Аталған басылым болгар маманы Илиан Илиевтің Шығыс Қазақстанда қалмайтындығына бек сенімді сияқты. Олардың мәлімдеуінше, «Алтай» клубының жақында ғана тағайындалған, алдына биік мақсаттар қойған бас бапкері, яғни Илиан Илиев кәсіпқой футболдағы қызметін одан әрі жалғастыру үшін басқа клуб іздеуге мәжбүр болады екен...
Олар мұның себебін де қысқаша атап өтіпті. Себеп – осыдан екі күн бұрын «Алтай» клубының Қазақстан премьер-лигасынан аластатылуы. Енді Илиев жоғары мақсатқа көз тіккен һәм талпынған клуб іздейтін көрінеді-мыс...
Ал жұма күні кешкісін«Алтай» футбол клубының президенті С.Ж.Шайжүнісов жанкүйерлеріне арнап, «БАҚ арқылы біздің клубтың премьер-лигадан аласаттылғаны жайлы ақпараттар таратылуда, асығып даурықпаңыздар, сабыр сақтаңыздар, сәл шыдай тұрыңыздар, клуб басшылығы бұл мәселемен айналысып жатырмыз, нәтижесін бірден хабарлаймыз, ал клуб штаттық кесте бойынша алдағы маусымға дайындалып жатыр», – деп ресми мәлімдеме жариялаған болатын.
Кеше түнде тіпті «Алтай» Түркияда Ресейдің, нақтырақ айтқанда, Владивостоктың «Луч-Энергия» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 0:1 есебімен ұтылып қалды. Яғни клуб шынымен де, әлі алдағы маусым дайындығын жалғастырып жатыр.
Осы ойынан кейін «Алтайдың» бас бапкері Илиан Илиев аталған жолдастық кездесу туралы өз пікірін білдіріп, «Біз үшін бұл ойын жақсы сынақ болды, Жігіттер тырысып бақты, бірақ гол жіберіп алдық, өкінішке қарай, есепті теңестіре алмадық. Соңғы пас беруде қателіктеріміз бар. Бірақ алда әлі бір ай бар. Жаттығу жұмысын одан әрі жалғастырамыз, ең бастысы, бүгін ешкім жарақат алып қалған жоқ», – деген болатын.
Әрі қарай не болар екен?! «Алтай» балаларға арналған футбол орталығы бар екендігін, премьер-лига жолдамасын заңды түрде һәм спорттық принцип арқылы жеңіп алғандығын дәлелдеп шыға ма? Жоқ, әлде Қазақстан футбол федерациясының шешімі өзгеріссіз қала ма?