– Бұл біз үшін жақсы тосын сый болды. Арызды қанағаттандырғандары үшін алғыс білдіреміз. Өйткені, бізді Екінші лигаға жібергенде Екібастұзда футбол біржола құруы мүмкін еді. Оның үстіне, Екінші лигада еш қызық жоқ. Кіл фарм-клубтардың турнирі. Барлық қызық Премьер-лига мен Екінші лигада. Сондықтан, орнымызды сақтап қалғанымыз үшін қуаныштымыз. Қазір Бірінші лигада 11 команда болды. Кім біледі, бәлкім қатарымыз тағы артатын шығар, - деді Виталий Иванович.
– Биыл «Екібастұз» Бірінші лигада екі-ақ ойында жеңіске жетіп, турнир кестесінде соңғы орын алды. Мұндай команданың Бірінші лигада қалуы қаншалықты әділетті?
– Иә, биыл біз үшін өте сәтсіз маусым болды. Әлбетте, бәрін қаржыға сілтеп қойған дұрыс емес шығар. Бірінші ретте бұған клуб басшылығы, өзім бастаған бапкерлер алқасы және футболшылар – бәріміз кінәліміз. Дегенмен, қаржы тапшылығы үлкен қиындық туғызды. Ақшаларын ала алмай, отбасын баға алмай, қара басының қайғысы басынан асып жатқан футболшыны қалай ойнатасың? Одан не талап етуге болады? Шынын айтсақ, маусым басында футболшылар үш айдай жалақысыз жүрді. Қазір де жағдайымыз жетісіп жатқан жоқ. Маусымның аяқталғанына біраз уақыт өтсе де футболшылар қазан айындағы айлықтарын әлі алған жоқ. Ал клуб қызметкерлерінің кейбіреуі қыркүйек айынан бері айлықсыз жүр. Онда да олар шілде айының жалақысын ғана алған.
– Клуб басшылығы не деп жатыр? Жалақыларын беретін түрі бар ма?
– Жаңа ғана директордың кабинетінен шықтым. Жаңа жылға дейін футболшылар да, клуб қызметкерлері де осы күнге дейінгі барлық жалақыларын алады деп уәдесін берді. Бәрі жақсы болады деп үміттеніп жүрміз.
– Енді келесі маусымда алдарыңызға қандай мақсат қоясыздар? Тағы да соңғы орын алып қалудан қорықпайсыздар ма?
– Ең бастысы – команданы сақтап қалу. «Екібастұзда» талантты футболшылар көп. Егер клуб құритын болса, біз сол таланттардың барлығын жоғалтамыз. Шыны керек, «Екібастұздың» бюджеті Бірінші лига клубтарының ішіндегі ең азы. Тіпті, Екінші лигадағы кейбір командалардың бюджеті де біздікінен әлдеқайда көбірек. Осы орайда, аймақ басшылығы біздің жағдайымызды түсініп, клуб бюджетін аз да болса көбейтеді деген үміттеміз. Футболшыларды қараусыз қалдыруға болмайды. Біздің аймақ үшін «Екібастұздың» рөлі өте зор. Өйткені, қалада жастардың футболдан басқа барар еш жері жоқ. Барлығы жақсы болады деген үміттеміз.