Вернуться к списку статей

Кету үшін тағы не істеу керек?

Футбол
1K
Кету үшін тағы не істеу керек?
«Әне кетеді, міне кетеді. Орнына анау келеді, мынау келеді» деп жүргенде Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті бас хатшы Қаныш Әубәкіровті қызметінде қалдырыпты. Кету үшін тағы не істеу керек?

Алдымен 2011 жылы вице-президент ретінде Қазақстан футбол федерациясына бас сұғып алған Қаныш Әубәкіров кейін Ұлттық футбол лигасының директоры қызметін атқарды. Ал былтыр қыркүйекте ҚФФ-тың бас хатшысы қызметіне тағайындалды да, айналдырған екі айдың ішінде Федерация құрылымын түбегейлі өзгертіп, барлық билікті өз қолына қаратып алды. Бірақ, бұдан біздің футбол ұтты ма? Ешнәрсе ұтқан жоқ, өзгермеді де. Қайта ұлттық құрамамыздың ойыны құлдырап, Федерацияның өз ішінде алауыздық өршіп кетті. Сонда Әубәкіровке қызметінен кету үшін тағы не істеу керек?


Әлбетте, Федерацияның басқа да жұмыстары жетерлік. Бірақ, пирамиданың сонар басында ұлттық құраманың көрсеткіштері тұруы тиіс қой. Ал Қазақстан ұлттық құрамасы биыл жарытқан жоқ. Ең соңында жанкүйерлер стадионға барудан қалды. Астананың» ойындарында аншлаг жасайтын көрермендер ұлттық құраманы қолдамайтын да болды. Мәселен, жерлестеріміздің Арменияға қарсы кездесуге бар болғаны 12 мың көрермен ғана жиналды. Рейтингіміз де құлдырап, Байсуфинов көтеріп кеткен 98-орыннан 136-шы сатыға бір-ақ түстік. Әлбетте, бас команданың көрсеткіштеріне бірінші кезекте бас бапкер жауапты. Бірақ Федерация басшылығы да есеп беруі керек қой. Алайда, бұл да Әубәкіровтің қызметін босатуына себеп бола алмады. Сонда кету үшін басқа не істеу керек?


Әубәкіров бірінші кезекте ұлттық құрамаға Бородюкті әкелуімен әйгілі. Ақпан айында бас командамыздың бас бапкері болып тағайындалған ресейлік маман бір жылдың ішінде ұлттық құрамамыздың ойынын сол күйі жөнге қоя алмады. Оның алдында Юрий Красножан қойып кеткен тактика, Талғат Байсуфинов сіңірген жігер мен рухтың барлығы әдірем қалып, жеті ойында бір ғана тең есеппен шектелдік. Александр Гейнрихович әперген жалқы ұпай жыртығымызға жамау бола алған жоқ. Жанкүйерлер теріс айналып, мамандар өзгерістің керек екендігін айтып жатқанымен Әубәкіров әлі ойынан қайтар емес. Келесі жылға да қалдыратынын айтты. Осылайша Бородюк оның басты қателігі болды. Сонда кету үшін тағы не істеу керек?


2017 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы бір ғана жолдастық кездесу өткізіпті. Наурыз айында Ларнакада Кипрден 1:3 есебімен ұтылғанбыз. Онда да бұл бұрынғы басшылықтың келісіп кеткен жолдасдық матчы болуы да әбден мүмкін. Болды, басқа ешкіммен кездескен жоқпыз. Ұлттық құрамамыздың көрсеткіштерінің тым төмен болуының себебі осы да болуы ғажап емес. Қарсыластарымыз, басқа командалар жолдастық кездесу өткізіп, ойындарын ретке келтіріп жатқанда біздің футболшылар ел чемпионатында доп теуіп жүрді. Рас, бір ғана жолдастық кездесу өткізуіміздің себебін Премьер-лигада үзілістердің болмауымен түсіндіруге болады. Алайда, ел чемпионатын түзетіндер де сол Федерация мен Кәсіпқой футбол лигасы ғой. Өзара келісуге болмас па еді?... Мұның барлығы аз болғандай, қараша айында Лионель Месси бастаған Аргентинамен келісіп жатырмыз деп тағы бір күлдірді. Кейін аргентиналықтар Қазақстанды қарсылас ретінде қарастырып жатпағандығын мәлімдегенде барлық өтірігі әшкере болып, тағы бір ұятқа қалды. Бірақ, мұның барлығына қатысы жоқтай, Әубәкіров тағы да мойнымен көтеруден бас тартты. Сонда қызметінен кету үшін тағы не істеу керек?


Барлық бәле ұлттық құрама ойындарымен бітер болса жақсы ғой. Бірақ Әубәкіров Федерация ішінде де қызметкерлерінің жартысынан астамымен қырылысып бітті. Әуелі алғашқы Атқару комитетінің мүшелері бірінен соң бірі белгісіз себебтермен қызметтерінен кетіп жатты. Алдымен жарты ай өтпей жатып, Рафаэль Гарибян «тойғанын» мәлімдеді. Кейін Олжас Абраев та сөйтті. Бұл да соңы емес еді, ең соңында ұзақ уақыт дуэт құрған Әміржан Түсіпбековпен де шайқасып, оны да кетірді. Талғат Байсуфинов, Ғани Қайназаров, Игорь Утробин сынды тәжірибелі мамандары ресми түрде наразылықтарын білдірді. Қатардағы қызметкерлері де кететіндері кетіп, қалғандары үрпиісіп әзер жүр. Бірақ, мұның бірі де Әубәкіровке әсер етер емес. Сонда қызметінен кету үшін оған не істеу керек?

Жалпы, тізе берсең, Қазақстан футбол федерациясының өз шыжықтары мен былықтары жетерлік. Өзгерістің керек екенін, басшысының ауысқандығы дұрыстығын футболды түсінетіндердің барлығы да айтып жатыр. Алайда, ешкімнің де әлі келер емес. Кеше Атқару комитетінің отырысынан кейін Қаныш Қайдарұлының бұл қызметте тағы бір жыл отыратындығы белгілі болды. Қызық, сонда Әубәкіровке қызметінен кету үшін тағы не істеу керек?  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика