Қазақтың әйгілі футболшысын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Алматыдағы Орталық стадионда өтті. Оған еліміздің футболшылары, жаттықтырушылары, қайраткерлері, жанкүйерлері, қолдарына қалам-микрофон ұстаған журналистері жиналды.
Қаралы митингте Алматы қалалық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы, Қазақстан футбол федерациясының президенті, Кәсіпқой футбол лигасының президенті, басқа да спорт басшылары, Тимур Сегізбаев ағамызды жақсы білетін мамандар сөз сөйледі.
Қазақ футболының аңызы туралы жүрек тербер пікірлер, болмысы жайлы жылы сөздер айтылып, қас шеберлігі мен ел спортына сіңірген өлшеусіз еңбегі де тілге тиек етілді. Тимур Сегізбаевтың жай ғана Аңыз адам емес, еліміздің аяқдоп өнерінде алар орны ерекше, маңызы зор тұлға екендігіне көпшілік көз жеткізді.