Вернуться к списку статей

Қазақстандық жаттықтырушы Литваның үздік бапкері атанды

Футбол
1K
Қазақстандық жаттықтырушы Литваның үздік бапкері атанды
Литва футбол федерациясы ел чемпионатының үздіктерін марапаттады. Үздік жаттықтырушы номинациясында қазақстандық бапкер Владимир Чебурин топ жарды.

Үздіктерді марапаттау үшін Литва футбол федерациясы ел астанасы Вильнюсте салтанатты кеш өткізіп, маусымды қорытындылады. Осылайша маусымның үздік ойыншысы номинациясы екінші жыл қатарынан ұлттық құрама капитаны және «Ягеллония» шабуылшысы Федорас Черныхқа бұйырса, Мяриямполенің «Судувасына» чемпиондықты әперген қазақстандық маман Владимир Чебурин үздік жаттықтырушы атанды.

– Биыл Литва футболы үшін сәтті маусымдардың бірі болды. Ел чемпионаты да қызықты өтіп, жеңімпаз соңғы турда ғана анықталды, - деді Литва футбол федерациясының президенті Томас Данилявичус.

Айта кетейік, Владимир Чебурин «Судуваны» 2016 жылдан бері жаттықтырады. Былтыр осы командамен ел чемпионатының қола жүлдегері атанып, Литва кубогының финалына шыққан. Биыл «Судуваға» бас жүлде әперді.


Соңғы турда «Судува» басты бәсекелесі, өздерінен бір ұпайға ғана артта келе жатқан «Жальгириспен» кездескен. Чемпион болу үшін Чебуриннің командасына тең есеп те жеткіліті еді. Алайда Мариямполе футболшылары вильнюстіктерді 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Осылайша 71 ұпаймен бірінші орынға ие болып, басты бәскелесінен 4 ұпайға озып кетті.

Бұдан бөлек, Чебурин баптаған «Судува» биыл Еуропа лигасында да көпшілікті таң қалдырған. Нақты айтсақ, Еуропа лигасының үш електік кезеңінен, плей-оффта ғана сүрінді. Енді келесі жылы Владимир Чебурин «Судуваны» Чемпиондар лигасына дайындайды. Кім біледі, мүмкін біздің «Астанамен» де жолы түйісіп қалуы ықтимал ғой.

Жалпы, Владимир Чебурин шетелдік командаға чемпиондық әперген алғашқы қазақстандық маман. Қарағандылық маман 2007-2010 жылдар аралығында еліміздің «Шахтерін» баптап, 2011 жылы екі жыл Көкшетаудың «Оқжетпесін» жаттықтырды. Одан кейін Литва чемпионатынан түскен ұсынысты қабыл алып, Пакриойис қаласының «Круоя» клубын баптады да, бірден күміс жүлде әперді. Бірақ келісімшартты созған жоқ. 2015 жылы Қазақстанға оралып, «Шахтердің» тізгінін қайта қолына алған. Ал 2016 жылы Литваға кетуге мәжбүр болды.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика