Вернуться к списку статей

Батыстық тәжірибе немесе "Ертіс" бас бапкерді ғаламтордан іздейді

Футбол
1K
Батыстық тәжірибе немесе
Кеше «Ертіс» футбол клубының ресми сайтында ерекше ақпарат жарияланды. Еліміздің бес дүркін чемпионы бас бапкерді хабарландыру арқылы іздестіріп жатыр екен. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған бастама.

Клубтың ресми сайтында жарияланған хабарландыруда «бас бапкерлер байқауының» ережесі толыққанды көрсетілген. Ол екі кезеңнен тұрады. Желтоқсанның 5-і мен 11-і аралығын құрайтын бірінші кезеңде үміткерлер өздерінің өтінімдерін «Ертіс» футбол клубына жіберіп, қосымша ретінде хабарландыруда көрсетілген қосымша құжаттарды да тіркеу керек екен. Содан кейін арнайы комиссия өтінімдердің барлығын қарастырып, іріктелгендерін желтоқсанның 12-і мен 13-інде өтетін екінші кезеңге шақырады да, олармен жүзбе-жүз сұхбат құрады. Осылайша ең үздігі келесі жылы «Ертісті» жаттықтыруға мүмкіндік алады.

Дегенмен, байқауға кез-келгеннің қатысуына құқықтары жоқ. Ол үшін .үміткердің УЕФА-ның «Pro» санаттағы лицензиясы болуы қажет. Сондай-ақ, бұрын кемі 5 жыл қандай да бір елдің жоғарғы чемпионатындағы клубты жаттықтырған болуы шарт. Бұдан бөлек, халықаралық спорт жарыстарының ережелерін біліп, спорттық жаттығулардың заманауи методикаларын меңгерген болуың тиіс және қауіпсіздік пен еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі талаптарын білуің керек екен.

«Ертіс» футбол клубының бас бапкері қызметіне ниетті үміткерлерге қойылатын талаптар:

– УЕФА бапкерлер Конвенциясының мүшелік статусымен берілген қолданыстағы УЕФА («PRO» санатты) бапкерлік дипломы болуы шарт;

– Жоғары дивизиондағы (бұрынғы ТМД мен алыс шет елдердің) футбол командасының бас бапкері ретіндегі еңбек өтілімі ең кемі 5 жыл болу керек. Сонымен қатар, үміткердің бапкерлік жасаған командасының футболдан спорттық жарыстарда алған жүлделі орындары есепке алынады;

– Спорт саласындағы, соның ішінде футболға қатысты нормативтік құжаттарды білу керек; футболдан өтетін халықаралық спорттық жарыстардардың ережелерін, талаптарын және регламенттерін білу керек; спорттық жаттығулардың заманауи методикаларын жетік меңгеруі қажет; спорттық медицинаның негіздерін, медициналық бақылауды, допинг бақылауының реті мен антидопингтік ережерерді; спорттық шараларды өткізудегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі талаптарын білу керек.

Егер осы талаптарға сай келіп жатсаңыз, онда қатысып көріңіз. Бәлкім, байқаудан өтіп кетерсіз.


Дегенмен, елімізде бұрын-соңды болмаған бұл бастамаға сарказммен қарап отырғандар да аз емес. «Қазақстанның бес дүркін чемпионы бас бапкерді хабарландыру арқылы іздепті» деген жаман атқа қалады деп жазып жатқандар да бар. Алайда, әлемде мұндай тәжірибенің бұрыннан қолданылып келе жатқанын да айта кеткеніміз жөн. Мәселен, 2016 жылғы Еуропа чемпионатынан кейін Марк Вильмосты қызметінен босатқан Бельгия футбол федерациясы ұлттық құрамаға бас бапкерді ғаламтор арқылы іздеген болатын. Кейін бұл қызметке испан манамы Роберто Мартинес келіп, әлі күнге сәтті қызмет етуде. 2015 жылы Камерун футбол федерациясы да ұлттық құрамасына бас бапкердің керектігі жайлы «туиттерде» хабарландыру қалдырған. Сол сияқты, Кот д’Ивуар құрамасы да кезінде бас бапкерді осындай жолмен іздеген.

Жалпы, тізе берсең, әлем футболында мұндай мысалдар жетерлік. Сондықтан, «Ертіс» ФК басшылығының бұл қадамына таңғалуға болмайтын да шығар. Кім біледі, бәлкім, өздеріне лайықты жаттықтырушыны шынымен де ғаламтор арқылы тауып та қалар.  

Естеріңізде болса, 2014 жылы Қазақстан футбол федерациясының сол кездегі президенті Ерлан қожағапанов та ұлттық құрамаға бас бапкерді жаңа ерекше жолмен іздеп, жаттықтырушыны жанкүйерлердің дауыс беруі нәтижесінде анықтайтынын мәлімдеген болатын. Оның популистік мәлімдемесі бүкіл әлемге күлкі болған. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика