Вернуться к списку статей

Қазақстан Премьер-лигасы. Кімдер қымбаттады, арзандағандары қайсы?

Футбол
1K
Қазақстан Премьер-лигасы. Кімдер қымбаттады, арзандағандары қайсы?
Өткен маусым біраз футболшылар үшін сәтті болғанымен ойындары жүрмегендері де баршылық. Соған орай бірқатарының трансферлік нарықтағы бағасы өссе, енді бірінің құны түсіп кеткен. Бүгінгі тақырыбымызда өткен маусымда ойнаған футболшылардың бағаларына көз жүгіртіп көрсек деген едік.

Мәліметтердің барлығы transfermarkt.de сайтынан алынып отыр. Бейресми сайт болғанымен немістердің бұл жобасына әлемдік футбол мамандарының барлығы сүйенеді. Әлбетте, бағаларын дәл айтпағанымен футболшылардың нарықтағы орташа көрсеткіштерін көрсетіп береді.

Кімдер қымбаттады

«Астана» үшін сәтті аяқталған маусымда футболшыларының да бағалары біршама өскен. Қосалқы құрамдағы Владислав Прокопенко мен Берік Шайыховтан бастап, Дмитрий Шомко мен Патрик Твумасиге дейін құндары артқан. Соңғы екеуінің бұрынғы бағасына 800 мың евро қосылып, қазір бұлар нарықта 2 миллион евро тұрады. Әлбетте, бұл дегеніміз, сатылымға қойсаң, Твумаси мен Шомко дәл осы бағаға өтіп кетеді деген сөз емес. Егер ебін тапса, 2 млн. емес, 5 миллионға дейін сатуға болады.


Құндары түскен жігіттер

Алайда, әртүрлі жағдайларға байланысты бағалары түсіп кеткен футболшылар да бар. Бұлардың көшін «Астананың» тағы бір ойыншысы Марин Томасов бастап тұр. 2016 жылдың желтоқсанында хорват футболшысы 2,1 млн. тұрған екен. Елордалық клубқа да ол үлкен үмітпен келді. Жанкүйерлер де бұл легионерден көп нәрсе күтті. Бірақ, бастапқыда бұрынғы клубымен келісе алмағандықтан Томасов «Астана» сапында алаңға шыға алмай екі айдай жүріп қалды. Одан кейін команданың ойынына үйренісе алмай, тағы біраз уақытын жоғалтты. Соның барлығы Мариннің бағасының түсуіне әкеліп соқтырды да, қазір ол 1,7 млн. евро тұрады.


Ең қымбат футболшы

Дәл қазір ең қымбат футболшы – Дмитрий Шомко, Патрик Твумаси және «Қайрат» капитаны Бауыржан Исламхан. Үшеуінің де бағасы 2 миллион евро. Дегенмен, өткен маусымның ең қымбат ойыншысы «Қайрат» сұрмергені Жерар Гоу болды. Оның бағасы 2,5 миллион евроны құраған. Жалпы, ең қымбат 10 ойыншының төртеуі «Астанада», төртеуі «Қайратта» және екеуі «Ордабасыда» ойнайды екен.


Ең қымбат клуб – «Астана»

Маусым басында Премьер-лиганың ең қымбат клубы Алматының «Қайраты» болған. Алайда, еурокубокқа сәтті жорығынан кейін, оның үстіне, алматылықтар сапындағы Сесар Арзо, Иво Иличевич сынды ойыншылардың бағасы түскендіктен қазір бірінші орынға «Астана» көтерілді. Ал ең арзан клуб – Оралдың «Ақжайығы».


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика