмен, кеше Астанада өткен Федерацияның жаңа жылдық кешінде Әубәкіров те, жаңа бас хатшы Азамат Айтқожин де болған екен. Жә, айтпағымыз бұл емес.

Қаныш Әубәкіровпен бірге ҚФФ-тан ұлттық құрамамыздың бас бапкері Александр Бородюк те кетуі мүмкін. Бұл туралы ресейлік сайттар да жаза бастады. «Спорт-экспресс» басылымына сұхбат берген Бородюк 7 қаңтарда Астанаға ұшып келіп, Азамат Айтқожинмен кездесетінін айтты.

– Қазақстан футбол федерациясымен келісімшартым әлі аяқталған жоқ. Бірақ, өзім үшін бір шешімге келіп қойғанмын. Нақтысы еңбек демалысымнан шыққаннан кейін белгілі болады. 7 қаңтарда Астанаға ұшып, ол жақта ҚФФ-тың жаңа бас хатшысы Азамат Айтқожинмен кездесемін. Мені негізі бұл қызметке Қаныш Әубәкіров шақырған. Кеше ол отбасылық жағдайына байланысты қызметінен кетіпті. Дегенмен, оның орнын басқан Азамат Айтқожинмен де қарым-қатынасымыз жақсы. Өзара әңгімелесіп, бір шешімге келеміз деп ойлаймын. Бірақ, мен әлі Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерімін, - деді ресейлік маман.

Жалпы, ҚФФ-мен Александр Бородюк 2017 жылдың басында үш жылдық келісімшартқа отырған. Осы аралықта бас командамыз 7 ойын өткізіп, алтауында жеңілістің кермек дәмін татса, бір ойын тең аяқталған. Бородюктің кезінде ұлттық құрамамыз ФИФА рейтингінде 98-орыннан 137-ші сатыға дейін бір-ақ сырғыды.

Егер ҚФФ Бородюкпен келісімшартты үзер болса, онда ресейлік маманға біршама сомада өтемақы төлеуге мәжбүр болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика